Шымкент • 07 Маусым, 2024

Мемлекет мұқтаждығына жер алу рәсімі оңтайланады

32 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Жең ұшынан жалғасқан жемқорлық – қоғам дерті. Онымен күрес мемлекеттің басты стратегиялық мақсаты болып қала бермек. Сондықтан да бүгінде атқарушы билік пен құқық қорғау органдары тарапынан кеселдің тамырына балта шабуға барынша көңіл бөлініп отыр.

Мемлекет мұқтаждығына жер алу рәсімі оңтайланады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ақор­да­да жергілікті және шетелдік БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында жемқорлықпен күрес үздіксіз жалғасатынын, мұндай қылмысқа барғандарға ешқандай заң тұрғысынан аяушылық болмайтынын айтқан болатын.  

«Сыбайлас жемқорлық – өте күрделі құбылыс. Былай айт­қанда дерт деп те айтуға болады. Батпандап кіретін, мысқалдап шығатын кесел. Сондықтан бұл дертпен міндетті түрде бәріміз қоғам болып күресуіміз керек. Әйтпесе, кеш болып қалуы мүмкін. Сыбайлас жемқорлықтың кесірінен алып мемлекеттер, ірі мемлекеттер құлағанын бәріміз білеміз, куә болдық», деген болатын Мемлекет басшысы.

Сонымен бірге сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәсе­лелері жөніндегі кеңесте қоғам дертін түбегейлі жеңу үшін тек биліктің, құзырлы орган­дар­дың шамасы келмейтінін, оған ел болып жұмылып, жұрт болып кірісу керектігін мәлімдеген еді.

«Біріншіден, бізде жемқор­лыққа қарсы күресте қару бола алатын мықты мемлекеттік инс­титуттар бар. Мемлекеттік аппарат жұмыс істеу тәсілін өзгертіп, жемқорлықтың жолын кесуі керек. Екіншіден, жемқорлықпен күрес халықтың табанды сұра­нысына ие. Әкімшілік сауалнама жүргізеді, өзім де ел аралап жүремін. Сонда байқағаным, біздің қоғам жемқорлықпен ымырасыз күресуге дайын. Үшіншіден, біздің елді дамытуға және халық­тың әл-ауқатын арттыруға бағыт­тал­ған жоспарларымыз жем­қор­лықты түбегейлі жойған жағдайда ғана жүзеге аспақ», деп айтқан еді Президент.

Мемлекет басшысының осынау тапсырмасын Шымкент қаласының атқарушы билігі де ынты-шынтысымен жүзеге асырып жатыр.

«Президент маған үлкен сенім артты. Мен сол сенімді ақ­тауым керек. Келгелі ешкімді ауыс­тырмадым. Бірақ таза жұмыс істегісі кел­мегендер, менің талабыма көн­бе­гендер өз ықтиярымен қыз­мет­тен кетті», деген еді қала әкімі Ғабит Сыздықбеков аппарат жиналысында.

Жемқорлықтың себебін жо­йып, салдарымен күресуге ат­қарушы билік те, құқық қорғау орган­дары да білек сыбана кіріс­кен. Сол күрескер топтың арасында өңірлік кәсіпкерлер палатасы да бар. Өйткені кәсіп­керлер құқығын қорғау ұйымы – сыбайлас жемқорлықпен ай­қаста бірінші мүдделі тарап. Бизнес саласында жемқорлық әре­кеттері жиі көрініс табады. Тіпті кейбір құжат рәсімдеу, рұқ­сат анықтамалар беру секілді меке­мелерде парақорлық бүкіл қыз­мет жүйесін жаулап, кәдімгі жазылмаған заңдай сипат алып кеткені жасырын емес. 

Жуырда Шымкент қаласы­ның кәсіпкерлер палатасында кәсіпкер­лердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес мүшелері кезекті заң бұзушылық әрекеттерді талқылау үшін мәжі­лісте бас қосты. Кеңес төрағасы Мелес Сейтжановтың модератор­лығымен өткен жиынға палата басшылығы, кеңес мүшелері, қалалық прокуратура өкілдері, жергілікті әкімдіктен сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармаларының жетекшілері қатысты.

Кеңесте кәсіпкерлер үшін өзек­ті тақырып – жер учаскелерін мемлекет мұқтажына алу мәселе­лері қаралды. Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Майя Исаеваның айтуынша, аталған проблема шынымен де қазіргі таңда қоғамда өте бір өзекті мәселеге айналып отыр. Палатаға келіп түсіп жатқан арыз-шағымның жартысына жуығы жер мәселесіне қатысты көрінеді.

«Бірнеше азаматтық істі зер­деледік. Соның нәтижесін айтар болсақ, бізде кей жағдайда сотқа дейінгі келісу рәсімі өткізіле бермейді екен. Зерделеудің барысында осыны анықтадық. Сосын «Мемлекеттік мүлік туралы» заңда даулы мәселелерді келісім комиссиясының алаңында қарау туралы арнайы ережелер бар. Бұл, біріншіден, сот органдарына артылатын жүктемені едәуір төмендету үшін керек. Жер дауы сотқа жетпей шешілсе, мемлекет мұқтажына алу рәсімі де жедел орындалар еді. Мәселен, 2021-2024 жылдардағы азаматтық істерді зерделеу нәтижесінде анықталғаны – өтемақы төлей отырып жер учаскелерін мемлекет мұқтажына алу бойынша азаматтық істердегі арыз-шағымдардың барлығы дерлік қанағаттандырылған, ал төлемақы бар-жоғы 10-20%-ға ғана артық төленді», деді М.Исаева.

Палата өкілінің мәлімдеуінше, азаматтық істерді зерделеу кезінде жер учаскелері «Мемлекеттік мүлік туралы» заңда көзделген алу рәсімі өткізілгенге дейін мемлекеттің мұқтажы үшін алыну фактілері анықталған. Яғни заңға сай рәсімдер жүргізілмей, ертерек алынып қойған. Палатада бұған дейін осыған ұқсас жағдайларды қарап, арнайы жиын өткізген екен. Ендігі ретте осы мәселе бо­йынша кәсіпкерлер құқын қорғау ұйымына тағы бір кәсіпкер көмек сұрап келіпті. Палата мамандары бизнес өкілінің бұл проблемасын заң шеңберіне сай оңтайлы шешіп беруге уәде етті. Өз кезегінде кеңес мүшелері егер тиісті басқармалар даулы мәселелерді келісім ко­миссиясының алаңында талқы­лап, бұл тәжірибені тұрақты түрде қолданар болса, онда сотқа жолданатын шағымдардың да саны азаятын еді деген пікір білдірді.

Жиынға қатысқан Шымкент қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Өмір Қалыбаев жерге қатысты даулар көбіне өтемақы шешімімен келіспейтін тұлғалардың тарапынан туындайтынын жеткізді.

«Мәселен, бүгінгі таңда Қонаев даңғылының жалғасын салу жобасы бойынша 100-ге жуық жер учаскесін мемлекет мұқтажына алу мәселесі толық шешілген. 37 нысанның ішінде төрт-бес азамат қана өтемақы бағасымен келіспей, сотқа жүгінді. Сот шешімімен қосымша сараптама тағайындалып, екі нысан үшін төленетін өтемақы бағасына тағы қосымша 2-3 млн теңге қосылды. Дейтұрғанмен сот шешімімен арыз бергендердің есепшотына ақша аударылса да, нысан иелері бұған да келіспей, үйлерінен шықпай қойды. Осыған байланысты сот орындаушыларын ертіп барып, соттың шығарған шешімін ақыры орындаттық», деді Ө.Қалыбаев.

Сыбайлас жемқорлыққа қар­сы іс-қимыл жөніндегі кеңес мә­жі­лісінде Шымкент қаласы про­курорының аға көмекшісі Нұр­жан Нұрланұлы жер дауынан туындаған мәселелер қалада аз емес екенін атап өтті.

«Қаладағы ең ұзын көшелер­дің бірі Арғынбеков көшесі 2014 жылы пайдалануға беріліпті. Содан бері он жыл өтті. Дегенмен осы көшенің бойында мемлекет мұқтаждығына алынатын жер учаскелері әлі де баршылық екен. Ертеңгі күні қан­дай да бір келеңсіз жағдай туын­дамас үшін және үлкен дау-да­май­дың алдын алу мақсатында жер­гілікті атқарушы орган тарапынан мемлекет мұқтажына жер учаскелерін алу жұмыстарын нақ­ты бір жүйеге қою керек секіл­ді. Соны­мен бірге осы мақсат­қа орай тиісті басқармалар да арнайы іс-шаралар жоспарларын түзіп алғаны абзал», деді қалалық про­­ку­­ра­тура өкілі Нұржан Нұрланұлы.

Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бас­қар­масы басшысының орынбасары Ө.Қалыбаев өз сөзінде жуырда қала әкімдігі аппаратынан тапсырма берілгенін, осыған байланыс­ты ендігі жерде тиісті басқарма­лар­дан жер учас­келерін мемле­кет мұқ­тажы­на алуға қатысты бар­лық мәсе­ле талқыланып, қарауға ұсыны­латынын айтты. 

Сыбайлас жемқорлық тақыры­бына арналған жиын соңында кеңес төрағасы Мелес Сейтжанов осы кеңеске мүше азаматтардың ұсыныс-тілегін жария етті. Ол бойынша тиісті басқармалар мемлекет мұқтажына алынатын жер учаскелерінің меншік иелерімен өзара түсіністік әрекетін жасаса немесе келіспеушілік туын­даған жағдайда келісу комис­сияларының алаңында талқылауға мүмкіндік бар екенін ұғындырса деген ұсыныс жеткізді.

Палата кеңесі талқыға түскен мәселелерді тағы да қарау үшін алдағы уақытта әкімдік басқар­маларымен өзара тиімді диалог пен іс-әрекет жүргізуге ниетті. Сондай-ақ аталған мәселе бойынша қала әкімімен арнайы кездесу ұйымдастыруды ұйғарып отыр. Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасына келі­сім комиссиясының құрамына Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасынан бір өкілді, палата жанындағы өңірлік кеңес мүше­лерінен бір азаматты қосса деген ұсыныс тастады.

Қорыта айтқанда, Шымкент қаласының атқарушы билігі өңір­лік кәсіпкерлер палатасымен бірге алдағы уақытта жер учаскесін мемлекет мұқтаждығына алудың оңтайлы тәсілдерін іске асырмақ. Бұл өз кезегінде жерді мемлекет мұқ­таждығына алудың рәсімін же­ңіл­детіп, түрлі жемқорлық әре­кет­тердің де алдын алуға септігін тигізеді деген сенімді күшейтеді.  

 

ШЫМКЕНТ 

Соңғы жаңалықтар

Ер жігітке ерлік жарасады

Қоғам • Бүгін, 11:20

Аңызға бергісіз өмір

Еңбек • Бүгін, 11:10

Шеттің шаруақор әкімі

Аймақтар • Бүгін, 11:00

Қызмет жас буынды шыңдайды

Еңбек • Бүгін, 10:40

Жастарға – мол мүмкіндік

Жастар • Бүгін, 10:30