Шымкент • 08 Маусым, 2024

Шымкенттің шырайы кірді

47 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ел көлемінде жүзеге асып жатқан экологиялық акцияға Шымкент жұрты да біркісідей үлес қосып жатыр.

Шымкенттің шырайы кірді

Ұйымдастырушылар мұндай акция­ның тек тазалыққа ғана емес, халық­тың мәдени санасын оятуға да пайдасы зор екенін айтады. Мәселен, таза­лық іс-шарасына қатысқан мектеп оқу­шыларына қоршаған ортаны қорғау керектігін, экологияға зиян келтірмеу – адам өмірін сақтаумен бірдей екені түсіндірілді.

Бір қуантарлығы көктем шыға бас­талған «Таза Қазақстан» акциясында тек ерікті жастар ғана емес, зиялы қауым өкілдері де, қариялар да қарап жатпай қолдарына күрек, кетпен ұстап, қала ішіндегі көше, саябақ, гүлзар, тағы да басқа орындардың айналасын күл-қоқыстан тазалауға кірісті. Акция жыл бойы жалғасатындықтан әлі де елдің бетке ұстар азаматтары көпке үлгі көрсетіп, еңбектің көрігін қыздыруға әзір екенін айтып жатыр.

Осынау тазалық акциясы аясында бірінші кезекте арық-атыздардың, көше бойындағы ирригациялық жүйелердің іші күл-қоқыстан, түрлі тұрмыстық қал­дықтардан тазартылды. Мұның қала экологиясына маңызы ерекше. Өйткені күз-көктемде жаңбыр жауса көше бойындағы суағарлар толып, ол сыртқа ағып, жолаушыларға да, көлікке де ыңғайсыз жағдай тудырады. Ал енді көптеген арық көзі ашылған соң жауынды күнде ирригациялық жүйелерде су толып қалмайды.

Сонымен қатар саябақтар мен гүл­зарлардың айналасындағы бар қоқыс сыртқа шығарылып, артық өскен бұта-шөптері оталып, ағаш түптері әктеліп, қаланың көркі болған саялы мекендердің реңі кіріп қалды. Тал-терегі жайқалған демалыс аймақтарын тазалап тұрудың да өзінше мәні зор. Себебі жасыл желекті алқаптар өндірісі өрістеген, күн санап кәсіпорын қатары көбейіп келе жатқан алып мегаполистің өкпесі іспетті. Сол себепті, саябақтарды жыл он екі ай күтіп ұстау, жасыл желек қатарын көбейту, шаһар экологиясы үшін өте маңызды. Оның үстіне күн ыстық кезде салқын жер іздеп, дамыл табатын қолайлы орын – саябақтар. Оның тазалығына көңіл бөлу тек әкімдіктің емес, барша тұрғынның міндеті болса керек-ті.

Осы ретте бұған дейін атқарылған шаруаларға қысқаша тоқталсақ, жоғары оқу орындары, техникалық, кәсіптік орта білім беру мекемелерінің жастары Арбат гүлзары аймағында «Өз елін сүйетін өнегелі ұрпақ» тақырыбында флешмоб ұйымдастырып, осынау іс-шара барысында мектептердің ауласы мен айналасы тазаланды. Ал «Мөлдір бұлақ» апталығындағы сенбілікке қатысушылар қала аумағындағы су қоймалар мен өзен-көлдердің жағалауындағы шашылып жатқан қоқыстарды тазалап шықты.

Жалпы, тазалық іс-шарасына қала тұрғындарынан 142 мыңнан аса адам қатысып, жеті мыңға жуық техника жұмылдырылды. Науқан барысында 6 мың шаршы метрден аса көше, 5 мың шаршы метр аяқжол, 724 шаршы метр ирригациялық жүйе, канал мен арықтар тазаланып, нәтижесінде 6 мың тоннаға жуық қоқыс шығарылды. Қоқыстарды тазалаумен бірге сырлау, әктеу, реттеу жұмыстары да қатар атқарылды. Бүгінге дейін іске асырылған тазалық акциясы кезінде 128 мыңнан аса ағаш бұталып, 12 мыңдай тал көшеттері отырғызылды. Сондай-ақ мегаполистің 40 мың шаршы метр аумағына 1 млн түптен аса қызғалдақ гүлі егілді.

Шымкент қаласының қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы көгалдандыру бөлімінің басшысы Әуесбек Опабектің айтуынша, тазалық акциясының белсенді өтуіне қаладағы ерікті жастар көп көмегін тигізіпті. Сонымен бірге маман жыл соңына дейін «Таза Қазақстан» акциясы бойынша іс-шаралар жоспары бекітілгенін жеткізді. Әр апталыққа арналып түрлі тақырыпта сенбілік жұмыстар белгіленген. Мәселен, «Менің таза аулам» ­­апталығында көпқабатты үйлердің тұр­ғын­дары өз аулаларының тазалығына арнайы сенбілік ұйымдастырып жатыр. Алдағы шілде айында қаладағы Бадам, Қошқарата секілді өзен жағалауларын тазалау мақсатында сенбіліктер өткізу жоспарланған.

Өз кезегінде қала тұрғыны, зейнет дема­лысындағы еңбек ардагері Әлима Бексейітова шаһардағы Орталық сая­бағына демалып, таза ауамен тыныс­тау­ға жиі келеді екен. Биылғы атқа­рылған тазалық жұмыстарына дән риза екенін айтады. «Мұндай сенбіліктердің саябақтар күтіміне пайдасы зор. Себебі осында демалуға келген адамдар айнала жасыл желекке оранған табиғаттың ортасында отырса, көңіл күйлері көтеріліп, жүйке жүйесінің де бір сәт тынышталуына күшті әсері бар», дейді бұрын дәрігер болған Әлима апамыз.

 

ШЫМКЕНТ