Салық • 20 Маусым, 2024

Орта бизнес өкілдерінің үміті

76 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Осыдан екі жыл бұрын қолға алына бастаған жаңа Салық кодек­сі әрбір кәсіпкер мен қарапайым салық төлеушіге түсі­нік­­ті болумен қатар, ел экономикасына да оң ықпалын тигізуі керек. Алайда мемлекеттік органдар әзірлейтін салық заң­на­­масының жобасы бизнес өкілдерінің ұстанымымен үндесе бермейтінін де атап өткен жөн. Бүгінде кәсіпкерлер мен сала­лық сарапшылардан 60-тан аса ұсыныс келіп түскен.

Орта бизнес өкілдерінің үміті

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»

Талқылау барысында салық салу­шы орган өкілдері, түрлі бизнес иелері мен сарап­шылар қолданыстағы салық заңының жаңа жобада ескерілуге тиіс тиімсіз тұстарын айтып, өз ұсы­ныстарын білдірді. Расында, қол­да­ныстағы Салық кодексі шағын және орта бизнес үшін қолайлы бол­­май тұр. Экономиканың негізгі қоз­­ғау­шы күші орта бизнес десек, оның дамуы көп жағдайда салық ауырт­палығына байланысты екені белгілі. Қолданыстағы кодекс бойынша кәсіпкерлердің төлейтін салығы түрлі алымдар мен төлемдер арқылы 36%-дан асқан. Салықтың көптігі жеке кәсіпкерлерді заңды айналып өтуге итермелейді. Жұмысшыларды ресми түрде жұмысқа қабылдау кәсіпкерлер үшін тиімсіз. Жұмысқа заңды түрде қабылдағанмен, екі бухгалтерлік есеп жүргізіп, жұмысшылардың еңбегін ең төменгі жалақымен ұсынып, келіскен жа­лақы­ны салық салушылардан «ты­ғып» беруге мәжбүр. Өйткені салық бойынша төлемдердің 8 түрі, жалақы мөлшерінен 40%-ға дейін бюджетке және бюджеттен тыс қорларға төлеу бизнесті шығынға ұшыратады.

Егер кәсіпкердің жұмысы жүріп, айналымы 20 000 айлық есептік көр­сеткіштен (АЕК) – 73 840 000 теңге­ден асып кетсе, онда қосымша құн салығына тіркеу және салықтың қосымша 12%-ын төлеу міндеті туын­дайды. Дивидендтерге салынатын жеке табыс салығы – 10%, яғни жылына 30 000 АЕК-тен жоғары деген сөз.

Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен салық мөлшерін кем де­ген­де 20%-ға қысқарту ұсынылған. Бұдан өзге, бірыңғай жер салығын са­лық­тың жеке түрі ретінде алып тас­тау, алым­дардың 6 түрін және мем­ле­кеттік баж­дың 5 түрін қысқарту, зей­нетақы төлем­дерін жеке табыс салы­ғы­нан босату да қарастырылған.

«Жаңа заң жобасы бойынша жал­пы халықтық декларациялау тура­лы қоғамның пікірі әртүрлі. Мұнда мем­лекеттік кірістер көлеңкелі бизнесті анықтауға, лауазымды тұлғалардың заңсыз баюын бақылай отырып, сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендетуге мүмкіндік беретініне сенеді. Декларация тапсыру – әрбір салық төлеушінің жеке мүлкі, табысы туралы есебі. 270.00 нысаны бо­йынша рәсімделетін декларацияда әрбір жеке тұлғаның барлық мүлкі, соның ішінде, мысалы, авторлық құқық объектілері, бағалы қағаздар және 10 000 АЕК-ке дейінгі, яғни 36 920 000 теңге қолма-қол ақшасы жазылады. Сонымен қатар 1000 АЕК-тен асатын асыл тұқымды малыңызды да қалауыңыз бойынша декларацияда көрсете аласыз. Мемлекеттік кірістер комитеті құны 1000 АЕК-тен асатын қымбат сыйлықтар, мәселен, ақша, пәтер мен автокөліктер декларация­да өтеусіз алынған мүлік ретінде көр­сетіледі. Егер сыйлықтар жеке тұл­ға­лардан алынса, бизнес үшін болмаса, онда оларға салық салын­байды», деп түсіндірді Максим Бары­шев «Respublica» партиясының ұйым­дас­тыруымен өткен жиында.

«Josiny» әйелдер аяқкиімі желі­сінің иесі Жомарт Есімбековтің ай­туынша, бөлшек сауда кәсібінде әйел­дер аяқкиімінің 15 дүкені бар. Бүгінде салықты көп төлей бастаған.

«Тауар айналымы өсті, пайыздық мөлшерлеме жоғары. Соңғы екі жылда қосымша 8 жаңа дүкен ашылды. Шекті 2,2 миллиард теңгеге дейін кө­теру маған 3 жеке кәсіпкер мен 1 ЖШС-ны жоюға көмектесті. Қазір барлық қызметпен бір компа­ния айна­лысады. Бұл дүкендер арасын­да та­уарларды тасымалдау, қызметкерлерді жалдау және жұ­мыстан шығару сияқты бизнес-үдерістерді жеңілдетіп отыр. Бірыңғай бух­галтерлік есеп жүйесін (1С) енгіз­дік, бұл біздің тиімділігімізді айтар­лық­тай арттырды. Бөлшек сауда салығы қызметкерлердің жалақысын еске­ріп, салық жүктемесін азайтты. Соның арқасында штат 50%-ға ұл­ғай­­тылды. Бөлшек саудаға салына­тын салық менің табысымда басты рөл атқарып, бизнесті өсіруге әрі да­мытуға мүмкіндік беріп отыр. Ал ше­кті 500 миллион теңгеге дейін тө­мендету соңғы бір жылда белсенді ди­на­мика көрсеткен франчайзинг на­ры­ғына тағы қауіп төндіріп, ел эко­но­­микасына, отандық брендтердің имиджіне және сыртқы инвесторлар­ды тартуға кері әсерін тигізеді. Мем­ле­кет кәсіпкерлердің пікірін еске­ріп, биз­несті одан әрі дамытуға, эко­но­­ми­каны нығайтуға ықпал ететін ше­шім­­дер қабылдайды деп сенемін», дейді.

Өзін-өзі реттейтін қоғамдық тамақ­тан­дыру қауымдастығының төрайымы Вероника Нұрпейісованың айтуынша, елімізде 78 мың қоғамдық тамақтану орны бар, оның 60%-ы дәмхана, бар мен мейрамханалар, бұл шамамен – 46 800 мекеме. Әрбір тамақтану орнының орташа айлық айналымы – 20 миллион, жыл сайын 240 миллион теңгені құрайды. Кәсіпкердің кез келген қалада осындай 5 орны болса, жалпы жылдық тауар айналымы 1,2 млрд теңге болмақ. Онда орташа есеппен 40 адам екі ауысымда жұмыс істейді. Бұл жерде қаржылық көрсеткіштерге назар аударсақ, тауар құнының айналымы – 35%, мекемені ұстауға кететін шығын – 40%, жалдау ақысы, коммуналдық қызмет, эквайринг пен салықты қоса алғанда үстеме шығыстар – 20%. Барлық шығыннан кейін қалған таза пайда шамамен 5% болады. Осылайша, қоғамдық тамақтану нысаны иесінің таза табысы жылына шамамен 12 миллион теңге, айына 1 миллион теңгені құрап отыр.

Қоғамдық тамақ­тану орын­да­ры­ның пандемиядан бері қор­да­лан­ған көп қарызы бар. Пан­демия бас­тал­ғанда қоғамдық тамақ­тандыру нысандарының жалпы бере­ше­гі 1 триллион теңгені құраған. Қазір 500 млрд теңге шамасында. Бөлшек сауда салығын енгізудің арқасында кәсіп­керлер өз қарыздарын кезең-кезеңі­мен өтей бастады. Қоғамның жан-жақты талқылауын талап ететін жаңа салық жобасынан, бірінші кезекте орта бизнес өкілдерінің күтері көп.