Фото: Ашық дереккөз
Депутаттың мәліметінше, мәдениет үйінде 20 жыл еңбек еткен қызметкердің айлығы небәрі 200 мың теңге шамасында. Көп жағдайда олар сыйақы мен үстемақыдан қағылып отыр. Осы себепті өнер академиялары мен консерватория түлектері ауылдық жерлерге баруға құлықсыз. Жастар тәжірибелі буынның ауыр жағдайын көріп, шалғайға жұмысқа барудан бас тартады.
Бұдан бөлек, ауылдағы мәдениет үйлерінде бір маман бірнеше міндетті қатар атқаруға мәжбүр. Яғни, бір адам ұйымдастырушы, әрі режиссер, сценарист, жүргізуші, көркемдік жетекші қызметін қоса атқарады. Бұл еңбек жүктемесінің шамадан тыс екенін көрсетеді.
Еліміздегі псевдопсихологтарға айыппұл енгізілуі мүмкін
«Табысқа тәуелді тағы бір түйткіл, ауылдық мәдениет үйлеріндегі директорларға жұмыс өтілі де, санаты да саналмайды. Салдарынан олар қатардағы қызметкерлерден аз айлық алады. Бұл да түйіні тарқамаған түйткіл. Жұмыс күні елмен бірге еңбек ететін мәдениет саласының қызметкерлері мереке күндері демалған халықтың көңілін көтеру үшін тағы қызмет етеді, өнер көрсетеді. Одан қашпайды да шығармашылық тұлғалар, тек тынымсыз еңбекке төленетін ақы да ақылға қонымды болса дейді. Себебі мәдениет бұл ұлттық идеологияның ажырас бөлігі. Сондықтан мәдениеттің майталмандарына, шалғайда шығармашылықтың шамын сөндірмей отырған жандарға жалақыны көтеру керек», деді депутат.
Қаладағы мәдениет қызметкерлерінің де жағдайы мәз емес. Себебі оларға ауылдық жерлерге берілетін 25% үстемеақы қарастырылмаған. Ал өңірлердегі мәдениет нысандарының материалдық-техникалық базасы ескірген – басым бөлігі жөндеуді қажет етеді.
Депутат Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Мәдениет – ұлттың төлқұжаты» деген сөзін еске сала отырып, бұл саланы дамыту – стратегиялық міндет екенін атап өтті. Оның пікірінше, мәдениет – ұлттық идеологияның ажырамас бөлігі, сондықтан оған жүйелі қолдау қажет.
Мәселені шешу үшін депутат тарапынан бірқатар нақты ұсыныстарды ортаға салды:
- Ауылдық және аудандық мәдениет ұйымдарын күрделі жөндеуден өткізіп, материалдық базасын жаңарту;
- Мереке және демалыс күндеріндегі жұмысқа қосымша ақы төлеуді қатаң бақылау;
- мәдениет қызметкерлеріне әлеуметтік пакет (көтермеақы, тұрғын үй, сауықтыру) беру тетіктерін енгізу;
- Жалақыны тұрақты түрде арттыру механизмін қалыптастыру;
- Біліктілікті арттыру және шетелдік тәжірибе алмасу мүмкіндіктерін кеңейту.
Депутаттың айтуынша, бұл шаралар жүзеге асса, мәдениет саласының беделі артып, ауылдағы рухани өмір жаңа деңгейге көтеріледі.