Кино • 30 Мамыр, 2024

Француз фильмдері қазақша сөйлейді

43 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Француз фильмдері алғаш рет қазақ тілінде көрсетілмек. Сондай-ақ Францияның ұлттық кинематография және анимация орталығы (CNC) сарапшыларының Қазақстанға жұмыс сапары ұйымдастырылады.

Француз фильмдері қазақша сөйлейді

Фото: smartnews.kz

Францияның Қазақ­стандағы елшілігінде Қазақстан мен Фран­цияның киноөндіріс саласындағы ынтымақтастығы жан-жақты талқыланып, бірқатар жоба ке­лісілді. Енді елімізде француз премьераларының апта­лығы ұйымдастырылып, одан кейін қазақ тіліндегі француз фильмдері ұсынылады.

«Біз қазан айында француз фильмдері премьераларының апталығын өткізуді жос­пар­лап отырмыз. Онда ең танымал француз фильмдері қазақ көрермені назарына ұсы­нылады. Премьера аптасынан кейін алғаш рет қазақ тіліне дубляждалған француз фильмдерінің көрсетілімін ұйымдастыруды көздеп отырмыз. Біз Франциядағы қазақ фильмдерін қолдауға дайынбыз. Сондай-ақ Францияның ұлттық кинематография және анимация орталығы (CNC) сарап­шыларының Қазақстанға жұмыс сапары ұйымдастырылады», деп хабарлады Францияның Қазақстандағы елшілігі.

Сондай-ақ бірлескен кино өндірісі және екі жақты кинопрокат бағыттарында тұ­рақты кездесулер өткізу жоспарланып отыр.

«Білім беру семинарлары мен қазақстандық мамандарды Францияда оқыту мүмкіндіктері қарастырылып жатыр. Мемле­кеттік киноны қолдау орталы­ғымен және сала мамандарымен бірлесе отырып, ең пайдалы бағыттарды анықтауға күш сала­­мыз», деді Францияның Қазақ­стандағы елшілігі.

Айта кетейік, Қазақстанның Ұлттық кинематографиясын қол­дау орталығы мен Францияның Ұлттық кинематография және анимация орталығы Канндағы халықаралық кинофестиваль аясында ынтымақтастық туралы қосымша келісімге қол қойды. Тараптар киноөнімдерін тарату мә­селелері бойынша ынты­мақтасуға келіскен еді.