Экономика • 29 Мамыр, 2024

Тауар өңдеуге түбегейлі өзгеріс керек

118 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздегі су тасқынының салдарын жою мәселесі күн тәртібінен тыс қаралды. Отырыста ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеуді дамытудың 2024–2028 жылдарға арналған кешенді жоспары талқыланып, өңдеу өнеркәсібін ілгерілету ісі пысықталды.

Тауар өңдеуге түбегейлі өзгеріс керек

Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «ЕQ»

Ел тілегі күн тәртібінде

Отырыста вице-премьер Қанат Бозымбаев залалды өтеу алгоритміне сәйкес өңірлерде атқарылып жатқан іс-шаралар туралы баяндады. Мәліметке сүйенсек, республика бойынша 30 мыңнан астам отбасы 100 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде бір­жолғы төлем алды. Бұл бағыт­тағы жұмыс бақылауда, қажетті шаралар қабылданып жатыр. Бұған қоса, 15 мыңнан астам үй мен саяжай құрылысы тексерілді. Оның 11 134-і бойынша бағалау жүргізілді. Бұл ретте жекелеген өңірлерде сараптаманың төмен көрсеткіші байқалды. Мысалы, Батыс Қазақстан облысында су басқан 4 мың үйдің 2 176-ы тексеріліп, 770 үйге бағалау жасалды. Ақтөбе облысында 3 679 үй тексеріліп, 1673 үй бағаланды.

Бүгінде Атырау, Ақмола, Қоста­най және Солтүстік Қазақстан облыс­тарының әкімдіктері тасқыннан зақымданған үйлерді тексеру және бағалау жұмыстарын аяқтады. Жалпы, ел бойынша 9 мыңнан астам үй қалпына келтірілуге болатын құрылыс қатарына жатады. Оның 4 315-і апатты жағдайда деп танылған. Өңірлерде 1 847 үй мен пәтердің құрылысы басталды. Қайталама нарықтан 3 417 тұрғын үй сатып алу жоспарланып отыр. Құрылыс маусымының қысқалығын ескере отырып, оқу жылының басына дейін зардап шеккен азаматтарға үй мен пәтер беріп үлгеру жоспарланған.

«Әкімдіктерге Өнеркәсіп және құрылыс министрлігімен бірге тұр­ғын­дардың баспанасы мен мүлкіне кел­тірілген залалды бағалау жұмыс­тарын осы аптаның соңына дейін аяқтауды тапсырамын. Азаматтар­дың қиын жағдайына түсіністікпен қарап, проблемасын тиянақты шешуге мұқият болыңыздар. Жұмысты кешіктірмей, барынша тездету керек. Қанат Алдабергенұлы, әр істі қатаң бақылауда ұстаңыз», деді Үкімет басшысы.

 

Депутаттың сындарлы пікірі

Мемлекет басшысының қайта өңдеу үлесін 70%-ға жеткізу жөніндегі тапсырмасын орындау үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі өнімдерді қайта өңдеуді дамытудың 2024–2028 жылдарға арналған кешенді жоспарын әзірледі. Сала басшысы Айдарбек Сапаровтың мәлімдеуінше, қайта өңдеу кәсіпорындарын қолжетімді шикізатпен қамтамасыз ету, негізгі және айналым қаражатын толық­тыру­ға жеңілдетілген несие беру, жаңа нарықтарды ашу арқылы қайта өңдеу өнімдерінің экспорттық әлеуетін арттыру көзделген.

Кешенді жоспар аясында жалпы сомасы 176,2 млрд теңгені құрай­тын 58 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Бұл азық-түлік және қайта өңдеу өнеркәсібінің дамуына тегеурінді серпін береді. Сондай-ақ қайта өңделген өнімнің жалпы өндірісін 1,4 есе ұлғайтуға, өңделген өнімнің үлесін 70%-ға дейін жеткізуге жол ашады.

«Кеше мен депутат Жигули Дайра­баевпен кездестім. Оның ауыл шаруа­шылығын дамыту, шекаралас елді мекендер, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, ауыл шаруашылығы техникасын шығаратын кәсіпорындарды қолдау және басқа да бағыттар бо­йынша көптеген идеясы бар. Айдарбек Сейпілұлы, депутатпен кездесіп, бәрін егжей-тегжей талқылап, маған нақты ұсыныстар енгізіңіз. Жалпы, депутаттық корпуспен тығыз жұмыс істеу керек», деді О.Бектенов.

 

Жаңа технологияға қолайлы жағдай

Үкімет отырысында Қазақстанның өңдеу өнеркәсібін дамыту мәселесі басты назарда болды. Осы жылдың 4 айының қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 5,2%-ға өсіп, 7,1 трлн теңгені құрады. Нәтижесінде, 5,6 млрд доллар сомасына тауар экспортталды. Бұл ретте негіз­гі капиталға салынған инвестиция көле­мі өткен жылдың сәйкес кезеңі­мен салыстырғанда 19,9%-ға артып, 403,2 млрд теңгеге жетті. Ең көп үлес метал­лургия өнеркәсібіне, машина жа­сау және азық-түлік өндірісіне тиесілі.

Премьер-министр кез келген мем­лекеттің өнеркәсіп саласының табысты дамуы негізінен өңдеу секторына байланысты екенін айтты. Сондықтан ел экономикасының құрылымын­да өңдеу саласының үлесі бәрінен жоғары тұруға тиіс. Былтыр өңдеу секторы өнім шығару көлемі жағынан тау-кен саласымен теңесті десек болады. Енді одан да жоғары деңгейге жеткізу керек.

Үкімет алдында елдің берік өнер­­­кәсіптік негізін қалыптастыру, жергілікті қамту деңгейі жоғары өндіріс циклін құру және ұлттық экономика көлемін 2 есе арттыру міндеті тұр. Оларды қамтамасыз ету үшін жаңа технологияларды белсенді түрде енгізу қажет.

«Әлемде цифрлық техно­логия­ны белсенді қолдану, өндірісті роботтан­дыру және автоматтандыру үдерісі жү­ріп жатыр. Бұл трендтерден қа­л­ып қоймау үшін біздің кәсіпорындар да жаңа технологияны белсенді енгізуге тиіс. Салалық мемлекеттік органдар осы үде­рісті дамытуға ықпал ететін қолай­лы жағ­дайлар жасауы қажет», деді О.Бектенов.

Үкімет басшысы өнеркәсіптің жекелеген секторларына, атап айтқан­да, металлургияға егжей-тегжей тоқталып өтті. Елімізде бұл секторды дамыту үшін сирек және жерде сирек кездесетін металдар саласын дамытудың 2028 жылға дейінгі кешенді жоспары бекітілді. Онда инвестиция мен өндіріс көлемін 40%-ға арттыру көзделген.

Өнеркәсіп және құрылыс министр­лігіне осы бағыттағы жұ­мысты жандандырып, жыл соңына дейін болат құю, жалпақ про­кат және шойын өндірісі кәсіп­орындарының өнім көлемін ұлғайту тапсырылды.

«Қазақстанның жаһандық құн тізбегінің орта буынындағы рөлін нығайту маңызды. Ол үшін Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі бизнес-қоғам­дастықпен бірге мине­ралдық база­ны ұлғайту, заманауи техно­логия­лар­ды енгізу және қолданыстағы өндірістерді кеңей­ту жөнінде тиіс­ті шаралар қабыл­дауы қажет», деді Премьер-министр.

Автомобиль өндірісі жетекші рөл атқаратын машина жасау саласында 2024 жылдың 4 айында өсім 22%-ды құрады. Атап айтқанда, елімізде автомобиль өндірісі 8,6%-ға артты. Барлығы 46 мыңнан астам көлік құралы шығарылды.

Үкімет басшысы 2025 жылға қарай жеңіл автомобильдер өндірісін – 160 мың бірлікке дейін, жолаушы вагондары өндірісін – 100 бірлікке дейін, локомотив өндірісін – 120-ға дейін, платформалар өндірісін – 500-ге дейін және жартылай вагон өндірісін 1,5 мыңға дейін ұлғайтуды тапсырды.

Сонымен қатар Екібастұздағы теміржол кластерін одан әрі дамытудың маңыздылығы айтылды. Өйткені онда теміржол көлігіне және магистралдық жолдарға арналған өнімдердің бүкіл желісі игерілген.

 

Экономиканы әртараптандыру күш алады

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет жоғары деңгейде өңделген өнім шығаратын кластерлер құру үшін өңдеу секторының негізгі ірі жобаларының тізбесін айқындады. Оған металлургия, химия, мұнай-газ химиясы, автомобиль жасау және басқа да салалардың 17 жобасы кірді. Олар өндірістік салалардың және эконо­миканың дамуына ықпал ететін болады. Әрбір жоба бойынша тиісті іске асыру жоспары қабылданды.

«Өңдеу секторын дамыту бойынша барлық негізгі бағыт пен міндет айқын. Біз шикізатты емес, жоғары өңделген тауарларды өндіруіміз қажет. Сонда ғана табыстың көбісі елімізде қалады. Экономиканың күрделілігі өседі. Жаңа Салық кодексінің жобасында салық мөлшерлемесі шығарылатын тауардың өңдеу деңгейіне байланысты болады. Яғни кәсіпорын жоға­ры өңделген тауар шығарса салық мөлшерлемесі төмендейді. Ал жай шикізат шығаратын болса салық жоғары көтеріледі. Бұл өнді­рістік дамуды ынталандыратын ма­ңызды қадам», деді Премьер-министр.

Биыл Индустрияландыру картасы шеңберінде өңдеу өнеркәсібінің 180 жобасын іске қосып, 18 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құру жоспарланған. Өндірістің жалпы көлемі – 1,6 трлн, экспорт – 600 млрд, импортты алмастыру – 1 трлн теңге.

«Өнеркәсіп және құрылыс ми­нистрлігі салалық мемлекеттік органдармен және өңір әкімдіктерімен бір­лесіп, жобаларды уақтылы іске қосуды қамтамасыз етуі қажет. Инвес­торлардың барлық сұрағын әуре-сарсаңға салмай, жедел шешу керек. Бұл үшін арнайы Инвестициялық штаб жұмыс істейді», деді О.Бектенов.

Сондай-ақ Премьер-министр отан­дық өндірушілерді қолдау және дамыту үшін өңдеу өнеркәсібіндегі отандық кәсіпорындарды шикізатпен қамтамасыз ету мәселесін заңнама­лық тұрғыдан реттеуді тапсырды. Бүгінде түсті металдарды қайта өң­деу саласында бұл механизм оң нә­ти­же көрсетіп отыр. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі «Бәйтерек» холдингімен бірлесіп, импортты алмастыратын құрылыс материалдарын өндіру жобаларын жеңілдікпен қаржыландыру мәселесін пысықтауы қажет.

«Самұрық-Қазына» холдингі мен өңір әкімдіктеріне «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша жергілікті қамту деңгейіне және су тасқынынан кейінгі қалпына келтіру жұмыстарына бақылауды күшейту тапсырылды.