Өндіріс • 07 Маусым, 2024

Ырыздықты еселеген еңбек

47 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

«Астана нан» ЖШС кәсіпорнының 49,3 мың шаршы метрді алып жатқан 6 өндірістік корпусында 13 өндірістік желі жұмыс істейді. Зауытта гербицидтің 29, инсектицидтің 11, фунгицидтің 6, тұқым өңдеуге қажетті дәрі-дәрмектің 7 түрі өндіріледі.

Ырыздықты еселеген еңбек

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Серіктестік ауыл шаруашы­лығы үшін өте қажетті химия­лық дәрі-дәрмек өндірумен айналысады. Уақыт сынағынан өткен өнім диқандар тарапынан біршама жоғары бағаға ие болғаннан кейін өз өнімін өткізу географиясы да кеңейе түскен. Нақтырақ айтқанда, кең-байтақ еліміздің кез келген түкпіріндегі ауыл шаруашылығы құрылымдары осы зауыттың сапалы өнімдерін кәдеге жаратып жүр. 15 жыл бойы үздіксіз өнім өндіріп, артықшылығының арқасында импортпен бәсекеде жеңіске жетіп келеді.

Дамудың даңғыл жолы туралы айта кету де артық болмас. Өтпелі кезеңде эко­но­микалық байланыстар үзі­ліп, жер құнары азайып, ал­қап­тарды арамшөп басып кеткенде, ауыл шаруашылығы сала­сы тығырыққа тірелген. Шетел­дік дәрі-дәрмектің құны тым қым­бат, оның үстіне қасқал­дақ­тың қанындай қат. Ел дас­тарқанының береке­сін кетірмес үшін ауыл шаруа­шылығын осы бір қысталаң сәттегі қиындықтан алып шығу керек болды. «Астана нан» ЖШС дәл осы кезде ауадай қажеттілікті тамыршыдай тап басып, жаңа дүниені қолға алды.

Ырыздықты еселеуге септігін тигізетін ұмтылыс түптеп келгенде ауыл шаруашылығына ғана емес, кәсіпорында жұмыс істейтін адамдар үшін де айта қаларлықтай жақсылық болды. Ойға алған шаруа оңынан оңғарылғанда жаңа жұмыс орын­дары ашылды. Химиялық дәрі-дәрмектің құны арзандады. Бұл тарапта мемлекеттің нақты қол­дау-көмегі дем бергендігін де атап айтқан ләзім.

о

Жаңа кәсіпорын еліміздегі импорт алмасу бағытындағы ал­ғаш­қы қарлығаштардың бірі еді. Шынтуайтында, сонау 2001–2002 жылдары серіктестік өндіретін химиялық дәрі-дәрмектің сапасына күмәнмен қарайтындар да табылатын. Тәжірибеден өткізу керек еді. Секемшіл кө­ңіл­­ді сендіру үшін. Міне, осы сәтте Целиноград ауданындағы «Родина» агрофирмасы» ЖШС-дан жалға алынған цехта қа­жетті құрылғыларды орнатып, «Премис-25» тұқым өңдейтін ал­ғашқы өнімін шығарды. Ас­тық­ты алқаптағы арамшөптің тамы­рын құрту үшін қажетті «Барс супер» гербициді де өн­дірі­летін болды.

Алғашқы өнімнің молдығы химиялық дәрі-дәрмектің сапасын қолмен қойғандай көр­сетіп берді. Осы сәттен бас­тап кәсіпорынның өрлеу жолы бас­талды. 2003 жылы «Гер­бицид», «Прогресс сельхозхим» ЖШС-мен іскерлік қарым-қаты­нас орнатып, Степногор қаласындағы «Прогресс» кәсіпор­­нының өндірістік алаңын­да ірге тепкен серіктестік бұл тарап­та­ғы бар шаруасының ауыл шар­уа­шылығы үшін айтар­лық­тай тиімді екеніне бір­жола көздерін жеткізіп, жаңа биіктерді бағындыруға бет ал­ды. Арада аз ғана уақыт өткен соң, гер­бицидтің бірнеше түрін өндіре бастады. Ол үшін әлемдегі ғылыми жетістіктерді, озық үлгілерді мұқият зерттеп, зерделеу қажет еді. Сол үшін кәсіпорын биология және химия өнеркәсібінің мамандарын жұмысқа тартты. Уақыт өте келе тәжірибе толысып, ең үздік нәтижелерге қолжеткізу мүмкіндігі артты. Өн­ді­рістік желілер көбейтіліп, өнім түрлендіріліп, сапасына ай­рықша көңіл бөліне бастады. Отандық өндірістің айы оңынан туғаннан кейін «Астана нан» серіктестігі өз өнімдерінің жиыр­ма­дан астам түрін өздерінің сауда маркасымен шығаратын болды. Алғашқыда өндіріс егіс­тік алқаптағы арамшөпті жоя­тын дәрі-дәрмек шығарса, бүгінгі күні әртүрлі зиянкестен, ауру­дан қорғайтын өнімді де өндіреді.

Бір айта кетерлігі, кәсіпорын өнімі кең-байтақ еліміздің бар­лық өңіріне жарамды. Әр өңір­де ауа райы, су сапасы, өсі­ретін дақыл түрі әр алуан екені белгілі. Әйтсе де, сапалы өнім қай жерде болмасын қолдануға жарамды. Кәсіпорын қазір тұтынушылардың талап-тілегіне орай сервистік қызмет көрсете алады. Гербицид, ин­сек­тицид, пестицид алқапқа себі­лер алдында тірек шаруашы­лықтарда тәжірибеден өткізі­леді. Ал мұндай орындар еліміз­дің барлық облысында бар. Осылайша, өз ісіне мейлінше жауапкершілікпен қараған кәсіпорын түпкі нәтижеге қол жеткізу үшін халықаралық стан­дарттарға және заманауи тех­нологияларға сүйене отырып, өздері өндіретін химиялық дәрі-дәрмектің тиімділігіне баса назар аударып келеді.

Егін шаруашылығының өнім­ділігін арттыру – бүгінгі күні бас­ты назарда. Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында осы мәселеге ерекше назар аударып, «Бір гектар жерден 10 центнер өнім алу – еліміз үшін мақтанатын көрсеткіш емес» деген болатын. Ал жоғары өнімге қолжеткізу үшін құнары кеміген алқаптарды тыңайту өте қажет.

«Жомарт жер өтпелі кезеңде қатты тозды, – дейді Зеренді ауданындағы «Құлан» шаруа қожалығының басшысы Мағжан Болатов. – Баптамаса берекенің азаятыны белгілі. Әсіресе арам­шөптен келетін зиян көп. Бұл зауыттың өнімі біздің өңірде кездесетін әртүрлі арамшөптен арылуға септігін тигізіп тұр.

Қазір кәсіпорында 300-ден астам адам еңбек етеді. Олардың арасында ғалымдар, инженер­лер бар. Орташа жалақы 400 мың теңгенің төңірегінде. Уа­қыт өткен сайын өнім сапасын арт­тыруды мақсат еткен кә­сіпорын өздері ғана дамумен шектелмей, еліміздің ауыл шаруа­шылығының алға басуына өз үлестерін қосып жатыр.

 

Ақмола облысы,

Степногор қаласы