«Таза Қазақстан» • 21 Маусым, 2024

Аймақ ажарланып қалды

35 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына орай, қолға алынған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы жұртшылық тарапынан қызу қолдау тауып, ілкімді істер жүзеге асырылуда.

Аймақ ажарланып қалды

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Табиғаты тамылжыған көрікті Көкше өңірінде де қатты тұрмыстық қалдықтар заңдас­тырылмаған полигондарға бей-берекет үйіліп жатқаны жасырын емес. Акция бұрынғы кем-кетікті жойып, ел ішіндегі тәртіп пен тазалықты нығай­туға айрықша ықпалын тигізіп отыр.

– Кейде бір адамдардың немкеттілігін көргенде жаның күйзелетіні бар, – дейді Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шияп Әлиев, – әне бір жылдары облыс орталығының іргесіндегі Бұқпа тауының баурайында орман ішінде бей-берекет шашылып жатқан қоқысты көргенде көңілің құлазып қалатын. Қайсыбір қала тұрғындары қажетсіз құрылыс материалдарын жол бойына төгіп кетуден де тайынбайтын. Менің пайымдауымша, акция жалғыз қала мен даланың ғана емес, замандастарымыздың пейілін тазартуға ықпал етуде.

Акция басталғалы өңірдің 128 мың адам бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, жұмыла жұмыс істеген. Қыруар шаруаны ойдағыдай атқару үшін екі мыңнан астам арнайы техника жұмылдырылған. Нәтижесінде, 34 350 тонна қоқыс шығарылды. Елді мекен тұрғын­дары да өз үйлерінің маңайын тазар­тып, мұнтазтай етіп қойды. Қазір көрген көз сүйсінер жағдайда. 29 678 аула тазар­тылған. Сондай-ақ адамдар көп жүре­тін, дем алатын көрікті өңірлер де назар аударылуда. Бұл шаруаның да мәні зор.

– Жаздың жанға жайлы кештерінде таза ауа жұтып, серуендеп жүргіміз келеді, – дейді Көкшетау қаласының тұрғыны, көпбалалы ана Меруерт Қоша­ме­това, – қазір осындай орындар тап-таза болып тұр. Қай тарапқа қарасаң да ұқып­ты қолдың табы анық байқалады. Игілік­ті шаруаның септігі көпшілікке тиіп жатыр.

Табиғат жанашырлары мен еріктілер 359 алаң мен паркті тәртіпке келтіріп, күл-қоқыстан тазартыпты. Ендігі бір мәселе, заңсыз қоқыс орындары. Өзге өңірді былай қойғанда, табиғаты тамылжыған Бурабай баурайында да мұндай келеңсіздіктер арагідік көрініп қалатын. Тіпті өткен жылы өлген ит-мысық, мал өлексесі жатқаны жайында ел газеті «Егеменге» жазып, дабыл қаққан болатынбыз. Шарапаты мол акция аясында 248 заңдастырылмаған қоқыс орны жойылды. Сондай-ақ отызға жуық иесіз, қаусап тұрған құрылыс ғимараттары бұзылып, орны тегістеліп, тазартылды. Бұл жайдың тазалықпен бірге қауіпсіздікке де қатысы бар. Ойын балалары қаусап тұрған құрылыс алаң­дарында үстіне шығып ойнайтын болса, өмірлеріне қауіп төнуі де мүмкін.

Алғашқы аптада атқарушы орган­дардың, коммуналдық қызмет пен ұйымдардың өкілдері, жалпы жұрт­шылық қыстан қалған арамшөп пен ағаш жапырақтарын жинастырса, кейбір жерлер әктеліп, сырланып, көп-көрім жақсарып қалды. Жалпы, халықтың кәдесіне жарайтын алаңдар абаттандырылып, көркейді. Балалар алаңдары да жұтынып шыға келді. Міне, осындай ауқымды іс үш жүзден астам елді мекенде қолға алынды. Тазалық жұмысына 2 900 мекеме мен кәсіпорын жұмысшылары қатысты. 25 мың адам жұмылған соң жұмыс шақ келе ме, 17 560 тонна қоқыс заңдастырылған полигондарға жеткізілді.

«Киелі мекен» апталығында өңірдегі тарихи-мәдени ескерткіштердің маңайы абаттандырылып, ажарланып сала берді. Әсіресе Бұланды ауданында толымды жұмыс атқарылды. Ел ішіндегі ескерткіштер еңселеніп, мұнтаздай тазалығымен көз тартатын болды. Ауыл ішіндегі ағаштардың түбі әктеліп, бақ ішіндегі орындықтар жөнделіп, ретке келтірілді. Нәтижесінде, бес жүзден астам мәдени ескерткіштердің маңайы тазартылып, көркейтілді. Бұл жұмысқа шамамен он бес мыңға жуық адам қатысты. Осыдан-ақ елдің тазалыққа деген ынта-ықыласы көрінеді емес пе? Еселі еңбектің арқасында үш мың тоннаға жуық қоқыс шығарылды.

«Жасыл аймақ» апталығы да ұйым­шыл­дықпен өткізілді. Бұл жұмысқа 62 мыңға жуық адам қатысты. Нәти­же­сін­де, 39 мың көшет отырғызылды. Бес мың шаршы метр алқапқа гүл егіліп, көгал­дар мұнтаздай етіліп тазаланып, шаң-тозаңнан арылды.

Жас ұрпаққа тәлімді тәрбие беретін жұмыс «Өнегелі ұрпақ» апталығында ұйымдастырылды десек, артық айтқан­дық емес. Апта бойы еріктілер ардагерлер мен қарттар үйлерінің маңайларын тазартып, қолғабыс көрсетті. Бір аптаның ішінде он бес мың адам қатысқан шарада 150 аумақ тазартылды.

Ендігі бір іс жүйелі жүзеге асқан тұс «Мөлдір бұлақ» апталығы. Табиғат жанашырларының саны 11 мың адамға жуықтады. Олар су көздерінің маңайын тазартты, бітеліп қалған бұлақ көздері ашылды. 27 өзен-көлдің жағалаулары қатты тұрмыстық қалдықтардан арылды. 13 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды.

– Ең бастысы осындай жұмыстарды атқару арқылы желкілдеп өсіп келе жатқан жас ұрпаққа тәрбие беру, оларды туған өлкесін қадірлей білуге баулу, – дейді зейнеткер ұстаз Рауза Бәйке­нова, – табиғат туған ұяң екендігін білім оша­ғында саналарына сіңіруші едік, ал бұл жолы нақты іс арқылы үлгі көрсетілуде.

Акцияның пайдалы тұсы ұлан-ғайыр. Жазбен бірге жадырай жайнаған Көкшетау мен Қорғалжынның арасын­дағы кең дала бір арылып, ажарланып қалды. Құтты ізгілікті қоғамның ізетті бейнесі іспетті.

 

Ақмола облысы