Өндіріс • 04 Маусым, 2024

Мыс балқыту зауыты салынады

55 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Премьер-министр Олжас Бектенов пен China Nonferrous Metal Mining Co. Ltd. Директорлар кеңесінің төрағасы Си Чжэнпин мыс саласындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Кездесу нәтижесінде Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің қатысуымен жылдық қуаты 300 мың тонна болатын мыс балқыту зауытын салу туралы келісімге қол қойылды.

Мыс балқыту зауыты салынады

Фото: kaz.nur.kz

Келісімге тапсырыс беруші ретінде әрекет ететін «Kaz Minerals Smelting» ЖШС, технологиялық жабдықты жобалау және сатып алу қызметтерін жеткізуші компания China Nonferrous Metal Industry’s Foreign Engineering and Construction Co., Ltd. (NFC), сондай-ақ құрылыс және іске қосу-жөндеу жұмыстарының мердігері «NFC Kazakhstan» ЖШС компаниялары арасында қол қойылды.

Зауыт Абай облысындағы Ақто­ғай кентінің маңында салына­ды. Шикізат көзі Бозшакөл және Ақтоғай тау-кен байыту кешендерінің, «Шығыстүстімет» ЖШС байыту фабрикаларының мыс концентраты болмақ. Зауыт құрылысының қорытындысы бойынша әлемдегі ең ірі мыс кеніштерінің бірін және қазіргі заманғы мыс балқыту өнді­рісін біріктіретін кластер құрылатын бо­лады. Алдын ала құны 1,5 млрд доллар болатын жобаның пайдалану кезеңінде мыңнан астам жаңа жұ­мыс орны ашылады. Жоба 2028 жыл­дың соңына дейін пайдалануға бері­леді.

Жоғары технологиялық өнім шығаратын кәсіпорын респуб­ли­кадағы ең ірі өндіріс орнына айналмақ. Мыс балқыту өндірісі саласында қолданылатын технологиялар әлемдік экологиялық стандарттарға сәйкес келеді.

Кәсіпорын нарықтың құра­мында мыс бар шикізат пен катодты мыс өңдеуге деген ішкі қажеттіліктерін қамтамасыз етеді. Айта кету керек, катодты мыс электр энергетикасында, машина жасауда және басқа да өнеркәсіп салаларында кеңінен қолданылады. Сонымен қатар жаңа зауыт тазартылған алтын, күміс және күкірт қышқылын шығаруды жос­парлап отыр.

«Мемлекет басшысы орнықты экономикалық өсім міндетін қойды. Жаңа мыс балқыту зауытының құрылысы – елімізде өндірілетін мыс шикізатын қайта өңдеу көлемін арттыруға мүмкіндік беретін және экономикаға елеулі үлес қосатын ірі индустриялық жоба. Мыс саласы біздің өнеркәсіптің басым секторларының бірі және біз үшін оның қарқынды дамуы өте маңызды»,  деп атап өтті Олжас Бектенов.

Айта кетейік, China Nonferrous Metal Industry’s Foreign Engineering and Construction Company Ltd («Non Fer­rous China») – акциялары Шэньч­жэнь қор биржа­сын­да ай­­на­­лымдағы, мемле­кет бақылай­тын компания. Ха­лық­аралық жо­ба­лау мердігерлеріне және түсті ме­тал­дар ресурстарын әзір­леуге қа­ты­сады. NFS Қытайдан тыс жер­лерде түсті металдарды өн­­діру және өңдеу бойынша тау-кен ак­­тив­теріне инвестиция салған ал­ғашқы Қытай компаниясы, соны­мен қатар ҚХР-да тау-кен жобалары­на иелік ете­ді. Әлемнің 20-дан астам елінде іскер­лік қызмет жүргізеді. NFC Kaz Mine­rals-дың Бозшакөл, Ақтоғай және Бозымшақ жобаларында жетекші мердігер болды.