Футбол • Бүгін, 09:40

Мексика мүлт кеткен жоқ

3 мин
оқу үшін

Бейсенбіден жұмаға қараған түні Мехикодағы әйгілі «Ацтека» стадионында футболдан ХХІІІ әлем чемпионатының шымылдығы түрілді. Алғашында осы жерде жарыстың ашылу салтанаты өтті. Керемет шоуға ұласқан шара, жантебірентерлік ресми рәсім, тарихи турнирдің тұсаукесер кездесуін тамашалуға жанкүйер көптеп жиналды. 87 500 көрерменді сыйдыра алатын алып стадионда ине шаншар орын болмады.

Мексика мүлт кеткен жоқ

Дүбірлі доп дода­сының алғашқы бәсекесі Мексика мен Оңтүстік Африка Республикасы (ОАР) құрамалары арасында өтті. Бір қызығы, бұл командалар осыдан 16 жыл бұрын әлем чемпионатының тұсаукесер  кездесуінде күш сынасқан еді. Аталған жарыстың 2010 жылы Африка құрлығында ұйымдастырылғанын жанкүйер- лер жақсы біледі. ОАР астанасы – Йоханнесбургте өткен сол бәсекеде тең есеп тіркелді – 1:1. Міне, енді араға жылдар салып, олардың жолы қайта қиысты.

«Ацтекадағы» айқас басталған бетте Рауль Хименестің алаң иелерін алға шығаруға жақсы мүмкіндігі болды. Бірақ оның шірене тепкен добын Ронвен Уильямс бұрыштамаға бұрып жіберді. Көп кешікпей биылғы чемпионаттағы алғашқы голдың қалай соғылғанын көрдік. 9-минутта дәл қақпаның алдында орталық қорғаушының аяғындағы допты тартып алған Хулиан Киньонес қақырата соққы жасады – 1:0.

п

Екінші кезең басталғанда қарсы бағыттағы қақпаға құйындай жүйткіп бара жатқан шабуылшыны ережеден тыс тәсілмен тоқтатқан Яя Ситхолеге бразилиялық төреші Вилтон Сампайо қызыл қағаз көрсетті. Бұл жағдай оларға қиынға соқты. Онсыз да ойыны жүрмей жатқан ОАР-дың одан кейін берекесі қашты. 67-минутта Хименес ақыры дегеніне жетіп, екінші голдың авторы атанды – 2:0. Матчтың соңына қарай тағы екі ойыншы алаңнан қуылды. Олар – африкалық Тхемба Зване мен мексикалық Сесар Монтес. Ал таблдодағы есеп өзгеріссіз қалды.

Таң ата «А» тобындағы келесі командалар – Оңтүстік Корея мен Чехия құрамалары Сапопандағы стадионда жасыл алаңға шықты. Бірінші таймда қос команда қанша жанталасқанымен, бір-бірінің қақпа кілтін таба алмады. Нағыз «қызық» үзілістен кейін басталды. Толассыз шабуылдардан кейін Владислав Крейчи 59-минутта есеп ашты – 0:1. Бірақ бұл жағдай азиялықтарды қанағаттандырмады. Олар дереу алға ұмтылды. Ерен еңбек еш кеткен жоқ. Арада 8 минут өткенде Хван Ин Бом таразы басын теңестірсе, 80-минутта О Хен Гю өз командасына жеңіс сыйлады – 2:1.

Сөйтіп, «А» тобында 3 ұпайдан олжалаған Мексика мен Оңтүстік Корея футболшылары алға шықты. ОАР мен Чехияның қоржыны бос. Кеше түнде көрермендер «В» тобындағы Канада – Босния мен Герцеговина құрамалары арасындағы ойынды тамашалады. Бүгін «D» тобындағы АҚШ пен Парагвай, Аустралия мен Түркия күш сынасады.

Соңғы жаңалықтар