Үкімет • 19 Маусым, 2024

Халықты интернетпен қамту деңгейі қандай?

73 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында елдегі интернет пен мобильді байланыс сапасын жақсарту мәселесі қаралды. Сондай-ақ жаз маусымында су айдындарындағы қауіпсіздік шарасы да жан-жақты талқыланды.

Халықты интернетпен қамту деңгейі қандай?

Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «ЕQ»

Байланыс операторлары арасында бәсеке жоқ

Отырыста Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев, «Қазақтелеком» АҚ төрағасы Бағдат Мусин және бірқатар өңір әкімдері баяндама жасады. Халықты сапалы байланыс­пен қамтамасыз ету үшін өткен жылы «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы қабылданды. Барлық іс-шараны орындау нәтижесінде 2027 жылға қарай елді мекендер мен жолдарды байланыс желілерімен қамту 100%-ға жетеді. Қазір интернетті пайдаланатын ел халқының үлесі дамыған елдер деңгейінде тұр. 2020 жылға қарағанда трафик – 61,5%-ға, абоненттер саны 12,9%-ға өсті. «Speedtest Ookla» деректеріне сәйкес, біздің ел орташа интернет жылдамдығымен әлемде 66-орында (43,6 Мбит/с).

Ауылдық елді мекендерде байланыстың қолжетімділігі мәселесіне де жіті назар аударылды. Мәселен, бүгінде 6 290 ауылдың 2 606-на оптикалық желі тартылды. Ал мобильді интернет 4 866 елді мекен тұрғындарына қолжетімді. Қолданыстағы салық жеңілдіктері аясында 2023 жылы 1 161 ауыл 4G технологиясына қосылған.

Байланыс операторларының лицензиялық міндеттемесіне сәйкес, 1 076 ауылды интернетпен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Ұлттық жоба аясында мемлекет-жекешелік әріптестік тетігі арқылы 3 010 ауылда оптикалық байланыс желісін тарту көзделіп отыр. Жобалар қорытындысына сәйкес 2,4 млн адам интернетке қол жеткізеді деп күтіледі. Барлық жоба байланыс операторларынан 340 млрд теңгеден астам көлемде жеке инвестиция тартуды көздейді.

Республика бойынша 20 қалада 1 144 5G базалық станса орнатылған. Астана, Алматы, Шымкент қалаларында және облыс орталықтарында 5G-ді дамытуға қатысты жұмыстар жал­ға­сады. Жалпы, 2027 жыл­дың соңына дейін байланыс опера­торларының салаға салатын инвестиция көлемі 450 млрд теңгеден асады. Үкімет басшысы жылдам интернет – цифрландырудың негізі, ал байланыс қызметтерінің көле­мін арттыру экономикалық өсу­дің маңызды аспектілерінің бірі екенін айтты. Осы орайда тұр­ғындар жылдам, 100 Мбит/секундтан кем болмайтын интернетпен қамтамасыз етілуі қажет екенін ескертті. Сөйтіп, республикалық және негізгі облыстық жолдарда сапалы ұялы байланыс пен мобильді интернеттің болуы аса маңызды шараның бірі екенін назарға алды.

Өткен жылдың өзінде байла­ныс сапасына шамамен 21 мың шағым келіп түсті, биылғы 5 ай­да мұндай шағымдар саны 11 мың­ға жуықтаған. Мәселе тек шал­ғай елді мекендерде интер­нет­­тің нашар болуында ғана емес, ірі қалаларға, сондай-ақ ше­кара маңындағы пункттерге де әсер ете­ді. Бұл мәселелерді кі­діріс­сіз ше­шіп, қолданыстағы инф­­ра­құ­ры­л­ымды жаңғыртуды тапсырды.

«Операторлардың әдетке ай­налдырған тарифтер құнын ұл­ғайту мәселесі жеке талқылауды талап етеді. Бәсекелестікті дамы­ту мақсатында байланыс қыз­мет­терінің тарифтерін мемлекеттік реттеу алып тасталғаны белгілі. Бәсекелестік қана бас реттеуші болуға тиіс. Алайда әзірге бұл байқалмай тұр. Барлық операторда баға шамамен бірдей. Бұдан басқа, Салық кодексінің аясында операторлар үшін радиожиілікті спектрге 90% мөлшерінде жеңілдік көзделген. Осы ретте операторлар лицен­зия­­лық міндеттемелерге сәй­кес үнемделген қаражатты бай­­ла­ныс инфрақұрылымын да­мы­­туға инвестициялауға тиіс. Сондықтан министрлік моно­по­лияға қарсы органмен бір­ле­сіп операторлардың өз мін­дет­темелерін толыққанды орында­уын және бағалық сөзбайласу мен тарифтердің негізсіз артуына жол бермеуді қамтамасыз етуі қажет», деді О.Бектенов.

Елімізде Каспий теңізінің түбімен және еліміздің батысынан шығысына дейін талшықты-оптикалық маршрутты жүргізу бойынша ірі жобалар іске асырылып жатыр. Отандық оператор – «Қазақтелеком» АҚ жобаны іске асыру Еуропа мен Азия арасындағы деректер транзитінде ел үлесін ұлғайтуға, сондай-ақ ірі «Big Tech» компанияларды тар­туға әрі ұсынылатын кон­тент­тің деңгейін арттыруға мүмкін­дік береді. Бұл өз кезегінде тұтас­тай алғанда, елімізге мульти­пликативті әсер етеді. Мұндай маңызды жобаларды іске асыру бейінді министрліктің ерекше бақылауында болуға тиіс екенін айтқан Үкімет басшысы елдегі интернет пен байланыс сапасы мәселесін қарау қорытындысы бойынша тиісті органдарға бірқатар нақты тапсырма берді.

Біріншіден, Цифрлық даму министрлігі өңір әкімдіктерімен бірлесіп бастапқы кезеңде үш ай мерзім ішінде облыс орта­лықтары бойынша «ақтаң­дақ­тарды» анықтау бойынша талдау жүргізіп, мобильді байланыс қызметтерінің сапасын арттыру бойынша нақты іс-қимыл жос­парын әзірлеуі қажет. Бұдан әрі азаматтардан түскен өтініштерді ескере отырып, аталған жұмысты барлық елді мекенде жүргізуі қажет.

Екіншіден, байланыс опера­торларының лицензиялық міндет­темелерді орындау мәселе­сін жүйеге келтіру керек. Цифр­лық даму министрлігі байланыс операторларымен бірлесіп жүктелген міндеттемелерге сүйе­не отырып, екі ай мерзімде жаңа 4G базалық стансаларын орнатып, тіркелген интернеттің ескі жабдықтарын ауыстыру жоспарын бекітуі қажет.

Үшіншіден, су тасқыны кезеңінде бірқатар өңірде электрмен жабдықтау және базалық стансалардың ажыратылу проблемаларына орай байланыс үзілген болатын. Цифрлық даму министрлігі Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп бір ай мерзімде төтенше жағдай кезеңінде спутниктік байланыс жүйелерін пайдалану мүмкіндігі мәселесін қарастыруы керек.

 

Суға түсерде сақтық қажет

Шомылу маусымы кезінде қауіптің алдын алу шаралары туралы Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов есеп берді. Сондай-ақ Ішкі істер, Оқу-ағарту және Көлік министрлері баяндама жасады. Жазғы кезеңде қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін еліміз бойынша су айдындарында 42 құтқару бекеті жұмыс істейді. Келесі жылы Шалқар, Имантау көлдерінде, сондай-ақ Қосшы қаласында 3 модульдік стансаның құрылысы аяқталады. Сонымен қатар қайықтар мен құтқару құралдарымен жабдықталған мобильді посттар құрылды. Төтенше жағдайлар министрлігі әкімдіктермен бірлесіп шомылуға және демалуға рұқсат етілген орындарды көбейту бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр. Бүгінде ел бойынша осындай 708 орын жабдықталған. Жағажайлардың орналасқан жері туралы деректер 2GIS платформасында орналастырылған.

Судағы қауіпсіздікті бақылау, оның ішінде су айдындарының жағалауларында спирттік ішім­діктерді тұтыну фактілерінің жолын кесу жөніндегі профи­лак­­тикалық іс-шаралар ая­сында акваторияларға патруль жүргізіледі. Жыл басынан бері 26 мыңнан астам рейд ұйымдас­тырылып, 3 мыңға жуық құқық бұзушы жауапқа тартылды.

Үкімет отырысында су айдындарына жақын жерде ұйым­дастырылған балалар демалысы мәселесіне ерекше назар аударылды. Мониторингтік топтар суға шығатын 31 қала сыртындағы лагерьді және өз бассейндерімен жабдықталған 127 демалыс базасын тексерді. Статистикаға қарасақ, жыл сайын елдегі су айдындарында 200-300-дей суға кететін адамның 100-ге жуығы балалар екен.

Премьер-министр өңір әкім­діктеріне судағы қауіпсіздікті қам­тамасыз ету жөніндегі алдын алу шараларын күшейтуді, оның ішінде жүргізіліп жатқан патруль­деу шарасын арттыруды тап­сырды. Жұмыстың тиімді­лігін арттыру үшін жағдай­ды нақ­ты уақыт режімінде қашық­тан бақылауға мүмкіндік беретін жаңа технологияларды енгізу де аса маңызды. Өткен жылдың қорытындысы бо­йынша қабылданған шаралардың арқасында құрбан болғандар саны 6%-ға қысқарған.

«Алматы және Павлодар қала­ларында жүзіп бару шекара­сын байқауға және суға батып бара жатқандарды ерте анықтауға мүмкіндік беретін қашық­тан мониторинг жасау жүйесі қанатқақты режімде сынақтан өтті. Ақтөбе облысында суға батып бара жатқан адамға батырма арқылы көмек шақыру сигналын жіберуге мүмкіндік беретін интерактивті қалқыма жобасы әзірленді. Осыған байланысты өңірлердің әкімдіктері осы тәжірибені зерделеп, пайдалануға тиіс. Жағажайларда бақылау камераларын орнату және тиісті бағдарламалық қамтамасыз ету мәселесін пысықтау қажет», деген Үкімет басшысы, қоғамдық құт­қарушыларды тартуға қатыс­ты жұмысты одан әрі жандандыру қажет екенін айтты.

Ол ірі су айдындарынан бөлек арықтар мен суару каналдары да қауіп төндіретініне ерекше назар аударды. Балалардың қайтыс болу жағдайы негізінен елдің оңтүстік өңірлерінде – Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарында тіркеледі. Премьер-министр әкімдіктерге қоршаулар орнату арқылы инженерлік құрылыстарды абаттандыру мәселесін шешуді тапсырды. Сонымен қатар қалалық субұр­қақ­тардың қауіпсіздігін тексеріп тұру маңызды екенін ескертті.

Шағын көлемді кемелерді пайдалануды бақылау бойынша қатаң шаралар қабылдануға тиіс. Ақауы бар су көлігін пайдалану көбінесе қайғылы жағдайға әкеледі. Бүгінгі таңда елімізде 19 мыңнан астам кеме тіркелген, оның 90%-дан астамы – өздігінен жүретін кемелер.