Энергетика • 08 Маусым, 2024

АЭС салудың тәуекелі қандай?

128 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Алдағы 2-3 жылда елімізде энергия тапшылығы туындайтыны мамандар мен ғалымдар тарапынан айтылып жүр. Сондықтан елде атом электр стансасын салу мәселесі өткір тұр. Саланы жақсы білетін сарапшылар жыл оздырмай АЭС құрылысына кіріскен абзал дейді. Әйтпесе, энергетикалық қауіпсіздік тұрғысынан көрші елдерге тәуелді болып қалуымыз бек ықтимал.

АЭС салудың тәуекелі қандай?

Таяуда мамандар пікірталас алаңында жиналып, атом саласын дамытудың өзекті мәселелерін, оның ішінде елде АЭС салу мүмкіндіктерін тағы талқылады.

«Электр энергиясын тұтынудың өсуі мен жұмыс істеп тұрған стансалардағы генерациялаушы жабдықтың тозуына байланысты елде жаңа энергетика­лық қуаттарды іске қосу – өзекті мәселе. Үкіметтің көміртегінсіз энергетикаға көшу бағыты, сондай-ақ елімізде шикізат пен өндірістік базаның болуы республикада атом энергетикасы саласын дамыту үшін барынша тиімді жағдай жасайды. АЭС салу – индустриялық дамуға қажетті оңтайлы әрі тиімді шешім», дейді «Қазақстан атом электр стансалары» ЖШС бас директоры Тимур Жантикин.

Атом энергетикасы электр энергиясы­ның тұрақты көзін қамтамасыз етудің жолы ғана емес, экономиканың сабақтас салаларын дамытудың қуатты катализаторы екенін түсінетін кез жетті дейді мамандар.

«Қазақстанда атом электр стансаларын салу мәселесі азаматтар арасында бі­раз күмән тудырады. Көбі оның артық­шы­л­ығын біле бермейді. Өкінішке қарай халық атом энергиясын енгізудің нақты эко­но­микалық пайдасы туралы хабар­сыз. Ел келешегін ойласақ, энергия тапшы­лығы мен энергияға тәуелділіктен арылу маңыз­ды. Қисынды қадамдардың бірі – атом электр стансасын салу», дейді Азаматтық альянс төрайымы Бану Нұрғазиева.

Жасыл энергия көздерінің қатарына қо­сылған атом электр стансалары қоршаған ортаға, әсіресе адамның денсаулығы мен өміріне қауіп төндірмейтінін сала­дағы ғалымдар мен мамандар дәлелді дәйек­термен айтып, тұжырымдап қойғалы да бірқыдыру уақыт өтті.

«Егер біз атом электр стансалары­ның құры­лысына қарсы болсақ, онда энер­ге­т­и­ка сала­сында да, жалпы елде де еште­ңеге қол­ жет­кізе алмаймыз. Мен өз басым нақты шешімге келдім: АЭС халыққа ешқан­дай қауіп төндірмейді. Оның қор­шаған ортаға да зияны жоқ. Бұған Алматы мен Курчатовтағы ғылыми-зерттеу реакторларының тәжірибесі дәлел», деп атап көрсетті форум модераторы, «Атамекен» ҰКП басқарушы директоры Жақып Хайрушев.

Бүгінде елдің атом өнеркәсібінде 20 мыңнан аса адам жұмыс істейді. Оның ішінде 15 мыңы – негізгі өндірістік персонал. Сондай-ақ ондаған жылдар бойы табыс­ты жұмыс істеп келе жатқан «Ұлттық ядро­лық орталық» пен «Ядролық физика инс­титутында» көптеген маман қызмет етеді.

«Қазақстанда АЭС салу жөніндегі тал­қылау мен әртүрлі пікірталас аясында елі­міздің атом энергиясын бей­біт мақсатта пай­даланудағы орасан зор тәжірибесін атап айтқан аса маңыз­ды. Мәселен, «Ядро­лық физика инс­титу­ты­ның» негізінде 57 жыл бойы ССР-Қ (қазақстандық су-сулы реакторы) табыс­ты жұмыс істеп келеді. Бұл елдегі жал­ғыз стационарлық, көпмақсатты (іргелі, қолданбалы зерттеулер, медицина­лық және өнеркәсіптік радиоизотопты өнім­дерді өндіру бойынша) зерттеу реакторы. Ол елімізде АЭС салу үшін қарастырылып жатқан реакторлардың түпүлгісі болып саналады. Институт базасында атом саласы үшін кадр даярлау жүзеге асырылады», деді Ядролық физика институтының бас директоры, академик Саябек Сахиев.

«Ұлттық ядролық орталықтың» бас директоры Эрлан Ғаділетұлының сөзінше, АЭС-тің әлемдегі перспективасы ең жоғары энергия көзі екені әлдеқашан дәлелденген.

«Ұлттық ядролық орталық» өзінің бі­лік­ті мамандары мен білімді ғалым­дары­­­ның арқасында, көпжылдық тәжірибесі­нің нәтижесінде атом саласында әлемге әйгілі табыстарға қол жеткізді. Ел-жұрт АЭС ма­­ңызын дұрыс ұғынып, салдыруға бел бу­са, оны іске қосып, ел игілігіне айнал­дыруға қай тұрғыда да біздің әлеуеті­міз жетеді. Одан кейін біздің қоғам АЭС-тен қорқып немесе оны түсін­бей отыр дегенмен келіспеймін. Халық бәрін біледі, түсінеді, тек сақтанып жатыр. Өйт­кені Семей атом қаруының қорқынышы мен салған жарақаты бар», деді ғалым.