Қоғам • 31 Мамыр, 2024

Бүгін – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні

182 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Осы аталған күнге орай жыл сайынғы үндеулерінің бірінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Бүгін біз ұжымдастыру жылдарында аштыққа ұшырағандарды, сондай-ақ туған жерінен кетуге мәжбүр болғандарды да еске аламыз. Сол жылдардағы орасан зор адам шығыны мен тағдыр тауқыметі әрбір азаматтың жүрегіне жара салды. Тоталитаризмнен зардап шеккен көптеген ұлт өкілдері үшін қазақ жері құтты мекенге айналды. Ата-бабаларымыздан дарыған қайсарлық пен төзімділіктің арқасында қатаң сыннан абыроймен өтіп, біртұтас ұлт ретінде бірігуге мүмкіндік алдық», деп атап өткен еді. Аталған жылдарды еске алып, тарихымызға тәу етіп, бүгінгі арқалаған аманат пен ертеңгі келешектің мән-маңызын ұғыну әрбір отандасымыздың басты міндеті.

Бүгін – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні

Фото: adyrna.kz

Ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні – 1997 жылдан бастап атап өтіліп келеді. Тәуелсіз Қазақстанда алғашқы болып қабылданған заңдардың бірі – 1993 жылғы сәуірдің 14-індегі «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» заң.

pixabay.com

(Фото: pixabay.com)

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселелерін жан-жақты зерделеу және шешу мақсатында Президент Қ.К.Тоқаевтың Жарлығымен Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылды. Жобалық кеңсе құрылып, Мемлекеттік комиссияның жұмыс топтары құрылды. Әр топ өз қызметін қуғын-сүргін құрбандарының санаттарына сәйкес жүзеге асырады. Өңірлерде саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі өңірлік комиссиялар құрылды, оған ғалымдар, қоғам қайраткерлері және мемлекеттік органдар мен ұйымдардың өкілдері кіреді.

Саяси қуғын-сүргін туралы

1930 жылдары Кеңес Одағының құрамында болған Қазақстанда 103 мың адам қуғын-сүргінге ұшыраған және 25 мың адам ату жазасына кесілген.

Қазақстан аумағында орналасқан лагерлерге корейлер, поляктар, Еділ немістері, Қырым татарлары, Кавказ халықтары және басқа да ұлт өкілдері қоныс аударылып келген.

Саяси қуғын-сүргін жылдары ретінде 1921 жылдан 1953 жылдар аралығын негізге алып жүргенімізбен, Ресей билігіне қараған үш ғасырға жуық уақыт бойы бас көтерер азаматтарды жазалау-қудалау тынбаған, оның орасан зор зардаптары – ұлтты толық құрта алмаса да, рухсыз, қорқақ, жалтақ мінездерге шалдықтырғаны айдан анық ақиқат.

Қазақстанда 1937-38 жылдары 107 мың адам репрессияға ілігіп, 27 мыңы атылған. Карлаг, Степлаг, Алжир деген атаумен арнайы лагерлер жұмыс істегені мәлім, «Халық жауының» әйелі болғаны үшін 18 мың әйел азап лагерінен өткен. Қуғын-сүргін жылдары ішінде Қазақстан аумағында құрылған лагерьлерге 5 млн астам адам жіберілді.

semeyainasy

Жазықсыз жазаланғандардың қатарында Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Тынышбаев, М.Дулатұлы, М.Жұмабаев, С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлин, С.Асфендияров, тағы басқа мемлекет және қоғам қайраткерлері, ұлт зиялылары болды.

e-history.kz

Өктем халықтар отар елді қашанда тұқыртып ұстайтыны мәлім. Екі ғасырға жуық патшалық Ресейдің жүргізген саясаты Кеңес үкіметі кезеңінде өрши түсті. 1919 жылы Қазақстанға кеңес билігі орныға бастады. Алаш қайраткерлеріне кешірім жасалды. Алаш қайраткерлері енді Кеңес үкіметі мүмкіндік берсе, ұлтына адал еңбек етіп, ойға алған ұлы мақсаттарын қолдан келгенше орындап қалуға тырысты. Алайда үкімет билігі күшейіп алғанша ғана қулық жасаған кеңестік құрсау сорпа бетіне шығар зиялы қауымға қайта шүйлікті. Әрине бұрынғы «Алашорда» мүшелерінен соң, кезек Кеңес үкіметіне шын сенген ұлтшыл қайраткерлерге келеді. Отаршыл үкіметтің мақсаты бодан елде ешбір бас көтерер азамат қалдырмау еді.

1937 жылғы саяси қуғын-сүргін қоғамға қатты әсер етті. Жалпыға бірдей күдіктену жағдайы бекіп, қоғамдық санада «жау бейнесі» қалыптасты, адамдар өздеріне қатысты ең ауыр айыптауларды қабылдауға дайын болды. Адам өзін жаулардың, контрреволюционерлердің, тыңшылар мен диверсанттардың қоршауында қалғандай сезінетін «қоршаудағы адам» психологиясын қолдану идеологиялық қаруға айналды. Сталин ғана барлық жаулардан құтқара алады деген идеологиялық постулат адамдардың санасына кіріп алды. И. В. Сталин қайтыс болғаннан кейін ғана өткеннің қателіктерін мойындау, тоталитарлық жүйенің қуғын-сүргініне ұшыраған адамдардың есімдерін қалпына келтіру мүмкін болды.

Қазіргі уақытта тарихымыздың аталған қасіретті кезеңін толық әрі жан-жақты зерделеуге мүмкіндік туды, сол зұлмат кезең туралы әр азаматқа бүкпесіз жеткізу – Қазақстанның әрбір тарихшысының міндеті.

1919-1922 жылдардағы аштық және оның зардаптары

Қазақстанда ашаршылық салдарынан қаза тапқан адамдардың нақты саны әлі күнге дейін пікірталас пен дау туғызып келеді. Құрбан болғандар саны туралы ресми деректер әр дереккөзге қарай өзгереді. Өлім-жітімнің күрт өсуі және халықтың аштықтан зардап шеккен аймақтардан жаппай қашуының нәтижесінде Қазақстан халқы 1 миллионға жуық адамға қысқарды: егер 1920 жылы республика аумағында 4 млн 781 мың адам тұрса, 1922 жылы – бар болғаны 3 млн 796 мың адам болған. Аштық пен бірге елге эпидемиялық жұқпалы аурулар да таралды, қауіптісі оба, тырысқақ, сүзек еді, емдейтін ауруханалар жетіспеді, салдарынан қаза тапқандар саны күрт өсті. Ашаршылықтың зардабы әлі күнге дейін халықтың жадында, мәдениетінде сақталған. Аталған кезең туралы әдебиетте бірнеше шығармалар жазылды. Ашаршылықта малдың жойылып азаюы дәстүрлі көшпелі шаруашылықтың күйреуіне әкелді. Экономикалық инфрақұрылым жойылып, аштықтан қалпына келтіру қиынға соқты. Сонымен қоса, халқымыздың мәдени мұрасының жоғалуына әкелді. Ашаршылық саяси жағдайға да әсер етіп, халық арасында наразылықтар тудырды. Бір сөзбен айтқанда, 1919-1922 жылдардағы Қазақстандағы ашаршылық халық үшін ауыр және ұзаққа созылған зардаптарға әкелді.

1930-33 жылдардағы ашаршылық және оның зардаптары

1930-33 жылдар – Қазақстан тарихында терең әрі ұзаққа созылған зардаптар қалдырған ең қасіретті тараулардың бірі. Кейбір зерттеулер Қазақстанда 1,5 миллионға жуық құрбан болғанын көрсетеді. Кейбір деректерде қазақтың жартысы – 2-3 миллион адам (қазақтың жартысы) қаза тапты делінеді.

Аталған дағдарысқа Кеңес Одағындағы ұжымдастыру мен астық жеткізуге қойылған биік мақсаттар ықпал еткені мәлім. Халықтың ауылдық жерлерден қалаларға және КСРО-ның басқа аймақтарына жаппай қоныс аударуына әкелді. Ашаршылық – тірі қалғандардың психологиясында терең із қалдырды, күйзеліске ұшыраған, жақындарынан айырылған олар қиын өмір сүру жағдайларын өткерді.

Ашаршылық – көптеген адамдардың, әсіресе балалар мен қарттардың азапты өліміне әкелді. Дұрыс тамақтанбау және гигиенаны сақтамау іш сүзегі, дизентерия, тұмау сияқты жұқпалы аурулардың таралуына оңтайлы жағдай жасады және медициналық көмектің болмауы өлім-жітімнің көп болуына және тұтас бір әулеттердің қырылуына әкелді. Ашаршылықтан қазақ халқы дүние-мүлкінен, жерінен, малынан айырылды, кедейшілікке ұшырады. Дәстүрлі өмір салты жойылды.

e-history.kz 

(Фото: e-history.kz)

1930-33 жылдардағы ашаршылыққа қатысты тағы бірнеше маңызды аспектілерді атап өткен жөн.

Халықтарды депортациялау: Ұжымдастыру саясатымен бірге ұлттарды жаппай жер аудару жұмыстары жүргізіліп, депортациялар – халық арасында үлкен тұрақсыздық пен қосымша шығындар туғызды.

Мәдени мұраның жоғалуы: Ашаршылық пен жер аударудан қазақ халқының көптеген салт-дәстүрлері, әдет-ғұрыптары жоғалды.

Қалпына келтіру және одан кейінгі өзгерістер: Ашаршылықтан кейін Қазақстан экономиканың, әлеуметтік құрылымның және мәдени дамуының қалпына келуіне байланысты ұзақ мерзімді зардаптарға тап болды.

Түйіндеп айтқанда, аталған факторлар 1930-33 жылдардағы ашаршылықтың қазақ тарихының ең бір қасіретті кезеңі екенін айғақтайды.

(https://e-history.kz/kz  материалдарынан ықшамдалып алынып, біршама өнделіп ұсынылды).