Министрлік өкілінің сөзінше, қазіргі еңбек нарығына алғаш келген қызметкерлердің деректері бірден электронды форматта тіркеледі. Соның негізінде еңбек өтілі сақталып, болашақта зейнетақы мен әлеуметтік төлемдерді рәсімдеуге мүмкіндік береді.
«Қазіргі таңда қызметкерлердің еңбек қызметі цифрлық жүйеде жүргізіледі. Осы арқылы еңбек өтілін растау және әлеуметтік қолдау шараларын рәсімдеу әлдеқайда жеңілдеді», деді Бахтияр Жазықпаев.
Оның айтуынша, зейнетақы мен жәрдемақы тағайындау кезінде негізгі деректердің басым бөлігі қазірдің өзінде цифрландырылған. Сондықтан қағаз құжаттарға деген қажеттілік азайып келеді.
Сонымен бірге, 1998 жылға дейінгі еңбек өтіліне қатысты кейбір деректер әлі де архивтерде сақталып отыр. Осы мәселені шешу үшін мемлекеттік органдар e-архив жүйесімен интеграция жүргізіп жатыр.
«Біз e-архив жүйесімен жұмыс істеп жатырмыз. Соның арқасында азаматтар зейнетақы тағайындау кезінде ескі еңбек кітапшаларындағы мәліметтерді өздері дәлелдеудің қажеті болмайды. Қажетті ақпарат архивтерден автоматты түрде алынады», деді ол.
Енді азаматтар зейнетақы активтерін интернет-платформа арқылы бақылай алады
Осылайша, елімізде еңбек өтілін есепке алу толық цифрлық жүйеге көшіп келеді. Ал қағаз еңбек кітапшалары тек өткен жылдардағы еңбек тәжірибесін растауға арналған қосымша құжат ретінде ғана сақталады.