Аймақтар • 13 Маусым, 2024

Коммуналдық саладағы серпіліс

64 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қызылордалықтардың коммуналдық саладағы түйінді мәселенің бірі ыстық су болатын. Басқа қалалар тұрғындары қалағанынша пайдаланатын кәдімгі ыстық су Сырдағы бас қалада бас ауыртар проблемаға айналғалы да талай жылдың жүзі ауыпты. Суды ысытып пайдаланғандықтан да сыртымыздан «Аристондар қаласы» деп айдар таққандарды да естідік. Амандық болса, осы бір абыройсыз «атақтан» арылатын күн жақын қалған сияқты.

Коммуналдық саладағы серпіліс

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Облыстық энергетика және тұрғын үй ком­муналдық шаруа­шылық басқармасының басшысы Медет Усаин биыл Қы­зылорда қа­ласының тұр­ғындарына ыстық су беріле бас­тайтынын айтып отыр. Осы жылы облыс орталығындағы 187, ал 2025 жылы 237 тұрғын үй ыстық су жүйесіне қосылады. Екі ке­зеңге жоспарланған жұмыс­тар­ды жүзеге асыру үшін де­меушілік есебінен 32 жоба әзір­леніпті.

«Мемлекет басшысы өткен жылы өңірге жасаған жұмыс сапары барысында Қызылорда халқын ыстық сумен қамтуды тапсырған болатын. Осыған байланысты облыс әкімінің тапсырмасы негізінде тиісті жұмыс қолға алынды. Бүгінге дейін қалалықтар электр сужылытқыш немесе газбен жылытатын құ­рылғылар арқылы лаждап кел­генін білесіздер. Мысалы, 50 литрлік «Аристон» құрылғысын ысыту үшін 3 киловатт электр энер­гиясы жұмсалады. Мәселені зерт­теу барысында «Аристон» пай­даланатын үй мен ыстық су жүйесіне қосылған баспананы са­лыстырып, ыстық сумен қамтылған үйдің шығыны 5 есеге арзан болатынын анықтадық. Жалпы, бүгінде қалада орталық­тандырылған жылу жүйесіне қосылған 804 тұрғын үй бар. Осы тұрғын үйлерді ыстық сумен қамту үшін биылдан бас­тап құрылыс монтаждау жұ­мыстары басталды. Он жеті жоба бойынша 186 көппәтерлі тұрғын үйді ыстық сумен жабдықтауға Үкімет резервінен тиісті қаржы бөлінді. Осы жоба бойынша биыл қаламыздағы Шұғыла, Сырдария, Сол жаға­лау, Тәуелсіздік, Бейбарыс көше­леріндегі көпқабатты тұрғын үй­лерге ыстық су жүйесі жүр­гізі­леді», деді Медет Усаин.

Бүгінде қала әкімдігі тарапынан арнайы жұмыс тобы құрылып, тұрғындар арасында түсіндірме жұмыстарын бастап кетіпті. Қала әкімінің орынбасары Ғалымжан Еркебайдың айтуынша, қазір облыс орталы­ғындағы 174 үйді ыстық суға қосуға мүмкіндік бар, ал 424 үй қаржыландыруды қажет етеді.

«Осы қаржыландыру талап ететін тұрғын үйлерді ыстық суға қосу үшін демеуші есебінен жоба әзірленді. Тұрғындар ыс­тық су желілерін орнатуға рұқсат берсе, жұмысты дер кезін­де орындап, уақыт үнемдер едік» дейді қала әкімінің орынбасары.

Жаз шыға жоғары қабаттарға ауызсу көтерілмейтіні тағы бар. Бұрындары тамшылап ағып, шыдамды тауысатын еді. Қазіргі жағдай одан әлдеқайда жақсы. Бірақ пәтеріңде қысы-жазы судың сарылдап ағып тұрғанына не жетсін.

«Қызылорда су жүйесі» МКК директоры Бауыржан Әбді­қаппарұлының айтуынша, ыстық су желілерін жүргізу арқылы су қысымын әлдеқайда көтеруге болады.

«Қаладағы көпқабатты тұр­ғын үйлерге ыстық су желі­лерін жүргізу электр энергиясы мен электр қондырғыларын үнемдеуге септігін тигізбек. Мәселен, қала бойынша электр энергиясын тұтыну көлемі 84 МВТ болса, ыстық су желісі орнатылғаннан кейін жүктеме 14 МВТ-қа дейін азаяды», дейді «Қызылорда электр желілерін тарату компаниясы» АҚ басқар­ма төрағасының орынбасары Шалқар Рахышев.

«Қызылордажылуэлектрор-талығы» МКК басшылығының айтуынша, ыстық су жыл он екі ай үздіксіз беріледі. Жақын арада жүзеге аса бастайтын жобаны коммуналдық саладағы серпіліс деуге болатындай.

 

Қызылорда 

Соңғы жаңалықтар

Нағыз ғалым еді...

Тұлға • 13 Шілде, 2024

Аурухана жағдайымен танысты

Саясат • 13 Шілде, 2024

Әскерилерді әлеуметтік қолдау

Саясат • 13 Шілде, 2024

Базалық мөлшерлеме төмендетілді

Экономика • 13 Шілде, 2024

Көршінің наны

Қоғам • 13 Шілде, 2024