Фото: primeminister.kz
Тараптар саяси диалогтың жоғары деңгейін атап өтіп, сауда-экономикалық әріптестіктің қарқынды дамып келе жатқанын жеткізді. Роман Скляр қытайлық әріптесін «екі сессияның» табысты өтуімен және Қытайдың 2026-2030 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму жоспарының қабылдануымен құттықтады.
Қытай Сыртқы істер министрлігі Қазақстанды жаңа Конституция бойынша өткен референдуммен құттықтады
Сонымен қатар ол 2026 жылғы 15 наурызда өткен республикалық референдум нәтижелері туралы ақпарат беріп, оның Қазақстанның одан әрі дамуы үшін маңызын атап өтті. Кездесу барысында парламентаралық байланыстардың нығаюы, сондай-ақ инвестиция, көлік және энергетика салаларындағы өзара іс-қимылдың кеңеюі сөз болды.
Чжао Лэцзи өз кезегінде Қытай тарапының Қазақстанмен мәңгілік жан-жақты стратегиялық әріптестікті жоғары бағалайтынын айтып, екі ел арасындағы қатынастардың өзара сенімге негізделгенін атап өтті. Сондай-ақ ол Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформалар мен Қасым-Жомарт Тоқаев бастамаларына қолдау білдірді.
Кездесуде халықаралық күн тәртібі де назардан тыс қалған жоқ. Тараптар БҰҰ, ШЫҰ, АӨСШК және «Орталық Азия – Қытай» форматтары аясындағы ынтымақтастықтың маңызын ерекше атап өтті.
Жалпы, келіссөздер Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі тереңдетуге бағытталғанын көрсетті.