Digital • 13 Маусым, 2024

«Arlan»-ның жаһандық табысы

222 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бүгінде жасанды интеллектіні қо­лда­­нып, түрлі салада инновациялық шешімдер мен жобалар жасау үрдіске айналды. Қоғамға пайдалы жасампаз стартаптар сұранысқа ие болып, халықаралық деңгейде лайық бағасын да алып жатыр. Әсіресе биология ба­ғы­тында бәсіміз биік. Оған дәлел – «Arlan Biotech» командасы.

«Arlan»-ның жаһандық табысы

«Arlan Biotech» командасы наноденелерді дайындау үшін жасанды интеллектінің озық технологияларын пайдаланады. Жоба медицина мен фармацевтика саласы үшін маңызды жаңалық болды. Өйткені осы наноденелер қатерлі ісік пен аутоиммунды ауруларды диагностикалау мен емдеуде кеңінен қолданылады. Венчурлық қорлардың назарына іліккен бұл стартап алдағы үш жылда жасанды интеллект бойынша әлемдегі ең үздік 5 биотехнологиялық компания қатарына қосылуды көздеп отыр.

Жақында аталған жоба АҚШ-тағы Стэн­форд университетінің беделді StartX ха­лықаралық акселерациялық бағдарламасына өткен еді. StartX бұл технология, биомедицина, энергетика, білім беру сынды  салалардағы стартаптарға қолдау көрсетеді. Бағдарлама идеядан бастап нарыққа сәтті шығып, ин­вестицияларды тартуға дейінгі даму­дың барлық кезеңінде жобаларды сүйемел­дей­ді. «Arlan Biotech» жобасының негізін қалау­шы әрі бас директоры Болат Сұлтанқұлов­тың айтуынша, StartX-ке қабылдану – әлемдегі ­кез келген стартаптың арманы.

«2022 жылдың қараша айында алғаш рет StartХ-ке өтініш бергенімде елімізден түскен алғашқы өтінім деген болатын ұйым­дастырушылар. Өкінішке қарай, ол кезде өніміміз әлі жетілмеген еді. Сол уақыттан бері көп жұмыс атқарылды: кофаундерді таптым, Astana Hub-та акселератордан өтіп, өнімді пысықтап, сатуды бастадық. Қажырлы еңбек пен күш-жігердің арқасында осы жолы іріктеуден сүрінбей өттік. Енді біз әлемдегі ірі инновациялық қауымдастықтың – Стэнфорд университетінің бір бөлігі боламыз. Бұл – жұмысымыздың маңызын айшықтайтын елеулі жетістік, халықаралық додада бәсекеге түсе алатынымыздың көрсеткіші. StartX-тің басты артықшылығы – айналадағы адамдар, мәдениет, драйвер, инновация мен әлемді өзгертуге деген ұмтылыс», деді ол.

2020 жылы аталған стартапты Болат Сұлтанқұлов коронавирусты диагностика­лау мақсатында құрған. Ал 2023 жылы бұл жоба жасанды интеллект арқылы жаңа­ша түрленді. Жобаның негізгі мақсаты – био­фармацевтикалық компаниялар мен ға­лымдарға диагностикалық сынақ жүйелерін құру және онкологиялық, аутоиммунды ауруларды зерттеп, емдеу үшін наноденелерді жылдам алуға мүмкіндік беру. Ал наноденелер онкологиялық ауруларға арналған жаңа дәрі-дәрмектерді жасауда қолданылады.

Аталған жобаның тең құрылтайшысы Дәукен Сейтқали студент кезінен-ақ жасанды интеллект тақырыбына қызығушылық танытқан. Алайда 2016 жылы жасанды зерде қазіргідей танымал емес еді. Сонда да ол ней­рондық желілер, машиналық оқыту курс­тарында білімін шыңдай түседі. Кейін 2019 жылы Даукен Cerebra-да бас инженер болып жұмысқа орналасып, екі жарым жылдан соң канадалық «healthtech» стартапында да тәжірибе жинақтағаннан кейін  өз жобасын құруға шешім қабылдайды.

«Мен әрқашан биология мен жасанды интеллектіні біріктіруге қызығушылық таныттым. Маған биология саласында жақсы білімі бар серіктес керек болды. Дәл сол уақытта жасанды интеллектінің көмегімен наноденелер мен антиденелер тізбегін құру жобасында ізденіп жүрген Болат Сұлтанқұловпен жолықтым. Осылайша, «Arlan Biotech» жобасы қолға алынды. Соңғы жылдары биотехнология бағытында жасанды интеллектіні дамыту белсенді дамып келеді, нарық тарапынан да қызығушылық бар. Маман ретінде дамудың көптеген мүмкіндіктерін көріп тұрмын, ал басты мақсат — жеке адамның генетикалық факторлары мен ерекшеліктерін ескеретін жеке медицинаға көшу», дейді Д. Сейтқали.

Стартаптың негізін қалаушы Болат Сұлтан­құлов биомедициналық инженерия маман­дығы бойынша NU PhD дәрежесін алған. Ал оның серіктесі Дәукен Сейітқали NU Ин­женерия  және цифрлық ғылымдар мек­те­бін бітірген. Олардың стартапына NU Әлеу­меттік даму қоры, «Young Researchers Alliance» және «Jas Ventures» қаржылай қолдау көрсеткен.