Сұхбат • 25 Маусым, 2024

WPC Energy конгресі – ықпалды ынтымақтастық нәтижесі

43 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Қазақ мұнайының 125 жылдығын атап өту қарсаңында Kazenergy қауымдастығы тарихи жетістікке қол жеткізіп, еліміз үшін әлемдік мұнай-газ саласының «Олимпиада ойын­дарын» – WPC Energy конгресін өткізу мүмкіндігін жеңіп алды (2023 жылға дейін Дүниежүзілік мұнай конгресі деп аталып келген). Бұл жетістік Kazenergy қауым­дас­ты­ғының Дүниежүзілік мұнай кеңесімен (ДМК) (2023 жыл­дан бастап WPC Energy атауы өзгертілді) көп жылғы жемісті ынтымақтастығының, сондай-ақ ел Үкіметі мен «Қаз­МұнайГаз» ҰК АҚ қолдауының арқасында мүмкін болды. Осы орайда халықаралық деңгейдегі іс-шараның мән-маңызы тура­лы аталған қауымдастықтың бас директоры Әлібек Қуантыровтан сұрап білдік.

WPC Energy конгресі – ықпалды ынтымақтастық нәтижесі

– Еліміздің 2028 жылы WPC Energy конгресін өткізу мүмкіндігіне ие болуы сөз­сіз, үлкен жетістік. Біздің білуімізше, Астанада мұнай-газ саласына қатысты дәл осын­дай ауқымдағы іс-шара тұң­ғыш рет өткелі тұр. Ғасырға жуық тарихы бар конгрестің елімізде өтуінен нендей нәти­же күтеміз?

– Иә, алғаш рет қазақ жерін­де өткелі тұрған конгрестің мән-маңызы ерекше. Бұл ұйым­дас­тыру комитетіне осы іс-шара­ны лайықты өткізу және Қазақ­станның ұзақ мерзімді инвестициялар үшін сенімді серіктес әрі жаһандық энергетика саласы бойынша ең маңызды шешімдер тал­қы­ланып, қабылданатын алаң бола алатындығын әлем­ге көрсету үшін айрықша жауап­кершілікті жүктейді.

Конгресс саяси, инвести­ция­лық және имидждік тар­тым­дылықты арттырып, еліміздің әлем­дік аренадағы орнын нығай­тып, қызмет көрсету саласын, іскерлік туризмді, Астана мен басқа да өңірлердің инфра­құ­рылымын дамытуға мульти­пли­кативті әсер ететінін атап өткен жөн. Бұл жаңа жобалардың дамуына серпін беріп, ұлттық экономикаға инвестиция тартуға мүмкіндік береді.

Конгресті қаржыландыру халықаралық демеушілік қара­жатты тарту, делегат орындары мен көрме алаңдарын өткізу есебінен жүзеге асырылатынын атап өту қажет. Іс-шарадан түсетін барлық ықти­мал пайда қайырымдылық мақ­саттарға, соның ішінде Аты­рауда Мұнай мұражайын құру бойынша әлеуметтік жобаны жүзеге асыруға немесе саладағы техникалық жоғары оқу орындарының ел студенттері үшін арнайы білім гранттарын құруға бағытталады.

Дүниежүзілік мұнай кон­гре­сінің форматы ауқымды іскерлік бағдарламаны қамтиды және жаһандық салалық элитасына экологиялық жауапкершілік, ESG инвестицияларын жұмылдыру, тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу жөніндегі Мемлекет басшысының бастамалары мен еліміздің ұстанымын жеткізуге мүмкіндік береді.

– Бұрын Дүниежүзілік мұнай конгресі Ұлыбритания, АҚШ, Қытай, Испания, Қатар, Канада сынды тағы бірқатар дамыған елде өткені белгілі. Әр елдің өзіндік ерекшелігі, мүддесіне қарай жоспары болатыны да анық. Еліміз қандай жоспар ұсынып отыр?

– Қазақстан конгресс аясында 2050 жылға дейінгі болашақ тұрақты энергетика стратегиясын жүзеге асыруға, 2060 жыл­ға қарай елімізде көміртегі бей­та­раптығына қол жеткізу мақсатын жүзеге асыруға арналған жаһан­дық форумдарды өткізуді жос­­парлап отыр. Жаһандық газ индустриясындағы өзекті мәсе­ле­лерге, жаңартылатын және баламалы энергия келешегіне, сондай-ақ қазба отындары мен бейбіт атом энергиясын пайдалану мәселесіне ерекше назар аударылады. Біз Орталық Азия елдері үшін аса маңызды энергетикалық қауіпсіздік пен ынтымақтастықтың өңірлік аспектілерін талқылауды да жос­парлап отырмыз.

Біріккен Ұлттар Ұйымында аккредиттелген Дүниежүзілік мұнай конгресінің ғасырға жуық тарихы мұнай-газ өнеркәсібіндегі негізгі мәселелерді талқылаудың өзектілігін дәлелдейді.

ДМК мүшелері дүние­жүзілік энергия өндіру мен тұтынудың 96%-дан астамын құрайтын әлемнің 60-қа­ жуық елі болғандықтан, ДМК аясындағы диалог ұста­ным­дарды шоғырландыруға және көмірсутек шикізаты мен әртүрлі энергия көзін өндіру, өңдеу, сақтау, өткізу, сонымен қатар тұтынуға қатысы бар барлық ел үшін практикалық шешімдерді пысықтауға ықпал етеді.

– Қазақстанның кандидатурасын қарастыру кезінде WPC Energy кеңесінің мүшелері саланың жоғары даму дең­гейін, оның әлемдік индус­трия үшін маңыздылығын, еліміздің белсенділігі мен беделін атап өткен екен. Дауыс беру қорытындысы бо­йынша Кеңестің барлық қатысушысы Астананың өтіні­мін бірауыздан қолдапты. Дәл мұндай сенімге құрылған серіктестік қай кезден басталып еді?

– Дұрыс айтасыз, бұл – үлкен сенім әрі зор жауапкершілік. Қазақстан мен WPC Energy ынтымақтастығының тарихы туралы айтатын болсақ, 1997 жылы еліміздің Мұнай және газ өнеркәсібі минис­трлігі ДМК-ға қосылу және Бей­жіңде өткен XV Дүниежүзілік мұнай конгре­сіне қатысу туралы бастамасын көтерді. Алайда түрлі жағдайға бай­ланысты бұл ұйымның құра­мын­дағы қызметіміз ұзаққа созылмады. Бірақ кейінірек, 2008 жылы 2 маусымда Мад­рид­те өткен Дүние­­жүзілік мұнай конгресінде Kazenergy қа­уым­дастығы­ның бастамасымен Қазақстан ДМК мүшелігін жа­ңартты, содан кейін біз ДМК бел­сенді қатысушыларының бірі бо­луға дайын екенімізді мәлім­де­дік.

Осы уақыт ішінде еліміздің сарапшылары Дүниежүзілік мұнай кеңесінің ірі іс-шаралары мен отырыстарына жүйелі түр­де қатысып отырды, бұл оларға дүниежүзілік энергетика­лық күн тәртібін «қадағалап отыруға», мұнай-газ, энергетика салаларын дамытудың қазіргі жағдайы мен перспективаларын объективті әрі толық бағалауға мүмкіндік берді.

ДМК Қазақстан ұлттық ко­ми­теті жұмысының алғашқы күн­­дерінен бастап ұйымға қаты­су­шылардың оң бағасын алған бірқатар маңызды іс-шараға бас­та­машы болды.

Мысалы, 2012 жылы Қа­зақ­­­­станның елордасында Kazenergy VII Еуразиялық фо­ру­­мы аясында ДМК, сондай-ақ ДМК Атқарушы және Бағдар­ла­малық комитеттерінің отырыс­тары өтті. ДМК барлық ұлттық комитеттерімен әріп­тес­тік қатынастар орнаттық, бір­лескен жобалар жасап, өзара тиімді ынтымақтастықты нығайттық.

ДМК-мен өзара іс-қимыл жасаудың есте қаларлық сәті ЭКСПО-2017 халықаралық ма­ман­­дандырылған көрмесі аясында 2017 жылғы 5 қыркүйекте Дүниежүзілік мұнай кеңесі күнін өткізілуі еді, оған ДМК Президенті Тор Фаерен қатысқан болатын. Бұл сапар көптеген іскерлік кездесу мен қызықты мәдени бағдарламаға толы болды. Бұл ДМК EXPO іс-шараларына алғаш рет қатысқанын және бұл ұйым тарихындағы шын мәнінде маңызды сәт болғанын атап өткім келеді.

2018 жылы елордада ДМК отырысын өткізуге тағы да мүмкіндік алдық. Оның жұмысына ДМК-ға мүше елдердің ұлттық коми­теттері – ОПЕК-ке мүше елдер­ді қоса алғанда, 30 елдің ірі халық­аралық салалық корпорациялары мен үкіметтік ұйымдарының өкілдері қатысты. Сол кезде біз ДМК тәжірибесіне арнайы инвестициялық сессияларды ұйымдастыруды алғаш рет енгіздік. Қазақстанның идея­сы ДМК-дағы әріптестерімізге ұнады, енді олар ДМК-ның кезекті іс-шараларын өткізу кезінде бастамамызға қолдау көрсетуге тырысады.

– Халықаралық байланыста кімнің десі басым, беделі биік, соның сөзі өтімді болатыны анық. Бұл тараптан алғанда қаншалықты айтқанымыз жүріп, ұсынғанымыз өтіп тұр? Еліміз тағы қандай жобаларға бастамашы болды?

– Жалпы, Қазақстан коми­теті – ең белсенді ұлттық хатшы­лықтардың бірі. Пандемия кезінде де біз цифрлық формат арқылы қарқынды диалогті жүргізе алдық, ұстанымдарды нақтылап, бірлескен шешімдер табуға ерік-жігерімізді көр­сете алдық. Жаһандық ДМК хатшылығы біздің тағы екі бас­тамамызды қолдағанын атап өткен жөн.

Біріншісі, ДМК алаңда­рын­­дағы талқылауларды бақы­­­лайтын және олардың ақпа­рат­­­тық алаңдарында ДМК мүше­­лерінің ұстанымдарын көр­се­тетін БАҚ пулын құруға қатысты. 2022 жылы Алматы жас­тар форумы кезінде біз ДМК басшылығының халықаралық БАҚ журналистерімен бірінші бірлескен кездесуін өткіздік, олар ДМК барлық іс-шарасына қатысуға мүмкіндік алды.

Біздің екінші маңызды бас­тамамыз WPC Energy демеу­ші­лігімен политехникалық уни­вер­ситеттердің дүниежүзілік желісін құруға қатысты. Бұл бас­тама Алматы жастар фору­мы­ның нәтижелерінің бірі болды және ДМК қолдауымен әлемнің жоғары техникалық оқу орындарын бір энергетикалық хабқа біріктіруді көздейді. Бастаманың маңызды әлеуеті мен келешегі ДМК бас­шылығы тарапынан қолдау тапты. Қазақ­станнан бұл бастаманы жүзеге асыруға еліміздегі жетек­ші техникалық жоғары оқу орын­дарының бірі – Қазақ-Британ тех­ни­калық университеті қатысып жатыр.

Жылдар бойғы қажырлы да табанды еңбектің арқасында бүгінде ел экономикасының мұнай, газ және энергетика салаларындағы жетістіктері туралы батыл әрі мақтанышпен айта аламыз. Қазақстан дүниежүзілік энергетикалық нарықта жетекші ел ретінде өзінің мәртебесін қамтамасыз етті және қазірдің өзінде әлемдік өнеркәсіп көш­басшыларымен тең дәрежеде диалог жүргізіліп жатыр.

Біздің еліміз тиімді инвестицияларды тарта алды, мұнай-газ нарығына қатысушылардың – мемлекеттік және жекеменшік, отандық, шетелдік, трансұлттық корпорациялар мен шағын биз­нестің мүдделерін теңестіре алды. Бүгінде инновациялық даму, жергілікті қамтуды кү­шейту, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі, қоршаған ортаны тиімді қорғау, іргелі ғылы­ми зерттеулер мен өндіріс­тік инфра­­құрылымды синтез­деуді еліміздегі басым бағыттар ретінде атап өту керек.

– Осы уақытқа дейін Аста­на­ға алыс-жақын шетелдерден қан­шама мейман ат ізін салып, үлкенді-кішілі талай мәжіліс өтті. Міне, енді конгресс өткелі отыр. Халықаралық деңгейдегі мұн­дай іс-шаралардың сая­си, эко­но­ми­калық нақты тиім­ділігі неде?

– Бірқатар жаһандық имидж­дік іс-шараны сәтті өткізу (АӨСШК саммиттері, ШЫҰ сам­миттері, ЕҚЫҰ саммиті, ИЫҰ саммиті, Азия ойындары-2011, Астана экономикалық форумы, «Астана» халықаралық форумы, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі, Kazenergy тұрақты форумдары, Қазақстан энергетикалық апталығы, ДМК-2017 Жастар форумы, ЭКСПО-2017) еліміздің әлемдік орталықтардың бірі ретіндегі ұстанымын нығайтуға ықпал етті. Егер бұрын Қазақ­стан өңірлік ойыншы ретінде қарас­тырылса, қазіргі уақытта әлемдік қауымдастық елімізді дүние­жүзілік тәртіптің шешімдеріне әсер ететін жаһандық ықпалды ойыншы ретінде қарастырады.

Конгресті Астанада өткізу мемлекеттің халықаралық беде­лін нығайтуға, еліміздің әлемдік қауым­дастыққа ықпалдастығын күшей­туге жол ашады, сондай-ақ еліміздің басқа мемлекеттермен инвестициялық ынтымақ­тастығына қуатты серпін береді.

ДМК қызмет ету жылдарында жа­һандық деңгейде 31 маңызды фо­рум (24 Дүниежүзілік мұнай кон­­гресі және 7 Жастар форумы), әлемнің әртүрлі елін­де жүз­­деген түрлі семинар мен ма­мандандырылған іс-шара ұйым­­дастырды. Соңғы он­жыл­дықта ДМК өз дамуының әрбір кезеңінде мұнай-газ саласында болып жатқан үдерістерге әсер еткен экономикалық, саяси, әлеу­мет­тік, табиғи факторларды талдап, көрсетті.

Өз кезегінде, ДМК қызметі әлемдегі жағдайға, саладағы ғы­лыми-техникалық прогрестің дамуына, іргелі және қолданбалы ғылымдардың жетістіктеріне, ұлттық экономикалардың жағ­дайына әсер етті, ғылыми-тех­­­никалық жаңалықтардың кеңі­нен таралуына және халық­аралық ынтымақтастықты жетіл­діруге ықпал жасады.

Қазақ­стан көміртегі бейта­рап­тығы, климаттық мақсаттар, жаңар­тылатын энергия көздерін дамыту, көмір зауыттарын газға көшіру, газ кен орындары мен газды өңдеу, мұнай-химия, сутегі энергетикасы бойынша биік мақсаттар қойып отыр.

Халықаралық сала қатысу­шы­­­ларының күш-жігерін бірік­тіру арқылы бұл жоспарларды шынайы әрі қолжетім­ді ете аламыз. WPC Energy Конгресі Қазақстан энергетикасын дамыту үшін шетелдік сарапшылар­дың тәжі­­рибесімен және үздік ­за­ма­­науи технологиялармен ұлт­­­­тық салалық қауымдастық­тың­­ си­нер­гиясының тиімді құ­рал­­­­­да­ры­­ның біріне айналуға арналған.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Қуат ӘУЕСБАЙ,

«Egemen Qazaqstan»