Қоғам • 06 Маусым, 2024

Адвокат – делдал емес...

52 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Өткен кеңес заманында қоғамдық санада қалыптасқан «Адвокат – судья мен айыпталушының арасындағы делдал» деген қате түсінік, өкінішке қарай, еліміздің тәуелсіздігі жылдарында да өзгере қойған жоқ.

Адвокат – делдал емес...

Фото: pixabay.com

Ал «Судьяға пара бермесең, мәселең дұрыс шешілмейді» деп жауапкер тү­гіл талапкерді де қылмысқа итерме­леп, аңқау жұртты алдап-арбап, шынтуай­тында, бас пайдасын күйттеп жүр­ген арамза адвокаттарды құқық қор­ғау органдары әшкерелеп жатыр. Мәсе­лен, былтыр шілдеде Сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жасы­рын іс-шараларды қолданудың нәти­жесінде бұрынғы Мәдениет және спорт министрінің адвокаты алаяқтық жасап, пара беруге итермеледі деген күдікпен ұсталғанын хабарлады. Ол сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін 8 жылға бас бостандығынан айырылған экс-министрдің қылмыстық жазасын жеңілдетіп, қамаудан босату үшін оның зайыбынан сот органдарының лауазымды тұлғаларына пара беруге 460 мың доллар алған. Тергеу амалдары барысында одан 255 мың доллар тәркіленген, ал қалған соманы өз қалауы бойынша жұмсап жіберген болып шықты. Алаяқ адвокат уақытша тергеу оқшаулағышына қамалған, сондай-ақ экс-министрдің зайыбы аса ірі көлемде пара беруге оқ­талу бойынша күдікті болып танылған.

Тергеу барысында экс-министрге 2022 жылдың желтоқсанында Астана қаласының тергеу оқшаулағышында болған кезінде қамаудан босатылып, өзінің қонақүйін меншігінде ұстап қалғысы келгендіктен, адвокаты арқылы лауазымды тұлғаларға аса ірі мөлшерде пара беру жөнінде қылмыстық ниет білдіріп, өзінің жарын парақорлыққа делдал ретінде тартуға шешім қабылдады деген айып тағылған.

Осы қылмыстық істі Астана қаласы­ның қылмыстық істер жөніндегі маман­дан­дырылған ауданаралық соты қа­рады. Оның барысында сотталушылар өз­деріне тағылған айыпты мойын­да­май, ақтауды сұраған. Бірақ олар­дың бәрінің де кінәсі куәгерлердің айғақ­тарымен, сараптамалардың қоры­тындыларымен, жасырын тергеу әре­кеттерінің нәтижелерімен және қылмыстық істің басқа да материалдарымен дәлелденген. Сөйтіп, сот­тың биыл 13 ақпанда шығарған үкімі­мен экс-министр аса ірі мөлшерде пара беруге оқталғаны үшін кінәлі деп танылып, 2023 жылғы 20 маусымдағы Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты тағайындаған қатаң жазаны неғұрлым қатаң жазаға ауыстыру жолымен өмір бойына мемлекеттік қызмет лауазымдарын атқаруға тыйым салына отырып, 11 жылға бас бостандығынан айы­рылды. Оның зайыбы парақорлыққа дел­далдық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, өмір бойы мемлекеттік қызмет атқаруына тыйым салынды және 6 айға бас бостандығынан айырылды. Ал адвокат аса ірі мөлшерде алаяқтық жасаға­ны үшін кінәлі деп танылып, 10 жыл мерзім­ге адвокаттық қызметпен айналысуға ты­йым салына отырып, 6 жыл 8 айға бас бос­тандығынан айырылды.

Астана қаласы прокуратурасының хабарлауынша, биыл ақпанда алқабилер сотының үкімімен адвокат әйел бірнеше рет алаяқтық жасағаны және аса ірі мөлшерде пара беруге итермелегені үшін кінәлі деп танылып, мемлекеттік қызмет лауазымдарын атқаруға өмір бойы тыйым сала отырып, 11 жылға бас бостандығынан айырылған. Ол өз қорғауына алған азаматтарды аса ірі мөлшерде пара беруге итермелеу арқылы олардың жалпы сомасы 164,9 млн теңге қаражатын заңсыз иемденген. Сотталушы адвокат алқабилерді соншама қаражатты өзінің көрсеткен қызметі үшін ақы ретінде алғандығына сендіруге тырысқанымен, мемлекеттік айыптаушы оның қылмыс жасағандығын бұлтартпай дәлелдеп берген.

Жақында Қостанай облыстық соты­ның баспасөз қызметі Қостанай қала­сының №2 сотында облыстық адвокаттар алқасының адвокаты алаяқтық жасап, бір азаматты лауазымды адамға пара беруге итермелегені үшін қозғалған қылмыстық іс қаралғанын хабарлады. Басына іс түс­кен азамат 2022 жылы қарашада өз құ­қын қорғау үшін аталған адвокатпен 600 мың теңгеге шарт жасайды. Ойлап қарасақ, бір қылмыстық іс бойынша ғана 600 мың теңге ақы алу кез келген адвокат үшін аз сома емес-ау. Алайда атам қазақ айтқандай, «дәніккеннен құныққан жаман». Қостанайлық адвокат та құныққандардың қатарынан екен. Ол биыл 27 ақпанда Рудный қала­лық соты қылмыстық істі прокурорға қай­та жіберу туралы шешімді жария еткеннен кейін күдікті азаматқа оның жағдайын жақсарту үшін прокура­тура қызметкерлері 2 млн теңге сома­сында ақша талап еткенін айтқан. Алай­да іс жүзінде адвокат тіпті прокуратура қызметкерлерінің ешқайсысымен кездесіп, сөйлеспеген. Кейін күдікті азамат адвокатының арамзалығын біліп қалып, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет­ке арыз түсірген. Осылайша, адвокат­­тың үстінен қылмыстық іс қозғалған. Кейін сот отырысы барысында ол өзінің кінә­­сін толық мойындап, сол үшін өкінетін­­ді­гін білдірген. Сот үкімімен оның қылмыс­тық жолмен алынған қаражатқа са­тып ­алын­ған 26 мың Ресей рублі түріндегі мүлкі тәркіленіп, мемлекеттік қызмет лауазымдарына орналасуға өмір бойы ты­йым сала отырып, 12 млн теңге мөл­шерінде айыппұл төлеу түрінде түпкілік­ті жаза тағайындалған.

Айта берсек, елімізде алаяқтығы әшке­реленген адвокаттар жайлы дерек аз емес. Мәселе – бастарына іс түскен азаматтарды ардан аттаған алаяқтардан арашалау қажеттігінде. «Мал аласы сыртында, адам аласы ішінде» дегендей, адвокат таңдау оңай шаруа емес. Осы орайда Парла­мент Мәжілісінің депутаттары мүдделі мем­лекеттік органдармен және қоғамдық ұйымдармен бірлесіп, адвокаттардың сот және прокуратура органдарының кейбір жең ұшынан жалғасуды жек көр­мейтін қызметкерлерімен тікелей қарым-қатынас жасауын болдырмау тетігін та­уып, заңдастырса, жөн болар еді. Сонда өз міндеті «делдалдық» жасау емес, азаматтарды заңды жолмен қорғау екенін жан-жүрегімен түсінетін нағыз адвокаттар көбейе түсері хақ.