Пікір • 21 Маусым, 2024

Журналист құқы ескерілді

78 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Масс-медиа туралы» заңды журналистер қауымы ұзақ күтті. Өйткені бұрынғы «БАҚ туралы» заң ескіріп, оның көптеген ережесі қазіргі уақыт талабына сәйкес келмейтін еді. Ол жа­йында әлеуметтік желіде көп пікірталас жүрді.

Журналист құқы ескерілді

Фото: qazdauiri.kz

Бас редакторлар клубы еліміздің түкпір-түкпіріндегі әріптестеріміздің пікірлерін жинап, «Масс-медиа туралы» заңға қатысты ұсыныстарын білдірген болатын. Жаңа заңда солардың 60 пайызға жуығы ескерілгенін көріп отырмыз.

Бұрынғы БАҚ және телерадио хабарларын тарату туралы заңдар алдағы уақытта күшін жойып, олардың ере­же­лері негізінде қабылданған жаңа заң өз күшіне енеді. Бұл заңда көптеген тың ережелер қарастырылған. Біз Бас редакторлар клубында өткен талқылауларда жур­налист мүддесінің, құқының еске­рілуіне ерекше мән бердік.

«Масс-медиа» түсінігі БАҚ-қа қара­ғанда анағұрлым кең әрі ау­қымды. Бұған интернет-ресурс­та­ры да еніп отыр. Соған орай бір­ыңғай платформа құрылады. Сондай-ақ мемлекеттік емес БАҚ-қа грант­тар беру, аккредиттеуді же­­ңіл­дету мәселесі, т.б. қарас­ты­рыл­­ды.

Журналистер үшін қосымша құқық­тық кепілдіктер белгіленді. Әсіресе бір қуанатын жаңалық – журналистің ерекше мәртебесі деген ұғым еніп отыр. Біз ұсыныстарымызда да осы мәселеге екпін беріп айтқан едік. Өйткені журна­лист – не мемлекеттік қызметші емес, не бюджеттік сала қызметкері емес, ортада қалып қойған еш салаға қатысы жоқ маман болатын. Бұдан былай олардың бостандықтары мен құқықтары заңмен қорғалады. Бұны журналистің мәртебесі деп түсіну керек. Ал бұған дейін нақты мәртебесі болмағандықтан, көптеген шенеунік журналиспен жүре сөйлесетін еді. Сонымен қатар шетелдік БАҚ журналистерін аккредиттеу тәртібі де жетілдірілді. Бұны да осы заңның артықшылықтарының бір деп қарау керек.

Тағы бір үлкен жетістік – БАҚ тарапынан мемлекеттік органдарға берілген сұрақтарды қарау мерзімі 7 күннен 5 күнге қысқарды. Енді әріптестеріміз жолдаған сауалына бір апта сарылып жауап күтіп жүрмейді. Бұл өз кезегінде ақпараттың өзектілігі жойылмауына да септігін тигізеді.

Заңда журналистердің құ­қы­н­­ қор­ғайтын қоғамдық кеңестер құру­ туралы айтылған. Бұл ұйым­дар рес­пуб­ликалық және облыс­тық дең­­­гей­лерде құрылады. Олар­дың негізгі қызметі не? Қазір, шы­ны керек, біраз әріптесіміз «тисе терекке, тимесе бұтаққа» деп аузына келгенді жаза беретін бол­ды. Мұны әсіресе блогерлер­ден байқап жүрміз. Осыған орай бұл кеңестерде журналистер­ге арналған әдеп кодексін әзір­леу­ге байланысты мәселелер қарас­ты­рыл­мақ.

«Масс-медиа туралы» заңда бұ­дан өзге де біз көптен күткен жа­ңа­шылдық қамтылып отыр. Со­ның бірі – мемлекеттік тілі­міз­дің қолданылу аясын кеңейтуге қа­тысты. Отандық БАҚ-та мем­ле­кет­тік тілдегі контенттің үлесі 50 па­йыз­дан 60 пайызға ұлғайтылады. Біз 70 пайызға көбейтуді ұсынған едік. Бірақ Парламентте 60 пайыз­ деп шешім қабылдапты. Бұл да жа­ман көрсеткіш емес. «Көш жүре түзеледі» дегендей, алдағы уақытта ол мақсатымызға да же­тер­міз.

 

Мұратбек ТОҚТАҒАЗИН,

«Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігінің вице-президенті