Медицина • 18 Маусым, 2024

Денсаулық сақтау саласындағы міндет пен жауапкершілік

74 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Өткен жексенбіде Медицина қызметкерінің кәсіби мерекесін атап өттік. Ел азаматтарының өмірі мен денсаулығын сақтау медицина саласында еңбек етіп жүрген әр маманның басты миссиясы деп білеміз. Бұл міндетті орындау асқан жауапкершілікті, адалдықты, адамгершілік пен қайы­рымдылықты, есіл еңбекті қажет етеді. Сол үшін де ел-жұрт медицина қызметкерлерінің еңбегін жоғары бағалайды.

Денсаулық сақтау саласындағы міндет пен жауапкершілік

Басқару ісіне өзгеріс енгізіледі

Денсаулық сақтау сала­сының дамуы – Пре­зидент Қасым-Жомарт Тоқаевтың назарында. Мысалы, жақында Мемлекет басшысы екі маңызды медициналық нысанды аралады. Соның бірі – биылғы тамыз айында ашылады деп жоспарланған Ұлттық ғылыми онкология орталығының жаңа корпусы болса, екіншісі – Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орта­лығы. Екі орталық та медициналық қызметтердің сапасын арттыруға және аза­маттардың денсаулығын нығай­туға дайын екенін көрсетті.

Елдегі 3 323 амбулаториялық-емха­налық ұйымда және 872 стационарда 81,3 мың дәрігер, жоғары медициналық білімі бар 5,2 мың мейіргер және 190,6 мың орта медицина қызметкері жұмыс істейді. Дәл осындай ұйымдармен қоса тәжірибесі толысқан медицина мамандары отандастарымыздың өмір сүру ұзақтығын арттырып, ауру-сырқаудан болатын өлімді азайтуға үлес қосады.

Кейінгі 5 жылдың шамасында елде өмір сүру ұзақтығы 2 жасқа (73-тен 75 жасқа дейін) артып, жалпы өлім – 9%-ға, ана өлімі – 16,8%-ға, нәресте өлімі – 8,5%-ға, қанайналым жүйесінің ауруларынан болатын өлім – 11,9%-ға және қатерлі ісіктерден болатын өлім 15,3%-ға төмендеді. Саланы қаржыландыру көлемі де жос­парлы түрде өсіп келеді. Былтыр біз 4,7 трлн теңге нақты белгіге немесе ішкі жалпы өнімнің 4%-ына жеттік. Бұл соманың 67%-ы мемлекетке, 33%-ы жеке шығыстарға тиесілі.

Денсаулық сақтау министрлігі мен бүкіл мемлекеттік аппарат мемлекеттік көздерден бөлінетін қаражаттың есесіне азаматтардың ем-шараға жұм­сайтын шығынын азайтып, медициналық көмекті барынша қолжетімді етуге күш салады. Осылайша, негізгі басымдық медициналық көмекте және ауру­лар профилактикасының барлық деңгейінде қаражатты тиімді пайдаланып, ашықтықты арттыруға бағытталады.

Денсаулық сақтау – мемлекет көп көңіл бөлетін әлеуметтік маңызды саланың бірі. Кейінгі жылдары салада көптеген реформа іске асты. Алайда әлеу­мет­тік міндетті медициналық сақ­тандыру жүйесіне қатысты бір­неше сұрақ алаңдатты. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжы­рым­дамасына сәйкес барлық тарапта тепе-теңдікті сақтауды ескере отырып, біз қоғамның сұра­ныс­тары мен азаматтардың мүд­де­леріне уақтылы жауап беруге тырысамыз. Сондықтан әрбір арыз-шағым біз үшін өте маңыз­ды.

а

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Мемлекет басшысы биыл 7 ақпанда жаңа Үкіметтің алдына мемлекеттік қаражаттың жұмсалуына тиісті бақылауды, ашықтықты қамтамасыз етіп, медициналық көмек сапасын арттыруды тапсырды. Сондай-ақ медициналық көмектің бірыңғай пакетін енгізіп, азаматтардың жекелеген әлеуметтік әлсіз санаттарын, әсіресе ауылдық жерлерде медициналық сақтандырумен қамтуды кеңейту жайын басшы­лыққа алғаны белгілі.

Денсаулық сақтау министрлігі жүйелі диагностика жүргізіп, міндетті медициналық сақ­тан­дыру жүйесіндегі және жалпы саладағы мәселелердің себеп-салдарын анықтады. Бүгінде біз денсаулық сақтау жүйесінің барлық басқару буындарында іркілісті жою бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Материалдық және қаржылық ресурстарды бас­қару бойынша инсти­туцио­нал­дық негіз құрудамыз. Нәтижеге қол жеткізу үшін басқарудың барлық дең­гей­лерінде дербес жауапкершілікті арттырдық.

 

Сақтандыру жүйесінің маңызы

Енді медициналық көмек көрсетудің барлық жүйесін қайта құрып, бөлінетін қара­жат­тың ашықтығы мен тиім­ді­лігін қамтамасыз ету қажет. Ден­саулық сақтау жүйесін мем­лекеттік басқару сапасын арт­тырумен қатар бірыңғай пакетті қалыптастырып, қаржы­лан­дырудың аралас моде­ліне­н сақ­тан­дыру моделіне өту өзекті болып отыр. Алда мін­дет көп. Мы­салы, денсаулық сақ­тау жүйе­сінің азаматтардың қажет­­тіліктері мен мүдде­леріне жауап­­тылығын қамтамасыз ету керек. Сақтандырылмаған аза­мат­тар үшін диагностика мен ем­деудің жеке­леген түр­ле­рінің қол­жетімділігін және Меди­циналық сақ­тандыру қоры қыз­ме­­тінің ашық­тығын арттыру мін­деті тұр.

Денсаулық сақтау министрлігі толыққанды ведомстволық статистиканы жетілдіру бойынша жұмыс істеп келеді. Бұл – еліміздің денсаулық сақтау жүйесін дамытудағы трендтерді және мемлекеттік кірістердің елеулі көлемінің түпкілікті нәтижесін сенімді бағалауға мүмкіндік береді.

Міндетті әлеуметтік меди­циналық сақтандыру жүйесіне қатысты айтылған сын-пікірлерге қарамастан, бұл жүйені сақтау қажет. Өйткені бұл салаға жылына 1,4 трлн теңгеден астам, оның ішінде республикалық бюджеттен тыс 1 трлн теңге табыс әкеледі. Мемлекетке саланы қаржыландырудың осы көзінің шығындарын өтеу қиынға соғады. Қоғам­ның сала қаражатын пай­да­ланудың ашықтығы мен тиімділігіне қа­тысты сыны негізді. Эко­но­микалық және қаржы­лық менеджмент пен үйлестіру деңгейін арттыру үшін Ден­саулық сақтау министрлігінің өзінде бас­қа­­ру құрылымы жетілдірілді.

Медициналық көмектің бір­ыңғай пакетін әзірлеу бойынша жұмыс бас­талды. Ол – мемлекет кепілдік берген базалық бөліктен және саланың қолда бар ресурс­тарын ескере отырып, жұмыс берушілер мен азаматтар­­дың өз аударымдарының есебі­нен қалып­тасатын сақтандыру бөлігінен тұрады. Бұл міндет 2027 жылға дейін кезең-кезеңімен іске асады.

        

Сапалы қызметке не кедергі?

Дәрігерлердің міндеттеріне көптеген медициналық ақпа­рат­тық жүйелерге деректерді енгізу функция­сы еніп, бұл дәрігердің пациенттің проблемаларын шешудегі басты миссиясынан айырды. Бүгінде дәрігер алғашқы қабылдау кезін­де пациентті қабылдауға арнал­ған норматив бойынша 15-20 ми­нуттан тұратын ақпараттық жүйе­лерге мәліметтерді енгізуге шама­мен 13 минут жұмсайды. Халық­тың наразылығын тудыратын мәселелердің бірі – осы.  

Осыған байланысты стандарттарды, клиникалық хаттамаларды, пациенттердің маршруттарын және «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ-пен өзара іс-қимыл тәртібі мен қағидаларын қайта қарау бойынша жұмыс басталды.

Ауылда медициналық көмек­тің қолжетімдігі мен сапасын жақ­сар­ту үшін 2023 жылдан бас­­тап ауыл­дық елді мекендерді 655 жа­ңа ме­ди­циналық-сани­тариялық ал­­ғашқы көмек нысанымен қам­та­масыз ету мәселесін, 32 ау­дан­дық орталық аурухананы жаңғырту жолымен шұғыл меди­циналық көмек сапасын арттыруды, ауылдық жерлерде еңбек етуге 1 100 медицина қыз­меткерін даярлау жоспарын қам­титын «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» қанатқақты ұлттық жобасы іске асып жатыр. Мұндағы жоба-жоспарлар ауру-сырқауды ерте анықтауға, профилактика мен скринингтік бағ­дар­ламаларды жақсартуға, ауыл тұрғындарына меди­циналық көмек көрсетудің жаңа тәсіл­дерін енгізуге мүмкіндік береді.

Денсаулық сақтау инфра­құрылы­мын дамытудың 2030 жылға дейінгі ұзақмерзімді тұжырымдамасы бекі­тілді. Тұжырымдаманы іске асыру­дың бірінші кезеңі 34 басты жобада көзделген денсаулық сақтаудың негізгі нысандарын жобалау мен салуды қамтиды. Сондай-ақ 2024-2026 жылдарға бөлінген қаржыландыру шегінде медициналық мекемелерді күрделі жөндеу және жарақ­тандыру жөніндегі жұмыс жалғасады. Екінші кезеңде жаңа құрылыс, жөндеу және толық жарақтандыру жолымен 2,5 мың медициналық нысанды жаңғырту жос­парланды.

Биыл 1 маусымнан бастап босандыру, неонатология, балалар неврологиясы, балалар аллергологиясы, ревматология бойынша медициналық көмек көрсететін ұйымдар үшін тарифтердің мөлшері артып келеді. Қыркүйекке қарай қажетті рәсімдердің аяқталуына байланысты абдоминалдық хирургия, инфекция, неврология, гастро­энтерология, кардиология, травматология және ортопедия, нефрология, эндокринология, онко­гематология сияқты бағыттар бойын­ша тарифтерді көтеру жос­парланып жатыр.        

Қабылданған іс-шаралар халықтың сапалы медициналық көмекке қолже­тім­ді­лігін қамта­масыз етуге, азамат­тар­дың шығыстарын азайтуға, сон­дай-ақ медициналық ұйымдардың шығын қаупінің деңгейін төмендетуге арналған. Осыған қоса статистиканың қолжетімдігі мен дұрыстығы, оның ішінде кадр және материалдық-техни­калық ресурстарды басқару жүйесі бо­йынша проблемаларды шешу талап етіледі. Бұл саланың осы бағыттарын сапалы жоспарлауға және басқаруға мүмкіндік береді.

Босандыру және балалар қызметін жетілдіруге ерекше көңіл бөлінеді. Қазір елімізде орта есеппен бір тәулікте мыңға жуық нәресте дүниеге келеді. Жыл сайын 400 мыңнан астам жүкті әйел амбулаториялық қызмет мамандарында бақылауда болады. Жүкті әйелдер мен жаңа туған нәрестелердің денсаулығын сақтау және патологияларын ерте анықтау үшін 11 миллионнан астам нәрестені қамтитын скринингтер жүргізіледі. «Бір күндік клиника» қанатқақты жобасы енгі­зілуде. Жоба барлық өңірлерде кезең-кезеңі­мен іске асады. Бұл пренаталдық диагностиканың инно­ва­циялық әдістерін қол­да­нуға және пато­логия­сы бар балалардың туу қаупін уақтылы анықтауға мүмкіндік береді.

Тұрғындарға ма­ман­­дан­ды­рылған меди­ци­налық көмек көрсету тәсіл­дері қайта қаралады. Алғашқы іс-шара­лар қазірдің өзінде қабылданды. Биыл нау­рыз айынан бас­тап жос­пар­лы емдеуге жатқызуға арналған тал­дау­лардың тізбесі 42 зерттеуге қыс­қар­ды. Талдаулардың жарамдылық мер­­зімі 3-6 есеге ұлғайды. Сондай-ақ па­циенттердің маршруттарын оңтай­лан­дыру бойынша іс-шаралар қабыл­дан­ды.

Денсаулық сақтау жүйесін одан әрі дамыту және ағымдағы жағдайларда қалыпты жұмыс істеуді қамтамасыз ету тетіктерін әзірлеу бойынша жұмыс жүр­гі­зіліп жатыр. Халықаралық озық тәжі­рибені, медициналық ұйым­дардың басшыларын іріктеу жүйесін ескере отырып, ауру­ханалық менеджменттің жаңа стандарттарын әзірлеу және енгізу, бөлінетін ресурс­тарды пайдалану тиімділігі мен қаржылық тұрақтылығы үшін жергілікті атқарушы органдардың жауап­кершілігі мен тартылуын одан әрі арттыру бойынша жұмыс жүргізілуде.

 

Маман мәселесі өзекті

Дәрігерлердің тапшы­лы­ғы, әсіресе арнайы ма­мандандыру туралы көп айтылады. Бірақ осы күнге дейін салада меди­ци­налық қызметтер мен сер­вис­тердің жоғары сапасына бағытталған медицина қыз­меткерлеріне еңбекақы төлеуді ынталандырудың моделі жа­сал­маған. Біз кадр даярлау және оқыту сапасы саласындағы сая­сат­қа, олардың сапалы және нә­ти­желі қызметін қамтамасыз етудің қолданыстағы тетіктерін қайта бағалауға талдау жүргіздік.

Өкінішке қарай, медициналық ұйымдарда дәрігер тапшылығы әлі де бар. Бұл әсіресе ауылдық елді мекендерде байқалады. Тапшылықтың негізгі себептері – ерік-жігердің аздығы, сенімсіздік, жоғары психо­эмоционалдық жүктеменің көбеюі және әлеу­меттік кепілдіктердің жет­кі­­ліксіздігі. Осындай себеп-салдардан кейін медицина мамандары жұмыстан шығып жатады.

Денсаулық сақтаудың кадр­лық саясатын дамыту тұжы­рым­да­масы, ең алдымен, кәсіп­тің имиджі мен беделін арттыруға бағыт­талады. Есепке алу үдерісін цифр­ландыру және бірыңғай жүйені құру амалдары бұрын да қолға алынған еді. Алайда баста­ған іс аяқсыз қалды. Денсаулық сақ­тау­дың кадр ресурстарын есепке алу­дың бірыңғай ұлттық жүйесін құруды аяқтау жоспарланып отыр. Онда 1-курс студентінен бастап жұмыс істейтін денсаулық сақтау маманына дейінгі бар­лық дерлік ақпарат мемлекеттік тапсырысты бөлу, түсу, оқыту, жұмысқа орналастыру және бүкіл кәсіби қызмет бойы үздіксіз даму рәсімінен бастап цифрландырылатын болады.

Медициналық-санитариялық ал­­ғаш­қы көмек жүйесін жетілдіру мақ­­сатында емхана дәрігерлері мен ме­йір­герлердің біліктілігін арттыруға ба­ғытталған іс-шара­лар кешені іске асып келеді. Мамандықтың беделін арт­ты­руға негіз болатын шаруалар пысықталуда (жалақыны көтеру, төлемдерді ынталандыру, кәсіби өсу, еңбек және әлеуметтік жеңілдіктер, қолайлы еңбек жағдайларын жасау).

Қорыта келе сала алды­на­­ қойылған міндеттерді шешу үшін Денсаулық сақтау ми­нистр­лігі сақтандыру жүйесін жаң­ғыртуға, медициналық көмекті ұйымдастыруға, бизнес-үдерістерді қайта құруға, ашық­тықты, тиімділікті, бөлінетін қар­жылық және материал­дық ресурс­тарды қамтамасыз етуге басым­дық берілгенін атап өткім келеді. Сондай-ақ тұрғындар мен па­циенттердің қажеттілігіне баса назар аудара отырып, сала кадр­ларын сала алдында тұрған сын-қатер­лерді шешуді бағдарлауға кіріс­кенін хабарлаймын. Меди­цина қызметкерлерімен бірге біз алға қойған барлық мақсат-міндетке қол жеткіземіз деп ойлаймын.

Нәтижесінде, біз халыққа па­циент­­тердің сұранысына бағдар­­лан­ған меди­циналық көмек көр­се­тудің жетілдірілген моделін ұсы­намыз. Дәрігерлерге негізсіз бару мен зерттеулерді барынша алып тастаймыз. Пациенттердің мар­шруттары қайта құрылады. Медициналық көмек көрсетудің барлық буынының жұмысы үйлесіп, өзара интеграцияланады. Мем­ле­кеттің міндеттемелері теңге­рім­ділікке қол жеткізу үшін сала­ның қолда бар ресурстарына сәйкес келтіріледі.

Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шы­найылық қағидаттарына негіз­деледі. Меди­ци­налық ұйым­дар қызметінің тұрақ­т­ылығы қам­тамасыз етіледі. Меди­циналық технология­лар мен дәрілік формуляр дәлелденген тиімділікке негізделеді. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мен тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің пакеті бойынша ақылы қызметтердің көмегіне қолжетімділікті арттыру есебінен азаматтардың қалтасына жүктемені бір мезгілде төмендете отырып, бірқатар дәрілік зат пен медициналық қызмет бо­йынша қосымша төлем енгізу жайы пысықталады.

Иә, медицинаның барлық дерлік бағыттары бойынша алда әлі аса маңызды міндеттер мен жоспарлар бар. Ма­ман­дарға артылған жауапкершілік жүгі жеңіл емес. Әріптестерімді кәсіби мерекемен, Медицина қыз­мет­ке­рі күнімен шын жүрек­­тен құт­тықтай отырып, еңбектеріне табыс тілеймін. Түрлі қиын­­дықпен бетпе-бет келіп, адам жанын ара­шала­ған қызметтеріңіз елдің береке-бірлігін арттыра берсін.

 

Ақмарал ӘЛНАЗАРОВА,

Денсаулық сақтау министрі