Мәдениет • 19 Маусым, 2024

Бауырлас ел ақындары елдікті жырлады

102 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Боз даланың бозторғайы атанған Кенен Әзірбаевтың мұрасы мәңгілік екеніне күмән жоқ. Биыл Кенекеңнің туғанына 140 жыл толып отыр. Әйгілі халық ақыны, композитор, әнші Кенен Әзірбаевтың мерейтойына қатысты іс-шараның бастауы тұлға туған топырақ Қордай жерінен басталуы заңдылық секілді.

Бауырлас ел ақындары елдікті жырлады

Жамбыл Жабаев, Балуан Шолақ се­кілді дәуір дара­боз­дарымен рухани байланыс орнатқан даңқты өнер иесі бүгінде қазақ-қырғыз хал­қына ортақ тұлғаға айналып отыр. Содан да болса ке­рек, Қордай топырағында өт­кен «Алатаудың бұлбұлы» атты халықаралық фестиваль­ға асық­қан Алатаудың арғы бе­­тін­дегі сүйегіне өнер қонған ­оғ­­лан­дар Тәңіртаудың бергі ­бе­ті­не асты, оларды қордай­лық­тар бауырға басты.

Иә, мерейтой аясында ұйым­­дастырылған іс-шараға айыр қалпақты ағайындардың ақын­­дары мен манасшылары арнайы ат басын бұрды. Кенен өнеріне бас иген олар осылайша ілтипат көрсетті. Өңірдің айтыскерлері мен жыршы-термешілері де Қордай төрі­нен табылып, аудандық мәдениет үйінде өткен іс-шараның көр­кін қыздырды.

о

«Қордайдың ғана емес, қа­зақ даласының мақтанышы­на айналған Кенен Әзірбаев­тың мерейтойына орай қол­ға алынған іс-шараға еліміздің ­әр қиырындағы таланттар ғана емес, бауырлас елдің ма­насшылары мен ақындары да ке­ліп жетті. Бұл – біз үшін ­үл­кен мәртебе. Осылайша, олар ақынның мұрасына құр­мет көрсетіп отыр. Осы­ның өзі-ақ даңқты дарын иесінің мұ­ра­сы ешқашан өлмей­тін­дігін ай­қындап тұр емес пе?» дейді аудан әкімі Бекзат Болатбеков.

Қоңырлатып ән салған қор­дайлық өнерпаздар қонақ­­тар­ды сән-салтанатымен күтіп ал­ған соң аудан басшысы көр­ші елден келген мәртебелі мей­ман­дарға деген құрметін көр­сетіп, арнайы сый-сияпат ұсын­ды. Уақытында талай ірі до­да­да атой салған Күміскүл Сәр­­сенбаева жырдан шашу шашып, екі ел арасындағы достық пен бауырмалдықты шұрайлы шумақтарына арқау етті.

Елдік пен бірлік, бауыр­мал­дық мәселелері, Кенен шы­ғар­машылығы әңгімеге ар­­қау болған іс-шара барысын­да қырғыздарды бастап келген Азиз Бимырзаұлы мен облыстық айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағы­ның төрағасы Ахметжан Өзбеков екі елдің төл өнерін өркенде­ту­ге бағытталған меморандумға қол қойды.

Ұлттық өнердің өріне шы­ғып, төрінде қалған Кенен Әзір­баев мұрасы дәріптелген фес­тиваль барысында екі елдің өнер­паздары өнерлерін ортаға салды.

Айырқалпақты ағайындар тарапынан бірнеше еларалық айтыстың жеңімпазы Мам­бет­токто Мамбеторозо, манасшы Төлөбек Мұсаұлы, төкпе ақын Турат Жұмашев, термеші ­Бакыт Акматов сахнаға көтеріл­се, ­қа­зақ­тар жағынан «Жеті қа­зы­на» жобасының жүлдегері Ме­рей Абуева, күйші Дидар Басықараев, айтыскер ақындар Әсет Дүйсебаев пен Нұрлыбек Құрманов өнер көрсетті.

Екі елдің сөз ұстаған азаматтары бұл күні алқын-жұлқын айтысқа түсіп, қандай да бір бәй­­геге таласқан жоқ. Кенен мұ­­ра­сының тереңдігі мен ке­мел­­­дігі, өміршеңдігі тура­лы те­рең­­нен толғанды. Ел­дік пен бір­лік­ті, бауырлас елдер­дің тату­­лығын шұрайлы шумақ­та­­ры­на сыйғызып, пендешілік атау­­­лы­ға парасат биігінен қа­рады.

Кейіннен жамбылдық ай­тыскерлер мен қырғыз елінен келген өнерпаздар шағын футболдан жолдастық кездесу өткізіп, ащы терін шығар­ды. Мұнда да достық жеңді. Әйтсе де, қонақ сыйлап үйрен­ген жамбылдық оғландар футбол­ға тігілген жүл­дені қонақ­тар­ға тарту етіп, кісі­лік көрсетті.

 

Жамбыл облысы,

Қордай ауданы