Кәсіпкер • 06 Маусым, 2024

Алтай күртешесі сұранысқа ие

143 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Кәсіптің көзін табу бар да, оны дөңгелетіп әкету бар. Бастаған ісіңе қызықсаң, дөңгелейді. Әйтпесе бір орында табандап тұрып алады. Тігінші Саят Шаяхметов Өскемен өңірінде жоқ кәсіпті қолға ала салып, шырқ үйірді. Ол қазір тау-тасқа, табиғатқа киетін брендті күртеше мен сөмкелердің түр-түрін тігіп жүр.

Алтай күртешесі сұранысқа ие

Суретті түсірген – Аяужан Мұратханқызы

Оның «Altay Out Wear» деп атала­тын күртешелері айналдырған бір жа­рым жыл ішінде шығысқа танылып үлгер­ді. Әсіресе туризммен айналысатын азамат­тар­дың сұранысына ие. Сусыма мате­риалы шелектеп төккен жаңбырдың астын­да қал­саң да су өткізбейді. Тым қалың да емес. Соның өзінде тау салқынында тоң­дыр­­­майды. Былайша айтқанда, дене тем­пе­­ра­­ту­расын ұстап тұратын қасиеті бар. Са­па­сына да көпшіліктің көңілі толады екен.

Шығыс Қазақстанның тұмса табиғатын туристерге қысы-жазы аралатып жүретін туристік оператор Айгерім Әбеджанованың айтуынша, Саяттың қолынан шыққан күртешелердің сапасы мен сәні үйлесіп тұр. Әр адам­ның өлшеміне қарай дене­сіне қона кетеді.

п

– Өскеменде таби­ғат­қа ар­налған киімдердің шыға­ры­лып жатқаны шын қуант­ты. Біз ала жаздай Алтайдың қойын-қонышын аралаймыз. Сон­­­­дайда киюге қолайлы күр­­те­­­шені жерлесімізден сатып алып жүрміз. Шетелдің бренд­те­­рінен асып түспесе, кем емес. Тек қолдау керек. Қолдау деп отырғаным, елімізде жасалған өнімді тұтынайық дегенім ғой. Насихаттайық. Қажет болса, жар­намасын да жасаймыз, – дейді шын жанашырлық таны­тып жүр­ген Айгерім Әбеджанова.

Жарнама дегендей, қазір тігін цехы киім-кешекті сұраныс­қа қарай тігіп отыр. Егер қызығу­шы­лық танытып, сұраныс көлемі арта бастаса, тігінші мамандар жағынан мәселе туындауы мүм­кін.

– Цехта бір тігінші жұмыс істеп отыр. Өзім дизайнын сызып, киімді пішіп беремін. Сөйтіп, екі жақтап тігеміз. Күртешеден бөлек арқаға асатын сөмкелер де бар. Жуықта колледж түлектерімен кездестім. Цехта жұмыс істейміз деп ниет білдіргендер болса, үйретуге әзірмін, – дейді тігінші Саят Шаяхметов.

Бір қызығы, Саяттың тігін­шілік арнайы білімі жоқ. Кішкен­тайынан анасының қасында жүріп, тігін тігуге қызыққан. Өзі­не киім тігіп, кейін хоббиіне айнал­дырған. Қызығушылығы бұл күнде кәсібіне айналып отыр.

щ

– Бір жақсысы, сұраныс жыл он екі ай бар. Қыста дүке­німізге шаңғышылар жиі бас сұқса, жаздың күні альпинистер келеді. Әйтеуір, көптің көңілінен шығып жатыр, – дейді кәсіпкер.

Көңілден шықпағанда ше? Өнімдері шетелдік брендтерден еш кем емес. Айтуынша, айтулы модадағы киімдердің эле­мент­терін пайдаланады, оған өз қиялын қосады. Сөйтіп, қызылды-жасыл сәнді де сапалы киім тігеді. Сәннен бұрын, тау-таста жүруге өте ыңғайлы. Шикізатты Қытайдан жеткізеді. Қыл аяғы жіпке дейін шетелден сатып алатынын айтты Саят сәл өкінішті жүзбен. Иә, өзімізде өндірілетін шикізаттың кемшін екені белгілі.

Шындығында, жіп есіп, мата шығарамын деген жас мамандар, кәсіпкерлер табылса, мемлекет тарапынан қолдау бар көрінеді. Олай дейтініміз, Саят Шаяхмет шағын цехын кеңейту үшін 2,5 пайызбен 5 млн теңге несие алған. Былтыр күзде 5 млн теңгенің грантын және ұтып алған. Түскен қаржының барлығын кәсібіне салып, өнім түрлерін арттыра түскен. «Altay Out Wear» атты күртешелерін Алматы мен Шымкент қала­ла­рына да жіберіп отырады. Алдағы уақытта Астанадан да сауда нүктесін ашып қоюды мақ­сат етіп жүр. Осы аяқ алысынан танбаса, әр қаладан дүкен ашу мүмкіндігі бар. Тек, ерінбей еңбектену қажет.

Ең үлкен мақсаты – өзінің туған аулы Катонқарағайда, Алтай тауының баурайында тігін цехы­ның іргетасын қалап, алыстан ат шалдырып жеткен туристерге табиғатқа арналған күртешелерін ұсыну. Себебі Алтайды танытып жатқан киім Шығыстың төрінде тігілуі керек деп есептейді.

 

Шығыс Қазақстан облысы