Ең қысқа әңгіме • 27 Мамыр, 2024

Аңшының әңгімесі

29 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ауыл жігіттерінің қолы бос. Қызыл су тыйылып, жер қарайған соң тақым­дарына басқан қылқұйрықтыларын жарата бастайды. Бұрынғыдай емес, ел ішінде бәйге көп. Көңіл аулайтын бір қызық осы.

Аңшының әңгімесі

Ат ұстағанның кез келгені Толыбай сыншы іспетті. Алдына көлденең тарт­қан жылқы баласының бар бітімін тү­гендеп, қауқарын таразыға тартқандай айтып береді. Ырым еткені қырын ке­тіп жатса да, жүздері жығылмайды-ау.

Алқақотан отырғанбыз. Әсет өзінің бестісін мақтай жөнелді. Жай жел сөз емес, нақты мысалмен көмкерілген оқиға.

– Қыс іші болатын, – дейді Әсет. – бесін ауа бестімді ауыл қотанындағы құд­ықтан суарайын деп бара қалмай­мын ба, ауыл ше­тінен «қасқыр, қасқыр!» деген дауыс шық­ты.

Әсетпен көжетамырлығы бар Есенбай қостай жөнелді.

– Биыл, – дейді ол, – желтоқсанның со­ңында қарақұрым елік ауып келді емес пе? Білетіндердің айтуларына қарағанда, Сібірдің елігі тәрізді. Біздің жердегі, көз көріп жүрген еліктей емес, тұрқы сәл кіш­кентай. Өзіміздікі екеу-үшеу­ден жүрсе, ауып келген елік жүздеп, үйірімен кездесетін. Аш қас­қыр Түменнің қалың орманынан ауған елікпен бірге келуі әбден ықтимал.

Қостаушы табылған соң Әсет әңгі­менің тиегін ағытты. Айтуына қара­ғанда, ерттеп шығуға уақыт болмай, бес­тісіне жайдақ мініп, келімсек қас­қырды қуып берсе екен.

– Қозыкөш жерге ұзатпай қуып жеттім, – дейді Әсет. – сұлы жеп, ерігіп тұр­ған бесті бөрінің үстіне мі­ніп кете жаздады. Атайын десем иығымда мылтығым жоқ. Асығып жүріп қабырғада сүйеулі тұрған қайың сойы­лымды да алмаппын. Жалма-жан үзең­гіні ағытып алып, қас­қырды қара тұмсықтан пердім-ай келіп.

Өзі де ат екпінімен лықсығандай теңселіп кетті. Оң қолын әнтек көтеріп, құдды үзеңгісін сілтегендей соза бергенде, жанында отырған Құрман білегінен ұстай алып: – «Әй, сен мана жайдақ шығып едің ғой», – деді.

Қызық әңгіменің қыртысы осы жерде жазылмай қалғаны. Аңшылар да айта береді-ау.

 

Көкшетау қаласы 

Соңғы жаңалықтар