Қазақстан • 29 Мамыр, 2024

Ашаршылық азабы: геноцид пе, әлде боль­­шевиктік биліктің қате­­лігі ме?

187 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Бұл күн 1997 жылы арнайы жарлықпен бекітілген еді. 

Ашаршылық азабы: геноцид пе, әлде боль­­шевиктік биліктің қате­­лігі ме?

Фото: Inform.kz

Қазақстанда 125 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшырап, 25 мың адам ату жазасына кесілді. Жазықсыз жазаланғандардың қатарында Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Тынышбаев, М.Дулатұлы, Т. Рысқұлов, М.Жұмабаев, С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлин, С.Асфендияров сынды ұлт зиялылары мен ел жақсылары бар. Қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтардың әйелдері де Ақмола облысында орналасқан «АЛЖИР» лагерінде азапталғаны белгілі.

Жыл сайын қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні қарсаңында аштық мәселесі түрлі ғылыми-практикалық конференцияларда, дөң­гелек үстелдер мен басқа да ресми іс-шараларда жиі талқыланады. Қазақ жерін­де неге аштық болды, сол жылдары Кеңес одағын қамтыған қуғын-сүргін не үшін ұйым­дастырылды деген ­сауалдар көптің санасында жиі туындайтыны хақ. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Құрманғали Даркенов бұл сауалдарға жауап іздеп, «Egemen Qazaqstan» газетіне мәнді мақала жариялады. 

Автордың жазуынша, бүгінде қуғын-сүргіннің салдарына емес, себебі­не тереңірек үңілу керек. Кеңес одағының сол жылдары жүргізген саясаты, мерзімдік шаралары, қабыл­да­ған қаулы, қарарлары елді аштыққа әкелді.

«1927 жылғы желтоқсанда байлар ша­руашылығын тәркілеу туралы заң дайындау үшін арнайы комиссия құрылды. Арада жарты жыл­дан астам уақыт өткенде, 1928 жыл­ғы 27 тамызда «Байлардың ша­руа­шы­лы­ғын тәркілеу туралы», одан кейін 13 қыркүйекте «Тәркілеуге қарсы­лық көрсеткені үшін қылмыстық жауапқа тарту және ірі, жартылай ірі феодал­дарды көшіру туралы» екі қаулы қабыл­данды. Осы құжаттар негізінде ғасырлар бойы қалыптасқан қазақ қоғамының шаруашылық жүйесіне соққы берілді. Большевиктік билік ел ішін таптық бө­лінуге, жіктелуге итермелеп, ынталан­дырып отырды. Қалыптасқан ұлттық бірлік, рулық-туыстық негізінде құ­рыл­ған шаруашылық жүргізу жүйесі бұзылды», дейді Құрманғали Даркенов.

Автор келтірген деректерге көз жүгіртсек, жалпы 145 мың бас мал тәркіленіп, 619 отбасы тұрған жер­лерінен, атақонысынан күштеп кө­шірілді. 

«1916 жылғы көтерілістен кейінгі би­­­лік­тің ауысуы 20-жылдар­дың басындағы аштықтан еңсесін көте­ре алмаған халықты тағы күйдірді. Кеңес одағында азық-түліктің жетіс­пеушілігі айқын байқалды. 1929 жылмен салыстырғанда 1933 жылы Қазақстанда мал басы 90%-ға азайды», деп жазды профессор. 

Осы орайда Құрманғали Даркенов қазақ халқын аштыққа душар еткен төрт басты факторды атады:

  • Бірінші фактор – Голощекин тұл­ғасы;
  • Екінші фактор – Голо­ще­кинмен бірге билікте болған қазақ боль­шевиктері;
  • Үшінші фактор – ұлт мүддесін басты орынға қоятын зиялы қауымның жазықсыз сотталуы;
  • Төртінші фактор – Мәскеудің ет, астық дайындау қысымы.

Мақаланың толық нұсқасын «Egemen Qazaqstan» газетінің №102 (30831) санынан немесе мына сілтеме арқылы оқи аласыздар.