Үкімет • 06 Маусым, 2024

Бюджетті жоспарлауда нақтылық маңызды

49 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен палатаның жалпы отырысы өтіп, депутаттар жаңа заң жобаларын жұмысқа алды. Атап айтсақ, Түркістан қаласына ерекше мәртебе беру, Қазақстан мен Сингапур арасындағы көрсетілетін қызметтер саудасы және инвестициялар жөніндегі келісімді ратификациялау туралы заң жобалары талқыланды.

Бюджетті жоспарлауда нақтылық маңызды

Рухани шаһардың мәртебесі

Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Нұртай Сабильянов баяндама жасап, «Қазақстан Республикасы мен Сингапур Республикасы арасындағы көрсетілетін қызметтер саудасы және инвестициялар туралы келісімді ратификация­лау туралы» заң жобасының қоры­тын­дысын әзірлеу туралы хабарлады.

Сондай-ақ «Түркістан қала­сы­ның ерекше мәртебесі туралы» және «Қазақстан Респуб­ли­ка­сының кейбір заңнамалық акті­леріне Түркістан қаласына ерекше мәртебе беру мәселесі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларының қорытындысын әзірлеу шешім­дері қабылданды. Бұл мәселе тура­лы баяндаған депутат Н.Сабильянов аталған заң жобалары Түркістан қаласын дамыту үшін тиімді институционалдық ортаны құруға, қаланың еліміздің рухани және тарихи орталығы ретінде қызмет ету саласындағы қоғамдық қатынастарды реттеуге, қаланың тарихи келбеті мен тарихи-мәдени мұра нысандарын сақтауға, құқықтық және ұйымдастырушылық жағдайлар жасауды қамтамасыз етуге бағыт­талғанын атап өтті.

«Қазақстан мен Қытай Үкі­мет­тері арасындағы мәдени орта­лықтарды өзара құру туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы жөніндегі Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның баяндамасынан соң, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Жанарбек Әшімжанов қосымша баяндама жасады. Осы заңның арқасында Қытайда Қазақстанның мәдени орталығы пайда болмақ.

 

Лудоманияға тосқауыл қойылады

Ойын бизнесі, лотерея және лотерея қызметі туралы заң жобасы бойынша Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Елнұр Бейсенбаев баяндама жасап, бұл мәселенің де қоғамдағы өзек­тілігіне тоқталды.

– Қоғамдағы өзекті мәсеселер­дің бірі – ойын бизнесін, лудома­ниямен күресті реттеуге арналған заң жобасы бүгін тағы да қарас­тырылғалы отыр. Құжат бірінші оқылымда мақұлданған болатын. Өздеріңіз білетіндей, бұл ең көп талқыланған заң жобасы болды. Заң жобасы ретін­де әзірленіп, үздіксіз тал­қы­ла­нып келе жатқанының өзіне 2 жылдың жүзі болды. Үкімет­тің қорытындысын алудың өзіне 1,5 жылдай уақыт кетті. Қоғам­дық диалог алаңдарында да, Парламентте де кеңінен талқыланды. Күні кеше Президент жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің отырысында да лудоманияға қарсы іс-әрекеттер жоспарын әзірлеу жайы арнайы сөз болды. Бұл осы мәселенің аса өзекті екендігін көрсетеді. Бұған Мемлекет басшысының өзі бірнеше рет арнайы тоқталып, оны ауыздықтау жөнінде нақты тапсырма берді, – деді Е.Бейсенбаев.

Бұл заң ендігі кезекте мемле­кет­тік және әскери қызметкер­лерге құмар ойындарға қатысуға тыйым салмақ. Ол туралы Мә­жі­лісте екінші оқылымда қабыл­данған ойын бизнесі, лотерея және лотерея қызметіне қатысты өзгерістер енгізілген Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте жазылған. Заңға Мемлекет басшысының халық арасында ойынға тәуелділікпен күресті күшейту жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыру аясында депутаттар бастамашы болды.

Түзетулерге сәйкес тұрғын­дар­дың белгілі бір тобына құмар ойын­дарға қатысуға және бәс тігуге тыйым салынады. Олардың қатарында 21 жасқа толмаған азаматтар, ойын және бәс тігуге қатысуы шектелген, оның ішінде өзін-өзі шектеген (6 ай­дан 10 жылға дейін), сондай-ақ бо­рышкерлердің бірыңғай тізі­ліміне сәйкес өтелмеген міндет­темелері бар тұлғалар кіреді.

Бұл қатарда мемлекеттік қыз­мет­шілер, әскери қызметкер­лер және арнайы мемлекеттік органдардың қызметкерлері де бар. Олар тыйымды бұзғаны үшін жұмыстан босатылады.

Заңды тұлғалардың құмар ойындарға қатысуына алғашқы үш санатқа рұқсат бергені үшін әкімшілік жауапкершілік белгі­ленген. Бұл жағдайда орта кәсіп­керлік субъектілеріне 300 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 1000 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Қайталап жасалған құқық бұзушылық үшін – лицензияның қолданылуын тоқтата тұру жазасы қарастырылған.

Сонымен қатар құмар ойын­дарға тәуелділікпен күрес туралы заң аясында электронды казино мен онлайн-казино қыз­метін ұйымдастырғаны үшін заң­ды тұлғалар қылмыстық жауап­кершілікке тартылады. Жаза ретiнде 2000 айлық есептiк көр­сет­кiшке дейiнгi мөлшерде айып­пұл салу, не 600 сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстар­ға тарту, не екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеу немесе мүлкі тәркіленіп, сол мерзімге бас бостандығынан айыру ұсынылады.

Енді букмекерлік кеңселер өздерінің аппараттық-бағдар­ламалық жүйелерін Мемлекеттік кірістер комитеті мен Қаржы мони­торингі агенттігінің қол­да­ныстағы ақпараттық жүйелері­мен біріктіруге міндетті. Осы­лай­ша мемлекет олардың барлық қар­жылық операциясын көріп отырады.

Сонымен қатар Қазақстан аумағында лицензиясы жоқ шетел­дік букмекерлік кеңселер мен букмекерлік дүкендердің интер­нет-ресурстарының қыз­меті­не тыйым салынды. Уәкі­лет­ті органның шешімімен қызметі заңсыз деп танылған шетел­дік ойын бизнесін ұйымдас­тыру­шылардың тізімі жүргізіледі.

 

Букмекерлік кеңселерді жарнамалауға жол жоқ

Елімізде букмекерлік кеңселер мен лотереяларды жарнамалауға жол жоқ. Нақты айтсақ, ойын бизнесі туралы заң букмекерлік кеңселер мен букмекерлік дүкен­дер­ді ғимараттардың, құры­лыс­тардың және көліктердің сыртында жарнамалауға, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдары, кино, бейне және анықтамалық қызметтерде жарнамалауға толығымен тыйым салады.

Дегенмен букмекерлік кеңсе­лер мен букмекерлік дүкен­дердің орналасқан жерінде, спорт ғимараттарының ішінде, спортшылардың жабдықтарында, спорттық теле-радио арналарда, спорттық іс-шараларды көрсетуге мамандандырылған интернет-ресурстарда жарнамаға рұқсат етіледі. Бұл ретте отандық телеарналар халықаралық спорт жарыстарын тікелей трансляциялау кезінде букмекерлік кеңселер мен ұтыс ойынын жарнамалай алады.

Сонымен қатар түзетулерде ұялы байланыс операторларына электронды казинолар, онлайн-казинолар, сондай-ақ халық­тың абоненттік құрылғыларына құмар ойындар мен бәс тігулер туралы жарнаманы қамтитын мәтіндік хабарламалар жіберуге тыйым салу көзделген.

Жаңа заңда лотерея би­лет­терін тарату ережелері белгі­ленеді. Лотерея билеттерін, оның ішінде электронды билеттерді тек лотерея операторы мен агенті арқылы таратуға болады. Оларды сатуға лотерея тер­ми­нал­дары, стационарлық емес сауда объектілері, пошта опера­торының пошта байланысы филиалдары және лотерея операторының филиалдары арқылы рұқсат етіледі.

Бұл ретте тұрғын үйлер мен жатақханаларда, мәдениет ұйым­дары орналасқан жекелеген ғи­мараттар мен құрылыстарда, білім беру және денсаулық сақтау ұйымдарында, діни ғимараттар мен құрылыстарда лотерея билет­терін таратуға және терминал­дар орнатуға тыйым салынады.

Осы заң жобасы жайлы баян­даған депутат Е.Бейсембаев 21 жасқа толмағандарға энерге­ти­калық сусындар сатуға тыйым салынатынын да айтты. Енді энергетикалық сусындарды сатып алу үшін азаматтардың жасы 21-ден асқан болуы керек. Оларды 21 жасқа толмаған адамдарға сатуға (соның ішінде сатушының қатысуынсыз – автоматтар, басқа электрондық немесе механика­лық құрылғылар арқылы) ты­йым салынады. Тиісті түзетулерді Мәжіліс депутаттары қабылдады.

 

Бюджетті болжауға білік керек

Үкімет және Жоғары аудитор­лық палатаның 2023 жылғы рес­пуб­ликалық бюджеттің атқа­рылуы туралы есептері жөнінде Қар­жы министрі Мәди Тәкиев баяндады.

– Өткен жылдың қорытын­дыларының оң серпіні байқалды. Мәселен, былтыр ішкі жалпы өнімнің өсуі 5,1%-ды құрады. Бұған негізгі капиталға салынған и­нвес­­тициялардың өсуі мен эк­о­но­ми­каның негізгі салалары, өң­деу өнеркәсібі, құрылыс, сауда-сат­тық, көлік салаларының дамуы есебі­нен қол жеткізілді. Жылдық инфля­ция деңгейі 2022 жылмен салыс­тырғанда 2 есеге төмендеп, 9,8%-ды құрады. Қажетті қаржы­лан­­дыру­мен қамтамасыз ету, мем­лекетке өзінің әлеуметтік міндеттемелердің барлығын орындауға мүмкіндік берді, – деді министр.

Сондай-ақ осы мәселе туралы Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов қосымша баяндап, Мәжілістегі саяси партиялар фракциясының жетекшілері сөз сөйледі.

Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов депутаттардың ұсынысы бойынша биыл да аудиторлар мемле­кет­тік ресурстардың жұмсалуын қол жеткізілген нәтижелерге сүйене отырып қарағанын атап өтті. Алайда жоспарланған макрокөрсеткіштердің жартысына жуығын статисти­каның кеш қалыптасу себебінен бағалау мүмкін болмаған. Ол жасанды интеллек­тіні пайдалана отырып, бюджеттік және стратегиялық жоспарлаудағы бол­жамдау функциясын жақ­сарту үшін шұғыл шаралар қажет екенін атап өтті.

Ал Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Татьяна Савельева қосымша баян­дамасында бөлінген қаражат пен нәтиже көрсеткіштері арасындағы байланыстың жоқ­тығына тоқталды. Оның айтуынша, 177 макрокөрсеткіштің 22-сіне қол жеткізілмеген және 86-сының орындалуы туралы деректер жоқ. Бұл жалпы алғанда, барлық макрокөрсеткіштердің 60 пайыздан астамын құрайды.

«Аmаnаt» фракциясы есепті көр­сетілген ескертулермен бекіту керек деп есептейтінін айтты. «Ауыл» фракциясы да Үкі­мет есебін бекітуді қолдады. Ал Қазақ­стан Халық партиясы мен «Ақ жол» партиясының фракциялары қарсылық білдірді. Бұл ретте «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев Мәжіліске Жоғары аудиторлық палатасы анықтаған бюджеттік бұзушылықтар мен сыбайлас жемқорлық фактілері бойынша Парламенттік тексеру жүргізу құқығын беруді ұсынды. Жалпыұлттық социал-демократиялық патриоттық партиясы фракциясы дауыс беруден мүлде қалыс қалды.

Талқылауды қорытынды­лаған Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Үкіметке айтылған сын-ескерт­пелердің орынды екенін атап өтті. Басты мәселелердің бірі – бюджетті болжау мен жоспар­лаудың сапасыз жүргізілуі. Спикер оларды заңнамалық деңгейде шешу қажеттігіне назар аударды.

– Біз қазір жаңа Бюджет кодексі­нің жобасымен жұмыс істеп жатыр­мыз. Жақында Пар­ла­мент­ке жаңа Салық кодексі енгізі­леді. Кейбір мәселелер бойын­ша Үкіметпен әзірге ортақ түсініс­тікке келген жоқпыз. Мыса­лы, дивидендтер, бюджет­тік емес қорлар және қаржы ағы­­нын Парламенттің толық бақы­лауы бойын­ша бір шешімге келмедік. Үкімет депутат­тардың ұсыныстарына байыппен, мұқият қарауы қажет. Осы кодекс­термен бірлесіп жұ­мыс істе­генде аталған мәселелер­ді ескерген жөн. Мемлекет басшы­сының тапсырмаларын орындау­да, бюджет үдерісінде де бізге ортақ жауапкершілік жүктелгенін ұмыт­пауымыз керек, – деп түйіндеді Палата төрағасы.

Регламентке сәйкес Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның 2023 жылғы республикалық бюд­жеттің атқарылуы туралы есеп­терін қорытынды қарау Пар­ламент палаталарының бір­л­ес­кен отырысында өтеді.