Аймақтар • 28 Мамыр, 2024

Жақсы май Жетісудан шығады

41 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Sarqan» маркілі сапалы өсімдік майы жетісулықтар­дың ғана емес, шетелдіктердің де көңілінен шығып отыр. «Сарқан Май» кәсіпорнының ашылғанына көп болмаса да, тұтынушылар саны жылдан-жылға ­артып келеді. Бүгінде өнімдері Қытай мен Өзбекстанға да ­экспортталады.

Жақсы май  Жетісудан шығады

Суретті түсірген – Дмитрий ЕРОФЕЕВ

Соя мен күнбағыс майын­, сондай-ақ күнжара шығаратын кәсіпорын осы бағытта жүйе­лі жұмыс істеп келеді. Күнба­ғыстың майын тазарту және құю желісі биыл наурыз айының соңында іске қосылыпты. Шынында, өсімдік майын өнді­ру­дің шикізат өңдеуден бастап оралған дайын өнімге дейінгі тұтас циклін жолға қойған мұндай кәсіпорынды өңірден таппайсыз. Сол үшін кәсіпорын нарықта бәсекеге қабілетті болып отыр. Зауыт бас­шы­лығы алдағы уақытта сұра­ныс арта берсе, жаңа өнім­дер шыға­ру­ға бейіл екенін жеткізді.

«Біз қазан айында күнбағыс өңдеумен айналыстық. Бұған дейін соямен жұмыс істегенбіз. Нау­рыз айының соңынан бастап дайын өнімдерді, яғни жоғары сорт­ты тазартылған күнбағыс майын шығара бастадық. Өңдеуге кіріс­келі бері шамамен 80 тонна өнім өндірілді. «Сарқан Май» зауытын­да шикізатты қайта өңдеп, өсімдік майын шығарамыз, ал Талды­қорғандағы екінші «Жеті­­су май» зауытында май қа­жет­ті тазар­ту сатыларынан өтеді, содан кейін өзіміз өндіретін 2 және 5 литрлік бөтелкелерге құя­мыз. Дайын өнімді әзірше Сарқан қала­­­сында сатып жатырмыз, сон­­дай-ақ Сарыөзек, Шеңгелді ауыл­­дары мен Үшарал, Текелі қала­­­ларына да жөнелтеміз. Біздің «Sarqan» күнбағыс майын «Фуд­­март» дүкендерінен табуға болады», дейді «Сарқан Май» ЖШС зауы­ты­ның директоры Дастан Тұраров.

Айтуынша, қазір өңірдегі «Тоймарт», «Светофор» секіл­ді ірі сауда желілерінің дүкен­дерімен келіссөз жүргізіп жатыр. Майды тікелей зауыттан­ да сатып алуға болады. Қазір көтерме бағада 5 литрлік май­дың құны – 2600 теңге, бөлшек сау­дада – 2750 теңге. Шикізат отан­дық болғандықтан құны төмен. Сондай-ақ өнім цис­тернамен де, бөтелкедегі дайын түрде де экспортқа шығады. Жаңа өнім «Ұлттық сараптау және сертификаттау орталығы» АҚ-да сертификаттаудан өткен.

«Қазіргі заманғы технология­ларды қолданудың арқасында біздің майымыз премиум сапасына ие. Жалпы, май тазартудан өтуі керек, оның қоспалардан, сапасы мен қасиеттерін тө­мен­­дететін ілеспе заттардан тазар­тылуы өте маңызды. Май өндіру үшін шикізатты негі­зінен Сарқан ауданындағы жер­гілікті шаруашылықтардан, Абай, Қостанай, Шығыс Қа­зақ­­стан облыстарындағы серік­тес­те­рімізден сатып аламыз. Шикі­зат жетіспей жатса, тіпті Ре­сей­­ден де аламыз. Бұдан ке­йін­гі даму жоспарлары тура­лы айтсам, зауыт толық қуатына жету үшін бірқатар пробле­ма­лық­ мәсе­лені шешуіміз керек», дейді «PCD Group» ЖШС атқа­ру­­шы дирек­торы Сатыбалды Шал­қа­ров.

Талдықорғандағы зауытқа газ жеткізуге жергілікті әкімдік қол­дау­ көрсетіп, жұмысты бір­шама жеделд­етіпті.

«Енді рафинадтау үшін жақын жерден жеткілікті мөл­шерде су қажет екен. Өкі­нішке қарай, оны әзірге тасы­малдауға тура келіп отыр. Ұңғы­маны бұрғыласақ па деп едік, бірақ оған да қа­ра­жат қажет. Осыған байланыс­ты жеңіл­­дікті кредит немесе грант алуға, әсіресе шикізат сатып алу кезінде мемлекеттің қол­­дауы­на жүгінсек дейміз. Кадр мәсе­­лесі де өзекті. Кәсіп­орын­­ға тамақ өнеркәсібінің инженер-технологтері қажет. Екі зауыт­­та 80-ге жуық адамды тұрақ­ты жұмыспен қамтып отырмыз, орташа жалақы –150 мың теңге», дейді зауыт басшысы.

2019 жылдан бастап Сарқан ауданы мен Талдықорған қала­сында екі зауытты іске қосу үшін «PCD Group» ЖШС инвес­тор компаниясы 4 млрд теңге­ге жуық жеке қаражат құй­ды. Қытай­дан құрал-жабдық әке­ліп, жаңғырту жұмыстарын жүр­гізді. Бүгінде майлы дән­дерді өңдейтін кәсіп­орын­ның өнді­рістік қуаты 100 тонна және тәулігіне 30-40 тонна май тазартуға қауқарлы.

Кәсіпорын Азияға да жол ашпақ ниетте. Қазір Ауған­стан­мен келіссөз жүргізіп жатыр. Алда­ғы уақытта сол жаққа өнім жет­кізуді жолға қоймақ. Сол үшін жақында іскерлік сапарға шы­ғып, өзара келісімге келуге бекі­ніп отыр.

«Егер шикізат пен қажетті мем­лекеттік қолдау болса, жос­парланған өндірістік қуаты­мыз­ға шы­­ғып қана қоймай, одан әрі дами түсеміз. Болашақта «ал­қап­тан тұтынушыға дейін» қағидаты бойынша берік тізбек құрғымыз келеді. Ең алдымен, жергілікті фермерлерден күнбағыстың барлық қажетті көлемін сатып алып, олардың өнімін өткізу мәселесін шешуге көмектессем деймін. Содан кейінгі мақсатым – шикізатты өңдеп, сапалы отандық өнім шығару, халықты қолжетімді бағада отандық өніммен қамту, экспорт көлемін ұлғайту», дейді С.Шалқаров.

Өңір әкімі баспасөз қыз­ме­тінің мәліметіне сүйенсек, биыл Жетісуда майлы дақыл алқабы 90 мың гектарға дейін артады. Оның ішінде 14 мың гектарға жуығы күнбағыс шар­уа­­шылығына тиесілі. Осы кө­лем­нің 7 880 гектардан астамы Сарқан ауданында өсіріледі. Бұл «Сарқан Май» зауыты үшін үлкен мүмкіндік болып отыр.

 

Жетісу облысы 

Соңғы жаңалықтар