Қылмыс • 11 Маусым, 2024

Пайдакүнемдер құрықталды

38 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Шымкент қаласы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті қылмыстарды анықтаумен қатар, қала аумағында алдын алу жұмыстарын да жүргізеді. Құзыретті орган шаһардағы дүкендер мен сауда орталықтарына заңсыз алкоголь өнімдерінің сатылуына жол бермес үшін оларға ескерту хаттар жіберіп отырады. Мәселен, жыл басынан бері 58 дүкен иесіне түсіндіру жұмысын жүргізген.

Пайдакүнемдер құрықталды

Бұл туралы мегаполистің ақпа­­раттық-коммуникациялық қыз­ме­тінде өткен брифингте эко­но­ми­калық тергеп-тексеру депар­тамен­тінің өкілі К.Исмаилов мәлімдеді.

Сонымен қатар маман Үкімет қаулысымен «Көлеңкелі эконо­­ми­каға қарсы іс-қимыл жөніндегі іс-шаралардың 2023–2025 жылдар­ға арналған кешенді жоспары» бе­кітіліп, соның негізінде биыл қала әкімдігінің өкімімен көлеңкелі экономика үлесін төмендету жөніндегі жұмыс тобы, яғни комиссияның құрылғанын жеткізді. Комиссия жұмысының мақсаты – Шымкент қаласындағы көлеңкелі экономи­ка­мен күрес, оның деңгейін төмен­дету және превентивті шаралар қабылдау. Сондай-ақ маман департамент қылмыстарды ашуда сан­ға емес, сапаға жұмыс істей бас­тағанын, мұндағы көзделген басты мақсат қоғамның құқық қорғау ор­гандарына деген сенімін арттыру мен кәсіпкерлік субъектілерінің қызметіне заңсыз араласпау екенін атап өтті.

Деректерге көз жүгіртсек, 2024 жыл­дың 5 айында Шымкент қа­лалық экономикалық тергеп-тексеру департаменті 57 қыл­мыстық құқық бұзушылық іс тір­кеп, оның ішінде өндірістегі 35 қылмыстық істі тергеуді толық аяқтады, бү­гінде 90 пайызы сотқа жолданған.

Жоғарыда айтылып өткендей, көлеңкелі экономикадағы заң бұ­­зу­шылық деңгейін төмендету ба­ғы­тында қалада бірқатар іс-ша­ра атқарылды. Нәтижесінде, де­пар­тамент алкоголь өнімдері­нің заң­­сыз айналымын азайтып, жақсы көр­сет­кіштерге қол жет­кізді. Мәсе­лен, ­2024 жылдың 5 айында аталған іс бо­йынша қала аумағында жасырын 5 цех анық­талып, Қылмыстық кодекстің 233-бабымен 5 қылмыс­тық іс тір­кел­ді. Бүгінгі таңда 1 іс өндірісте бол­­са, қалған төртеуіне алдағы уақыт­­­та сот үкім шығарады.

Қылмыстық істер бойынша 22 мың­нан аса дайын алкоголь өнім­дері анықталды. Тарқатып айт­сақ, құрамында спирті бар 2 мың литр­ден жоғары сұйықтық, 9 900 литр спирт, 885 литр шарап, 140 қо­рап қақпақ, 4 бума есепке алу маркасы, 20 бума жапсырма, 2 станок, 4 тазалағыш фильтр мен екі мыңнан аса бос бөтелке тәркіленді.

Сонымен бірге биыл ақпанда департамент қыз­мет­керлері жүр­гізген кешенді арнайы жедел-іздестіру іс-шаралары барысында жалған есепке алу, бақылау маркаларын пайдалану арқылы алкоголь өнімдері мен этил спиртін саудалап, сатумен айналысқан азаматтар ұсталды. Бұл қылмыстық істер бо­йынша тін­ту жүргізіліп, маңызды ай­ғақ­тық заттар табыл­ды. Яғни 9 900 литр этил спирті, дайын арақ өнім­дерін жасауға қажетті заттар – қақ­пақ, бос бөтелке, есепке алу-бақы­лау маркалары анықталды. Бұ­дан бөлек, күдіктілерден үлкен сомада ақша алынып, ол қомақ­ты қаражатты пайдалануға сотпен тыйым салынды.

Сондай-ақ күдікті тұлғалардың қылмыстық жолмен табылған ақша қаражаттарын әрі қарай «Kaspi Bank» депозит шотына салып, депозит бойынша үстеме пайыздар алып отырғаны белгілі болған. Онымен қоймай заңсыз ақшаға қымбат әрі жап-жаңа «Toyota Land Cruiser 300», «Zeekr 001», «KIA K8», «Hyundai Grandeur», «Volvo» секілді шетелдік автокөліктерді ­сатып алғандары дәлелденген. Де­пар­тамент өкілдерінің мәлімдеуін­ше, күдіктілер қылмысын жасы­ру үшін сатып алған автокөлік­терді жақын туыстарының атына тір­кеп қойған екен.

 

ШЫМКЕНТ