Бизнес • 06 Маусым, 2024

Кәсіптегі франшизаның рөлі

34 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Франчайзинг – бизнеспен біте қайнасқан ұғым. Бұл – қандай да бір бизнес иесі (франчайзер) басқа кәсіпкерге (франчайзиге) өзінің бренді мен бизнес үлгісін ақылы түрде пайдалану құқығын беретін серіктестік. Әлемдегі алғашқы франшиза Иссак Зингердің тігін машиналар компаниясы саналады. Тұңғыш франчайзер 1851 жылы аңызға айналған тігін машиналарын өзгелерге сату мен жөндеу құқығын беруге заңды түрде қол қойған.

Кәсіптегі франшизаның рөлі

Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»

Біз білетін шетелдік «Adidas», «Coffee­Boom», «KFC», «Bronх» сияқ­ты ком­па­ниялардың бар­лығы – еліміздегі шетелдік фран­шизалар. Олардың қатарына киім-кешек дүкендері де, тамақ­тандыру, спорт, білім беру орта­лықтары да жатады. Әлем сахнасында франчайзингтің орны бөлек, өйткені оның пайда болуымен ұтымды кәсіптің де, сауатты кәсіпкерлердің де саны арта түсті. Оған қоса халықаралық қатынастардың жаңа желісі пайда болып, нарықтағы салауатты бәсекелестіктің жоғарылауына оңынан әсер етті.

Елімізде франчайзинг қаты­настардың кәсіпкерлік секторды қамту ауқымы өте кең – 1 000-нан астам сауда орны мен 200-ге жуық желілік өкілдік бар. Бұл тек импорт пен ше­телдік компаниялардың кеңеюі туралы сөз емес, сонымен қатар ұлттық брендтердің пайда болуын­­ ­да білдіреді. Мұның айқын дәлелі – әлемнің түкпір-түкпіріндегі жүздеген мың адамның «Айкуне» гимнастикасының емдеу технологиясын қолдануы.

2002 жылы елімізде «Кешендік кәсіпкерлік лицензия (франчайзинг) туралы» заң қабыл­данды және дәл сол жылы Қазақстан франчайзинг қауымдастығы (ҚФҚ) құрылды. Қауым­дастық президенті Бекнұр Қисықовтың пікірін­ше, шетелде отандық кондитерлік франшизалар да бар, бірақ олар әзірге кең таныла қойған жоқ.

«Франшизамен айналысуға бел буған адам көптеген қиын­дық­тан өтуі мүмкін. Басты қиындық – өзіміздің фран­ши­заларға сенімнің жоқ­тығы. Неге екенін білмеймін, бірақ жас кәсіпкерлердің арасында өзіміздің франчайзингте алаяқтық көп деген көзқарас қалыптасқан. Бірақ менің ойым­ша, шетелдік франшизалармен серіктестік құру бары­сында түрлі алаяқтарға кезі­гіп қалу мүмкіндігі әлдеқайда жоғары. Тағы бір қиындық – франчайзилердің франчайзермен заңды қарым-қатынас орнату кезінде қойылатын талаптарға толық назар аудармауы», дейді Б.Қисықов.

Франчайзинг – адамдар арасындағы қарым-қатынасқа негі­з­делетін бизнес. ҚФҚ прези­дентінің пайымдауынша, сала заңдылықтарын дұрыс түсін­беген адамдар бір-бірінің интеллектуалды меншіктерін құр­мет­темейді.

«Франчайзилер келісім­шарттың мерзімі аяқтал­ғаннан кейін өздері меңгеріп алған франчайзидің технологиясына негіздеп жаңа кәсіп ашып жатады. Мұндай әрекеттер кәсіби этикаға қайшы келетінін ұмытпау керек. Өйткені мұның бәрі франшизаның басты қағидаты – серіктес пен өзіңе деген сенім мен адалдықты жоққа шығарады», дейді.

Ол жаңадан кәсіп ашудың орнына да­йын франшизамен жұмыс істеу қаншалықты ұтымды екенін де айтты:

«Бұл салаға таңдау еркіндігіне байланысты сын көп айтылады, бірақ шынайы статистикаға сүйен­сек, стартаптардың 95%-ы бес жылдан кейін тоқтап қалады. Ал франшизалардың 85%-ы өз позицияларын сақтайды. Сондықтан кә­сіп­керлер өсіп-өнуінің кепілдігі жоқ жаңа биз­неске қарағанда нағыз тәжірибені ұстанған фран­чайзингтерге инвестициялауды жөн санайды. Дегенмен франчайзинг нарықты толықтай басып алмайды, бұл мүмкін емес. Мысалы, ол дүниежүзілік ішкі жалпы өнімнің 3-7%-ын ғана алады, ал бізде бұл көрсеткіш тіпті 1%-ға да жет­пейді. Франчайзинг пен стартап – бір-біріне ке­дер­гі келтірмей тең жүретін екі параллель».

Стартап пен франшизаның арасында біраз уақыт теңселіп, нәтижесінде, таңдауы франшизаға түскен отандық кәсіпкерлер аз емес. Солардың бірі – Айдарәлі Раманов. Ол былтыр «Urbo Coffee» кофехана желісінің франшизасын сатып алып, бір нүктесін ашқан екен.

«Франшизаның артықшылығы – дайын бизнес-үдерістерді береді. Қызметкерді жал­даудың, жұмысқа қажет құралдарды табудың барлық жолын ұсынады. Кадрларды оқытумен қатар ақауы бар құралдарды жөндеп береді, себебі олардың барлығы лицензияланған. Менің түсінгенім – бастапқы бизнесті франшизамен бастаған дұрыс екен, себебі ол – бизнесті жүргізу барысында туындайтын барлық сұраққа да­йын жауабы бар жүйе. Жаңа ашылған бизнестің шығыны көп, оны жүргізу қиынға соғады», дейді кәсіпкер.

Биыл отандық франчайзингтің жаңа тол­қыны бастау алмақ. Себебі бұл саланың жана­­шырлары арасында түркі кеңістігіндегі франчайзингті дамыту туралы сұрақтар да көп талқыланып жүр. Мысалы, Орталық Азия франчайзинг бірлестігінің (ОАФБ) төрағасы Гүлбану Майғаринаның ойын­ша, фран­чайзингтегі өзекті трендтер мен озық тәжірибелерге деген түркі елдерінің өзіндік қалыптасқан тың тәсіл­де­рі­мен танысу біз үшін ерекше пайдалы болмақ.

«Дәл қазір бізге түрік кеңістігіндегі фран­чай­зингті дамытудың негізгі қырларын, бар проблемалар мен қиындықтарын, сондай-ақ болашақ ынтымақтастық бағыттарын анықтау ма­ңызды. Қазпатентте тіркелген 2,8 мың фран­чай­зингтік келісім бар, бірақ шындығына келгенде олардың әлдеқайда көп екені түсінікті ғой. Олардың 900-і ғана «Олимп» зертханаларынан келеді, қалғандарының саны тіптен аз. Бар себеп кәсіпкерлердің франчайзингтік келісім­де­рін тіркемеуінде. Мұндай жағдайда бұл келісім­шарт­тардың ешқандай заңды күші де болмайды», дейді.

Қалай болғанда да елдегі франчайзингтің дәре­жесі халықаралық көрсеткіштерден әлде­қайда төмен. Отандық нарықта «New Yorker», «Jack & Jones», «Name it», «Marc O'Polo», «Digel», «Calvin Klein Jeans» сынды алып бренд­терді енгізген франчайзинг және бизнесті дамы­ту сарапшысы Музаффар Мадалиев елдегі фран­чайзингке кедергі келтіретін басты себепті айтты.

«Франшизаны сатып алушы клиенттердің арасындағы кәсіби емес ритейлдер қаржылық жоспардың не екенін түсінбейді. Олардың үлгі алар қаржылық моделі жоқ, демек кіріс пен шығыс есебін қалай жүргізу керектігін білмейді. Олар таңдалған брендпен серіктестіктің қаншалықты сәтті, ұтымды болатынын зерттеп, талдау жүргізбейді. Бренд мұндай адамдардың ақшасы бар, бірақ білімі жоқ екенін бірден байқайды. Сондықтан олардың көбі әлеуетті франчайзилермен тіпті келіссөз жүргізуден бас тартады», дейді Музаффар Мадалиев.

Былтыр «McDonald's» компаниясы біздің нарықтан франшиза талаптары сақтал­мауы­ның әсерінен кетуге мәжбүр болған еді. Отандық франчайзи Ресей мен Украина арасындағы соғыс салдарынан ет өнімдеріне тапсырыс бере алмай, тауардың сапалы баламасы табылмаған. Біздегі ет өндірісі франчайзердің көңілінен шықпапты делінеді. Сөйтіп, еліміз үлкен жобадан айырылып қалды.

 

Әсем Жанатова,

ЕҰУ Журналистика және саясаттану факультетінің 2-курс студенті

Соңғы жаңалықтар