Еңбек • 31 Мамыр, 2024

Еңбек құқын қорғаудың жаңа тәсілі

62 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Еліміздің 3 мыңнан аса кәсіпорны Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау стандартын енгізді. 2019 жылдан бастап 7 негізгі ережені көздейтін «Нөлдік жарақат – Vision Zero» тұжырымдамасын жандандыру жұмысы басталды. Қазір 536 кәсіпорын осы тұжырымдаманы қолдап отыр.

Еңбек құқын қорғаудың жаңа тәсілі

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Ел кәсіпорындарында 18 мыңнан аса өндірістік кеңес жұмыс істейді. Онда 24 мыңнан аса еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспектор бар. 2023 жылы инспекторлар 112 мыңға жуық тек­серу жүргізіпті. ЕҚжҚ талаптарының ­142 мыңнан астамы бұзылғаны анық­та­лып, оның 121 мыңы жойылған. Бұл туралы Орталық коммуникациялар алаңында өткен баспасөз жиынында Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің төрағасы, мемлекеттік бас еңбек инспекторы Төлеген Оспанқұлов айтып берді.

Оның айтуынша, Еңбек кодексіне сай құрылыс алаңында бір мезгілде бірнеше ұйым жұмыс жүргізген жағдайда олардың еңбек қауіпсіздік талаптарын сақтау жұмысын бас мердігер жүзеге асырады деген норма енгізілді. 258 кәсіпорын осындай бақылау моделін қабылдады. Талаптардың бұзылуын алдын алу, қадағалау және оны болдырмау мақсатында еліміздің 3 214 кәсіпорны еңбек қауіпсіздігі стандартын енгізді.

«hr.enbek.kz еңбек ресурстары порталында орналастырылған «Онлайн еңбек консультанты» функционалы жұмыс істейді. Онда жұмыс беруші еңбек инспекторын алмастыратын, интер­активті режімде жоспарланған немесе орындалған рәсімдерді тексеретін қызметке жүгіне алады», деді спикер.

1 мамырда мемлекеттік еңбек инс­пек­торлары 2 366 тексеру жүргізіп, ­ең­бек­ қауіпсіздігі және еңбекті қорғау, ха­лықты жұмыспен қамту саласында ­3 199 заң бұзушылықты анықтаған. Жұ­мыс беру­шілерге 1 409 ұйғарым беріліп, 177 млн­ теңгеден аса қаражат көлемінде ­1 780 айыппұл салынды. 241 арнайы тер­геу жүргізіліп, 37 қылмыстық іс ­қоз­ғал­ған.

Қазір жұмысшылардың құқықтарын қорғау мәселесінде жұмыс беруші мен жұ­мысшылар арасындағы ұжымдық-шарт­тық қатынастарға баса назар аударылады. Ірі және орта кәсіпорындардың 97%-ында ұжымдық шарттары бар. ­Бо­ла­­шақта бұл құжаттар жұмыс беру­ші­лер­дің әлеуметтік кепілдіктерін бақы­лау үшін электрондық форматқа ауыс­ты­рылмақ.

Бас еңбек инспекторының айтуын­ша,­ биыл елімізде 496 адам зардап шеккен.­ Бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңінен 16,7%-ға артық. Сондай-ақ 59 адам қаза тапқан. Бұл да былтырғы көрсеткіштен артық. Жарақаттанудың жоғарғы деңгейі – Қостанай, Абай, Қарағанды, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан облыстарында, Алматы қаласында тіркелген. Зардап шек­кен­дердің көп бөлігі тау-кен металлургия өнеркәсібі кәсіпорындарында (17%), құрылыс саласында (13%) байқалады.

«Статистикаға сенсек, 2023 жылы зерттелген 1,69 млн қызметкердің 519 мың жұмыс орны зиянды және қауіпті болып шықты. Заңға сәйкес, мұндай жағдайда жұмысшыларға жұмыс беру­ші кепілдік пен өтемақы береді. Оған жұмыс уақытының қысқаруы, жыл сайынғы қосымша еңбек демалысы және жалақының жоғарылауы, сүт беру, емдік және профилактикалық тамақтану кіреді. Мәселен, былтыр 697 мың қызметкер 255 млрд теңге мөл­ше­­­рінде зиянды жағдайдағы жұмысы үшін өтемақы алды. Бұл 2022 жылмен са­­лыс­­тырғанда 23%-ға артық», деді бас инс­пектор.

Өндірістік жарақаттану себебінің бірі қауіпсіз еңбек ережелерін оқы­ту­дағы кемшіліктер дейді маман. Жаза­тайым оқиғалардың 20%-ы білік­ті­ маман тапшылығы болса, жауап­кер­ші­лік­тің болмауынан екен. Бұл мәселені шешу мақсатында оқу орталықтарына қо­йы­латын талаптар күшейтіліп, бірың­ғай оқу-әдістемелік орталық құрылмақ.

Министрлік жанынан 2021 жылдан­ бастап бақылау орталығы жұмыс іс­тей­­­ді. Т.Оспанқұловтың айтуынша, ба­қы­­лау орталығы жұмыскерлер мен кә­сіп­­одақ­тардың өтініштерін, құзы­ретті ор­­­ган­­­дардың жедел ақпаратына, ең­бек­ ұжым­­­­­д­арындағы ахуалға талдау ­жүр­­­­гі­­­з­еді.

Жыл басынан бері еліміздегі 127 кәсіп­орынға осындай бақылау жүргі­зіліпті. Нәтижесінде, 50 кәсіпорында бір проб­лема шешілген көрінеді.

«Қазір 77 кәсіпорында бақылау жүр­гізіліп жатыр. Биыл еліміздегі 13 кәсіп­­орында ереуіл болды. Қызмет­кер­лердің негізгі талаптары – жалақыны кө­теру. «ҚазМұнайГаз» АҚ еншілес ұйым­дарының штатына ауыстыру, сый­лық­ақы алу, еңбек жағдайларын жақ­сар­ту, жалақыны индекстеуді жүр­гізу. Сон­дай-ақ наразылықтардың туын­дау себеп­те­рі­нің бірі сервистік компа­ния­лардың келісімшарттары қысқа мер­зім­ділігіне байланысты болып отыр», деді спикер.

Биыл мемлекеттік еңбек инспектор­лары 126 кәсіпорында 1,5 млрд теңге­ден аса қаражат көлемінде 9,7 мың қыз­­мет­кер жалақысын алмағанын анық­тап­ты. Сөйтіп, оның 8,1 мыңының құқы қор­ғал­ды. Оларға 890 млн теңге төленіпті. Жұмыс берушілерге 170 млн теңгеден аса қаражат көлемінде 1 780 әкімшілік айыппұл салынды.

Ал зиянды еңбек жағдайында жұмыс іс­тейтін қызметкерлерді әлеуметтік қор­ғаудың қосымша тетігі ретінде 2024 жыл­ғы 1 қаңтардан бастап арнайы әлеу­мет­тік төлем енгізілді. Оны 55 жасқа тол­ған және міндетті кәсіптік зей­нет­ақы жар­налары кемінде 7 жыл ауда­рылған қыз­меткер алуға құқылы. Төлем­нің не­гіз­гі шарты – зиянды еңбек жағ­да­йында жұ­мыс­ты тоқтату.

Т.Оспанқұлов қызметкер зейнет­кер­лік жасқа толғанға дейін арнайы әлеуметтік төлем алатынын жеткізді.

«4 сәуірге дейін 4 183 адам 665 млн теңгеден асатын арнайы төлем алды. Арнайы әлеуметтік төлемге байланысты бірқатар нормаға қоса, «Қызметкерді еңбек міндеттерін орындау кезінде жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру туралы» заңда еңбек жағдайларын жақ­сар­ту мақсатында жұмыс берушілердің алдын алу шараларына жұмсаған шы­ғын­­дарын өтеу жөніндегі нормалар енгі­зілді. Яғни жұмыс берушінің сақ­тан­­дыру компанияларынан қауіпсіздік жөніндегі қызметкерлердің білімін арт­­тыруға түсетін қаражаттың 6%-ы шегінде, сондай-ақ оңалту шараларына жұм­салған шығыстарды төленген сақ­тан­­дыру сыйлықақысының 6%-ына дейін өтеу­ді талап етуге құқығы бар», дейді ол.

Елімізде 2024-2030 жылдарға арналған Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы бекітілді. Ол еңбек адамының құқын қорғауға қа­тысты әлемдік озық талаптарға сай­ жүйелі жұмыс жүргізудің жаңа тәсіл­дерін қамтиды.