Шымкент • 31 Мамыр, 2024

Түлектерге арналған жұмыс жәрмеңкесі

58 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жуырда М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан универ­си­тетінде оқу орнының бітіруші түлектеріне арналған «Жас маман-2024» бос орындар жәрмеңкесі өтті. Оған Шымкент қаласы мен Түркістан облысынан екіжақты келісімшарт негі­зінде өндірістік кешендер, ірі кәсіпорындар, спорт, мәдениет, білім беру секілді жалпы саны 150-ден аса мекеме қатысты.

Түлектерге арналған жұмыс жәрмеңкесі

Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын жәрмеңке түлектерді жұмысқа орналас­тыруда ашық диалог алаңына айналғалы қашан. Нәтижесінде, түлектер болашақ жұмыс орнын табу­ға мүмкіндік алады. Биыл да аталған университетті 9 мыңға жуық студент бітіріп отыр.

М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің бас­қар­ма төрағасы – ректор міндетін атқарушы Қайрат Нұрманбетов іс-шарада құттық­тау сөз сөйлеп, жәр­меңкеге қатысқан жұмыс беру­ші мекемелерге алғысын білдірді.

– Жоғары оқу орнынан түлеп ұшқан жастарға мұндай жәрмеңке – жұмысқа тұруға зор мүмкіндік. Жас мамандар алысқа бармай-ақ, түйіндемесін арқалап әр мекемені араламай-ақ осында компания, мекеме өкілдерімен көзбе-көз сөйлесіп, мамандығы бойынша жұмысқа орналасуға көп мүмкіндігі бар. Ендеше, жастар осы жеңіл­дікті пайдаланып, өздері оқып бітірген мамандығының келешекте жемісін көруге тілектеспіз. Біздің жоғары оқу орны сапалы мамандар даярлайды. Бүгінгі таңда мегаполистегі жетекші кәсіпорындармен келісім жасалып, сол бойынша дуальді оқыту жүйесі қолға алынған. Яғни студенттер теория­мен бірге сол кәсіпорында станоктармен жұмыс істеп, тәжірибесін шыңдайды. Бұл келешекте олардың кәсіби маман атануына, сол жерде жұмысқа қабылдануына үлкен мүмкіндік береді, – деді Қ.Нұрманбетов.

Жәрмеңкеде Еңбекші ауданы бойынша Мансап орталығының еңбек ресурстарын болжау және жұмыспен қамту бөлімінің басшысы Нағима Досанова, «Renaissance SHIK» ЖШС директоры Игорь Карпов, «Сити-инжинеринг» ЖШС дирек­торы Саиддин Ажидиновтар да ізгі тілек білдіріп, жас түлектерге табыс тіледі. Олар өз кезегінде оқу орда­сының білімді, ізденісі жоғары жас­та­рына бос жұмыс орындарын ұсы­нуға әрдайым дайын екенін жеткізді.

Ал іс-шара барысында бітіруші түлектер жұмыс берушілермен сұхбаттасып, мамандықтары туралы толыққанды ақпарат алып, мекемелердің өтінішімен түйіндемелерін қалдырып кетті. Мәселен, кілем өнімдерін шығаратын жергілікті «Бал текстиль» компаниясы кілем тоқитын станоктарға операторлар қажет екенін жеткізді. Жұмысқа тұруға келген жастарды аталған станокта қалай жұмыс істеу керектігіне оқытып, сол үшін бастапқы үйрену сатысында ақша төлеуге де дайын. Бұл кәсіпорын тек кілем тоқымайды, оған керекті жіпті де өздері иіреді екен. Онда қазір 500-ге жуық адам еңбек етеді. Аталған фабрикаға жұмысқа қабылданған азаматқа барлық әлеуметтік жеңіл­дік қарас­тырылады. Соның ішінде тегін түскі ас, жұмысқа тегін тасымалдау, тегін арнайы киіммен қам­тамасыз ету секілді жеңіл­дік­тер бар. Алғашқы жұмысқа орна­лас­қан кезде жұмыскердің айлық жалақысы 150 мың теңгеден бас­талып, тәжірибесі мен біліктіліне қ­арай жоғарылай береді.

Сондай-ақ қаладағы тағы бір ірі тоқыма фабрикасы «Азала текстиль» компаниясы да өздеріне тігінші, тоқымашы, химия­лық зертханашы мамандарын жұмысқа қа­был­дауға осы жәрмеңкеге келіп­ті. Бұл кәсіпорында да ең төменгі айлық жалақы 150 мың теңгеден бас­талады екен. Мамандар екі ауысым бойынша жұмыс істейді. Асханада тамақтану өте арзан дейді компания өкілдері. Мәселен, кешен­ді түскі ас 500 теңге тұрады. Деген­мен жұмыс берушілер тоқыма стано­гін­де жұмыс істеу оңай емес екенін айтты. Білікті тоқымашы болу үшін біраз тәжірибе мен төзім қажет.

Сонымен қатар жәрмеңке ке­зін­де қатысушылар арасында қы­зық­ты ойындар ойнатылып, іс-шара думанды концертке ұлас­ты. Биыл­ғы жәрмеңкеге ірі өн­діріс ошақ­тарымен бірге Шым­кент қала­сы әкімдігіне қарасты бас­қар­ма­лар, Түркістан облыстық соты­ның кеңсесі, қос өңірдің прокурату­ра­сы, халыққа қызмет көрсету орта­лық­тары, мегаполистің мәдени ме­ке­мелері мен кітапханалары қатысты.

 

ШЫМКЕНТ