Биыл Есіл ауданындағы үлкен суқоймаларының бірі Тораңғұл көлінде ылғал қоры өткен жылғымен салыстырғанда едәуір төмен, шамамен 26%-ға кем. Бұл көңілді орнықтыратын жайт. Бірақ былтырдан осынша кем болғанымен, басқа жылдармен салыстырғанда қалыпты жағдайда деп айтуға болады. Күннің қызуы күрт көтерілгендіктен, Есіл ауданындағы қар қалыңдығы қарқынды түрде азайып келеді.
«Қалған аудандарда да тәуекелдер негізінен жергілікті сипатта, олар еріген қар суларының келуі мен мұздың әлсіреуіне байланысты. Шағалалы өзенінде су деңгейінің аздап көтерілуі тіркелді, алайда бұл да өткен жылғымен салыстырғанда көп төмен. Мұз жамылғысы біртіндеп босаңсып келеді», деп жазды әкім әлеуметтік желідегі парақшасында. Осыларға қарап биыл тасқын бола қоймас десек те, табиғаттың тосын сыйына ешкім де кепілдік бере алмайды.
Су ресурстары және ирригация министрлігімен, сондай-ақ «Қазсушар» РМК Ақмола филиалымен бірлесіп қабылданған шешімге сәйкес ақпаннан бастап Сілеті суқоймасынан суды алдын ала жіберу басталған. Бұл су тасқыны кезеңін қауіпсіз өткізуді қамтамасыз етіп, су деңгейінің күрт көтерілуін тежейді. 25 наурыздан бастап ауа температурасының көтерілуіне байланысты көктемгі үдерістің белсенді кезеңі басталып кетті. Қазір жағдай тұрақты бақылауда. Барлық жауапты қызметтер күшейтілген режімде жұмыс істеп жатыр.
Өңірде тасқынның болу қаупі мен қабылданып жатқан кешенді шаралар «Amanat» партиясының СҚОФ жанындағы партиялық бақылау комиссиясының, өңірлік даму кеңесінің бірлескен отырысында да жан-жақты қаралды.
Қазір су басу қаупі бар аумақтар ерекше бақылауға алынған. Қала аумағында негізгі қауіп аймағы ретінде Заречный кенті белгіленген. Мұнда 6 көпқабатты тұрғын үй мен 90 жеке баспана бар. Жергілікті атқарушы органдар тұрғындарды қауіпсіз аймақтарға көшіру туралы шешім қабылдап, қазірдің өзінде 90 отбасы қауіпсіз жерге орналастырылды. Облыстық бюджет есебінен 72, 90 пәтерлік жаңа тұрғын үйлердің құрылысы жүргізіліп жатыр.
Қызылжар ауданында 18 елді мекен тасқын қаупі бар аймаққа жатады. Тасқынға қарсы шараларға барлығы 12,4 млрд теңге бөлінген. Ауданда қорғаныс бөгеттерін қайта жаңғырту, жол инфрақұрылымын жақсарту, су бұру жүйелерін салу жұмысы жүргізіледі. Сонымен қатар Есіл өзенінде мұз кептелісінің алдын алу мақсатында қопарылыс жасау жұмысы жүргізілді. Бұл өз кезегінде өзен арнасының өткізу қабілетін арттыруға мүмкіндік береді.
Облыс орталығындағы эвакуация жүйесі де толық дайын. Уақытша орналастыру пункттері жатақханалар мен мектептер базасында әзірленіп, қажетті материалдық қорлар жасақталған.
«Биылғы қыста 199 мың текше метр қар шығарылып, жүздеген су өткізу құбыры тазартылды. Ауданда 150-ден астам арнайы техника, 33 эвакуациялық пункт көшірілген адамдарды қабылдауға әзір. Халықты дер кезінде хабардар етуге дауысзорайтқышы бар дрондар қолданылмақшы. Сонымен қатар өңірге көмек ретінде 50 құтқарушы тартылып, олар бір ай бойы қауіпті учаскелерде жұмыс істейді», деді Қызылжар ауданы әкімінің орынбасары Бақтияр Бекенов.
Су басу қаупі жоғары мекендерді тұрақты түрде қауіпсіз аймақтарға көшірмесе, жыл сайын тасқынның дақпыртымен миллиардтаған қаражат босқа жұмсала бермекші. Бұл мәселе туралы кеңесте ашық айтылды. Жиын соңында «Amanat» партиясы өкілдері атқарылып жатқан жұмыстың маңыздылығын, тасқынның алдын алу бағытындағы шараларды үнемі қатаң бақылауда ұстау қажеттігін атап өтті.
Солтүстік Қазақстан облысы