Оқиға • 29 Мамыр, 2024

Гуггенхаймдағы жанталас

36 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өмір деген қызық қой. Арпалысып, қарбаласып жүреміз. Немен алысып жатқанымызды өзіміз де білмейміз. Әйтеуір зырғып жатқан уақыт бар. Әйтеуір кешігіп, күттіріп жүрген бақыт бар. Осы ойлардың ортасында тұрғанда, Гуггенхайм мұражайындағы ерекше әрі қорқынышты қондырғы есіме түсті.

Гуггенхаймдағы жанталас

Ол робот-қондырғының аты «Өзіме көмектесе алмаймын» деп аталады. Роботтың құрылымы – өте қы­зық. Ол – гидравликалық сұйықтықсыз жұмыс істей алмайды, былайша айтар болсақ, «өледі». Адамның жаны секілді. Оның бағдарламасы сұйықтықты ұстап тұ­руға тырысатындай жасалған. Ал сұйықтық оның жанынан құлдилап ағып кететіндей жүйеленген. Қанға ұқ­сайды. Роботтың миы сұйықтық таусылса, өзінің де істен шығатынын біледі, үздіксіз өзіне қайтарып отырады. Ең қорқыныштысы, бағдарламашылар роботқа бос уа­қытында көрермендер алдында «бақыт биін» билететін жүйе қосқан. Құлтемір 32 түрлі қимыл түрін жасай алды. Ойлап қараңызшы, робот өмір үшін күрестің арасында бақыт биін билеуге мәжбүр. Жер бетінде тіршілік етіп жүрген қаншама адамның бейнесі көз алдыңа келеді. Жанарымыз куә болған, жадымызда сақталған...

Жоба алғаш іске қосылған кезде робот бақытты болыпты. Билепті, көп уақытын көпшілікке арнапты. Өйт­кені сұйықтықты ұстап тұру оңай болды. Ал біраз жыл өткен­нен кейін шаршап, көкейін «үмітсіздік» басты. Себебі өмірін сақтауға күші жетпей, әлі кете бастады. Тіпті билеуге уақыты жетпеді. Робот «ғұмырының соңғы күндерінде» өмір­ді сақтау мен қан кету арасындағы шексіз күрес цик­ліне түсті. Істен шығарында қаншама адам жанталасқа куә болды. 2019 жылы робот гидра­вликалық сұйықтықты тауы­сып, ұстай алмай, жұмыс іс­теуін тоқтатты. Әлем жылады. Әлеу­меттік желі шулады. Бірақ ешкім ол роботтан өзін көрмеді.

Амал нешік, ол осындай тағдырға бағдарламаланған. Не істесе де, қанша тырысса да, өмірін сақтай алмады. Бірақ бағдарламашылар робот істен шыққанда, бар шындықты айтты. Егер ол өмірін сақтау үшін жанталасып, ритмді жиілетпегенінде, тыныштық қалпын сақ­тай алғанда, ұзақ уақыт өмір сүрер еді. Бақыт биін де біраз жыл билер еді. Ал біз ше? Біз не істер екенбіз?

Соңғы жаңалықтар