Аймақтар • 11 Маусым, 2024

Қарасора алқабы екі есе азайды

38 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Шу алқабында өсірілетін жабайы қарасора алқабының жаңа картасы жасалды. Бұл жөнінде облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады. Жалпы, өңір полицейлері бүгінгі күнге дейін 35 жыл бұрын әзірленген картаға сәйкес деректерді пайдаланып келіпті. Енді, міне, 1989 жылғы деректен құтылатын кез келді.

Қарасора алқабы екі есе азайды

Фото: stan.kz

Ілгерідегі деректе облыс жабайы қара­сора­ның «тарихи отаны» секілді көрінетін. Өйткені мұндағы цифрға қарап, өңірде есірт­кіге қарсы күресте қандай жұмыстар атқарылып жатқанын бажайлау қиынға соғатын. Нақтырақ айтар болсақ, мұнда қаулап өскен қарасора алқабы 138 мың гектардан асып кет­кен деген дерек жиі айтылатын. Жақында қайта нақ­тыланған зерделеу жұмыстары басқа цифрды көрсетті.

Полиция департаментінің басшысы Арман­бек Баймурзиннің тапсырмасына сәйкес Шу­дағы жабайы қарасора қанша жерді жаулап ал­ғанын анықтау жұмыстары тыңғылықты жүргізілді.

Зерттеу жұмыстарының нәтижесіне сүйен­сек, қарасора өсетін алқап екі есеге қысқарған. Бұл деректі «Қазақстан Ғарыш Сапары» АҚ қыз­меткерлері аэрографиялық түсірілім кезінде рес­ми растады. Нақтырақ айтсақ, бастапқы көр­сеткіш 62 гектарға азайған. Осы дерекке қарап-ақ өңірде кейінгі жылдары есірткімен күрес жұ­мы­сы жолға қойыла бастағанын аңғару қиын емес.

Жаңадан әзірленген картадағы мәліметке зер салсақ, қарасораны өсіру аумағы кейбір аймақта айтарлықтай азайғанына қарамастан, қайсыбір ауданның аумағында артып отыр.

«Полиция департаментінің қызметкер­­лері есірткіні жеткізу арналарын жою жұмыста­рын атқарып жатыр. Жүйелі жұмыс арқылы ұйым­дасқан қылмыстық топтардың жолын кесуге ден қойып отырмыз. Бұл іс алдағы уақытта да жалғасады.

Енді полиция қызметкерлері жаңартылған деректермен жұмыс істейтінін айта кеткен жөн. Бұл, әрине, жұмысымыздың жеңілдеуі­не септігін тигізетіні анық. Жаңартылған картада келтірілген деректерді негізге ала отырып, қарасора әзірлеушілерді анықтауда бар­лық бөлімшеде жұмысты жетілдіре түсуге мүм­кіндік туып отыр. Бұл өз кезегінде жедел түр­де қылмыстың жолын кесуге ықпал етеді», дейді облыстық полиция департаменті есірткі қыл­мысына қарсы іс-қимыл басқармасының басшысы Әлім Бажықбаев.

Өңірдегі қарасора өсірілетін аумақты толық анықтау жұмысын жүргізу қажеттігі бірнеше жыл бұрын айтылған болатын. Полиция депар­­таментінің басшылары бұл жұмысқа дер кезінде кіріскені көңіл қуантады. Жалпы алғанда, кейінгі бірнеше жылдың бедерінде есірткіні жеткізу арналарын жоюда өңірде ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар атқарылып жатыр.

 

Жамбыл облысы