Әлем • 13 Маусым, 2024

Италияда G7 саммиті өтеді

101 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Үлкен жетіліктің» (G7) 50-ші саммиті 13-15 маусым аралығында Италияда өтеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Италияда G7 саммиті өтеді

Фото: cfr.org

Саммиттің басты тақырыптарының бірі Африка және көші-қон тақырыбы болмақ. Италия төрағалығының басымдықтары – Украинаға қолдау көрсету, энергетикалық және экономикалық қауіпсіздік, миграция мен Африка, Газадағы қақтығысты шешу мәселелері болмақ.

Кездесуге G7 елдерінің басшылары: Италия премьер-министрі Джорджия Мелони, АҚШ президенті Джо Байден, Ұлыбритания премьер-министрі Риши Сунак, Франция президенті Эммануэль Макрон, Германия канцлері Олаф Шольц, Канада премьер-министрі Джастин Трюдо және Жапония премьер-министрі Фумио Кисида қатысады.

Саммитке Еуропалық одақтың өкілдері Еуропалық комиссия төрағасы Урсула фон дер Лейен және Еуропалық кеңес төрағасы Шарль Мишель де қатысады.

«Саммит «Үлкен жетіліктің» көшбасшылары үшін заң үстемдігіне негізделген халықаралық тәртіпті қолдауға және дамушы елдермен қарым-қатынасты нығайтуға берік ұстанымдарын көрсетуге мүмкіндік береді», делінген Еуропалық кеңестің веб-сайтындағы мәлімдемесінде.

Сонымен қатар саммитке Үндістан, Сауд Арабиясы, Иордания, Оңтүстік Африка, Бразилия, Аргентина, Түркия, Алжир, Кения және Мавританияның жоғары лауазымды өкілдері қатысады деп жоспарланған. Рим Папасы Франциск те шақырылды.

Ерлан КИІКБАЙ,

ЕҰУ студенті