Егемен Қазақстан • 07 Маусым, 2024

«Хат қоржын»

34 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

«Батырлар аллеясына» тың көзқарас қажет 

Германия әскерінің Кеңестер одағына шабуыл жасағанына алдағы 22 маусым күні 83 жыл толғалы отыр. Қазақ еліне тікелей қатысы жоқ осы сұрапыл соғыста қаншама боздағымыз көз жұмды. Ерліктің ерен үлгісін көрсеткен батырларымыз да жеткілікті. Бірақ биыл Жеңістің 79 жылын атап өткенімізбен, соғыс салған жара толық жазылып болды деп айта алмасақ керек.

«Хат қоржын»

Қазақ елі өзінің ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздігіне қол жеткізгелі де 30 жылдан асып барады. Бүгінде өз тарихымызды өзіміз жасап жатырмыз десек те жарасады. Алайда кейбір істерімізде еш ілгері­леушілік, алға қарай ұмтылыс жоқ десем, артық айтпағанымыз. Мәселен, өзіміздің сүйікті қаламыз Көкшетаудың қақ ортасында, батыр атамыз Бауыржан Момышұлы атындағы көшенің бойында «Батырлар аллеясы» кешені бар. Онда осы күнге дейін 15 шақты өзге дербес мемлекеттердегі батыр қалалардың аттары баттиып жазылып тұр. Оған қарап ойланған не қала тұрғынын, не келген қонақты көрген емеспіз. Мүмкін, біз секілді ойланған да болар, бірақ қарапайым халықтың қолынан не келеді дейсіз?

 Ал сол өзге елдердің астаналары мен батыр қалаларының орнына өзіміздің Қазақстанымызда жасақталып, айналасы екі-үш айдың ішінде қан майданға кіріп ұрыс салған 15 дивизиямыз бен ұлттық бригадаларымызға қатысты толық мағлұматтар, өткен жорық жолдары туралы нақты деректер жазып қойылса, ұтарымыз көп болмас па? Сондай-ақ әскери ұшқыштарымыз бен әскери-теңіз флоты сапында соғысқан жерлестеріміз бен партизан жасақтары қатарында шайқасқан қандастарымыз хақында да мәліметтер жазып қойылса, олардың алдындағы бір міндетіміздің орындалғаны емес пе? Әрі бұл кешендегі мәліметтер көкшеліктердің бойында мақтаныш сезімін туғызып, жастарымыздың отансүйгіштік рухын қалыптастыруға да қызмет етер еді. 

Серік ҚАСЫМ,

еңбек ардагері

 

КӨКШЕТАУ

 

 

Нағыз әжелер қайда жүр?

 

Жақында «Егеменде» оңтүстікқазақстандық ардагер ұстаз, яғни әріптесім Жұмагүл Нәлібаеваның «Ниет пен пейіл оң болсын» деген тақырыппен адам салиқалы жасқа келген кезінде өзін қалай ұста­ғаны жөн деген мәселеге қатысты шағын мақаласы жарияланған болатын. Жарияланымда көтерілген мәселе бүгінде біршама жасқа келіп, өмір көрген біз секілді замандастарымды да ойландырғаны анық. Осы себепті де болар, аталған тақырыпқа орай өзім де үн қосқанды жөн көрдім.

«Қазақы негізімізге тартсақ, кейінгіміз немере, алдымыз шөбере сүйіп жатқан шақта табиғатымызға қарсы келмей-ақ тән сұлулығын емес, жан сұлулығын жетілдіріп, ұрпағымызға ұлттық тәрбие мен ұлттық құндылықтарымызды насихаттасақ, сауапты іс болар еді» деп ой түйеді автор. Өте орынды айтылған сөз. Әр жастың өз ерекшелігімен қатар, жауапкершілігі де болатынын ұмытпауымыз керек. Өз басым бүгінде апа жасына жеткеніме шүкір деймін, осы атқа лайық болуға ұмтылып келемін. Қазіргі заман ағымына сәйкес әдемі қартайып, өз отбасыңның қазыналы қариясы болып отырғанға не жетсін!

Әдебиет пәнінде «Нағыз әже қайда?» деген әңгіме бар. Ауылдан досының анасы келгенде бір ер адам баласына: «Бүгін саған нағыз әжені көрсетемін» дейді. Бірақ әкесінің ұлына айтқаны орындалмай қалады, яғни ұлы досының анасынан нағыз әже бейнесін көре алмайды. Қазіргі өмір шындығына жақын бұл жайт кім-кімді де ойландырса керек. Бүгінде немересіне бесік жырын айтатын апа-әжелер некен-саяқ. Бұл, өкінішке қарай, ұлттық дәстүрімізден қол үзіп бара жатқанымызды айғақтайды. Сондықтан көнеден келе жатқан құндылықтарымызды жоғалтпау, ұрпағымыздың рухани мүгедекке айналып кетуіне жол бермеу жағын осы бастан ойластырмасақ, ертең кеш болады.

Гүлзира НҮКІШЕВА,

ардагер ұстаз

 

Алматы облысы

 

 

Талантты тұлғаның есімін ұлықтайық

 

Қазақ топырағында ұлтқа қызмет еткен өнер иелері аз болма­ған. Солардың бірі де бірегейі – он саусағынан күй төгілген дара­боз күйші, Қазақ КСР-ның халық әртісі Әбікен Хасенов. Анда-санда дүлдүл өнер шеберінің күйлерін тыңдағанымыз болмаса, өмір дерегінен хабарымыз шамалы еді. Өткенде «Шалқар» радиосынан белгілі журналист Жанар Оразымбетованың «Дарабоз» хабарын тыңдау барысында күйші жайында көптеген мағлұматқа қанығып, таным көкжиегіміз кеңейе түскендей болды.

Өнер жолы күрделі, соқтықпалы болып келеді. Әбікен Хасенов ағамыз да сондай тағдыры күрделі тұлға. Атақты күйші Тәттімбеттің күйлерін халыққа жеткізуші ретінде танылған Әбікен өзі де жанынан күй шығарған өнерпаз. Оның «Қоңыр» атты күйі, атының өзі-ақ айтып тұрғандай, бірқалыпты өнер ағыны іспеттес, баяу ғана, еппен орындалатын шығарма. Көз алдыңа өмірдің өткінші екендігін елестететін ойлы дүние. Терең пәлсапалық астарға толы әуеннің күмбірі. Ойлантумен бірге, адамды алыс көкжиектерге жетелеп қана қоймай, жанына нұр құйып, көңіліне шуақ дарытатындай әсер қалдырады. Күй сонысымен де дара, өміршең.

Халқымыз қашанда өнерпаз ұл-қыздарын қадірлеп, төбесіне көтеріп отырған. Осы тұрғыдан алғанда, Әбікен аға да қастерлеуге әбден лайықты тұлға. Біздің Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваториядан немесе Темірбек Жүргенов атындағы Өнер академиясынан Әбікен Хасеновке арнап дәрісхана ашылса деген ұсынысымыз бар. Алматы мен Астана қалаларының бірінен көшеге аты берілсе де орынды болар еді.       

Кәрібай ӘМЗЕҰЛЫ,

зейнеткер

 

Түркістан облысы 

Соңғы жаңалықтар

Аймақ ажарланып қалды

«Таза Қазақстан» • Бүгін, 08:50

Мал өсірсең, қой өсір...

Шаруашылық • Бүгін, 08:48

Заң уақыт сұранысына сай

Қоғам • Бүгін, 08:45