Президент • 03 Маусым, 2024

Дайындық деңгейі әрдайым жоғары болуға тиіс - Қ.Тоқаев

48 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматыда Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Парламенттік Ассамблея Кеңесінің отырысына қатысушылармен кездесуінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ҰҚШҰ ұжымдық қауіпсіздік күштері мен құралдарының дайындық деңгейі әрдайым жоғары болуын тағы бір маңызды басымдық деп атап өтті, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Дайындық деңгейі әрдайым жоғары болуға тиіс - Қ.Тоқаев

Фото: Ақорда

«Ұйым төрағасы ретінде ҰҚШҰ-ның басқару органдарының, сондай-ақ күштері мен құралдары құрылымдарының жедел және әскери дайындығын күшейту үшін бірлескен іс-шараларды уақтылы жүзеге асыруға айрықша мән береміз. Биыл күзде Қазақстан аумағында «Мызғымас бауырластық-2024» және «Жартас-2024» оқу-жаттығу жиындарын өткізуге белсенді әзірленіп жатырмыз», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент төтенше жағдайлардың алдын алу және оның салдарын жою жөніндегі ынтымақтастықты Қазақстанның ҰҚШҰ-ға төрағалығы кезінде басымдық берілетін бағыт ретінде атап өтті.

«Өңіріміздегі су тасқынына байланысты қалыптасқан жағдай табиғат апатының қаупі қаншалықты зор екенін көрсетті. Қазақстанға оның салдары оңай тимеді. Осы мүмкіндікті пайдаланып, еліміздегі су тасқыны кезінде тілеулестік білдіріп, көмек көрсеткені үшін мемлекеттеріңізге ризашылығымды білдіремін. Біз бұл қолдауды жоғары бағалаймыз», деді Президент.