Қоғам • 31 Мамыр, 2024

Алаң қашан ашылады?

108 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

2022 жылғы 16 маусымда Ұлытаудың етегінде, Жошыхан кешенінде тұңғыш Ұлттық Құрылтай болып өтті. Сол құрылтайда ел Президенті көптеген құнды бастамалар көтерді, Қасым-Жомарт Тоқаев Әулиетаудың етегінде Мемлекеттік рәміздер алаңын ашуды тапсырды, деп жазады Egemen.kz.

Алаң қашан ашылады?

Президент Ұлытаудағы сол Құрылтайда «Ұлттық Құрылтайдың Ұлытауда басталғаны дұрыс болды. Киелі өлкеміз Жаңа Қазақстанды құру жолындағы бірліктің символына айналды. Осы орайда, мен тағы бір маңызды бастама көтергім келеді. Бұл жерде барлық рулардың таңбасы тасқа жазылған. Сол арқылы бабаларымыз ұлт бірлігін көрсеткен. Қаныш Сәтбаев «Еліміздің ту тіккен жері – Таңбалы тас» деген. Өкінішке қарай, қастерлі жазулар кейін әбден бүлінді. Ел азаматтары Ұлытауға ескерткіш қойып, тастағы таңбаларды жаңғыртты. Бірақ, бұл жеткіліксіз деп ойлаймын. Мұнда қазақтың бірлігін әйгілейтін сәулетті нысан тұруы керек. Мен Әулиетаудың етегінде Мемлекеттік рәміздер алаңын ашуды тапсырамын. Қасиетті өңірде Көк Байрағымыз асқақтап тұруға тиіс. Сол арқылы ұрпақтар сабақтастығы жалғасып жатқанын көрсетеміз. Тамыры терең мемлекеттігіміздің жаңа дәуірі басталғанын білдіреміз», деген болатын. Бұл бастама естіген елді тебірентіп жіберді, көңілдер қуанышқа кенелді. Міне, содан бері екі жыл уақыт өтті.

2023 жылы Конституция күніне арналған салтанатты жиналыста облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы Мемлекеттік рәміздер алаңы туралы арнайы тоқталып, «эскиздер жасалып, бекітілгенін, конкурстық  жұмыстардың ұйымдастырылғанын, құрылыстың басталатынын және «Құдай қаласа, келесі жылғы Рәміздер күнінде ашу жоспарда бар» деген еді. Бұған да жылға жуықтады. Мемлекеттік Рәміздер күні қарсаңында «Осы нысан ашылып қала ма?» деп қызығушылық танытқанда білгеніміз, «құрылыс енді -енді ғана қыза бастағанға» ұқсайды. Себеп?

Ұлытау облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Тимур Әлиханұлы Бижанов мұның нақты себебін ашып айтпаса да, сөзінің ауанынан ауа райы қолбайлау болды дегісі келетінін  аңғарып қалдық. Мүмкін...

Бірақ, тапсырма берілгелі екі жыл өтті ғой.  Бір алаң құрылысын тап-тұйнақтай етіп бітіріп тастау үшін бұл аз уақыт болмаса керек. Осының өзі де көп нәрсені аңғартады. Тереңдеп керегі де жоқ-ау... Бәрі айтпаса да түсінікті емес пе? Кім кінәлі, неге бұлай? Мұндай сұрақтарға мың сан жауап табуға да болады. Бірақ, бір нәрсе анық, ел басшысының ең алғашқы Ұлытаудағы Ұлттық Құрылтайда берген тапсырмасын орындауда ұлытаулықтарға ілкімділік жетіспей жатыр. Әйтпесе, алдағы Рәміздер күнінде Мемлекеттік Рәміздер алаңы салтанатты жағдайда ашылып жатар болса, сәні де, мәні де қабысқан шаруа болмас па еді?..