Қаржы • 25 Маусым, 2024

Қаржыны дұрыс пайдалануды үйренейік

39 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қаржылық тәуелсіздікке қол жеткізуде инвестициялау мен пассивті кірістер үлкен маңызға ие. Азаматтарға инвестициялаудың ең танымал тәсілі депозиттер болып тұр.

Қаржыны дұрыс пайдалануды үйренейік

Былтырғы 1 ақпандағы жағдайда ЕДБ-дағы жеке тұлғалардың депозиті 19,9 трлн теңгеге жет­ті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезе­ңі­мен салыстырғанда 18,5%-ға көп. Аны­ғында, депо­зиттер үлкен табыс құралы бола алмайды. Олар қаражатты инфляциядан қорғаудың амалы ғана.

Қазір Ұлттық банк ақша-кредит сая­сатын жетілдірді. Оған зер салсақ, базалық мөлшерлеменің біртіндеп төмендегені көрінеді. Негізінде, базалық мөлшердің төмендеуі несие және депозиттер бо­йынша да ставкалардың төмендеуіне алып барады. Қазір инвес­тициялаудың басқа әдістері өзекті. Оның бірнеше балама құралы бар. Олар – депозиттік сертификат, бағалы қағаздар нарығы, монетарлық алтын, инвестициялық монеталар, жылжымайтын мүлік.

Депозиттік сертификат – бұл банк­тен сатып алынатын және оны біраз уақыттан кейін оған баға қосып қайта сатуға болатын бағалы қағаз (ол автоматты түрде жасалады). Оның бағасын биржа немесе нарық емес, банктің өзі белгілейді. Банк белгілі бір мерзім өткеннен кейін клиенттен осы қағазды сатып алып, сыйақы төлейтіндігіне кепілдік береді. Елде депозиттік сертификатты тек екі ЕДБ ұсынады. Оның бірі – еуропалық Home Credit Bank. Ол сертификаттардың екі түрін ұсынады. Стандартты, 500 мың теңгеден бастап сатып алған кезде сыйақы мөлшерлемесі 17,9%-ға дейін (мерзімінен бұрын бұзылған кезде сыйақы күйіп кетеді). Икемді, 100 мың теңгеден бастап сатып алған кезде сыйақы мөлшерлемесі 16% (мерзімінен бұрын бұзылған кезде сыйақы сақталады).

Home Credit Bank банк сертификатын 12 айдан бастап сатып алуға болады. Өнімнің қосымша артықшылықтары бар. Күнделікті капиталдандыру – сыйақы төлеу күн сайын жүзеге асырылады. Пайдалануға ыңғайлылығы – сыйақы ағымдағы шотқа немесе дебеттік картаға есептеледі.

Келесі – бағалы қағаздарға инвести­ция салу. Ол өте құбылмалы. Сондықтан жаңа­дан бастаушыларға инвестицияның бұл түрінің тәуекелі өте жоғары. Қор нарығындағы барлық әрекет инвес­ти­ция­лық брокер арқылы жүзеге асады. Өз кезегінде өте жоғары комиссия ала­ды. Жал­пы, биржада ақша табуға бола­ды. Бірақ бұл бәріне бірдей тура кел­мей­ді және көп уақыт қажет етеді.

Ұлттық банк сатып алуға алтын­ құй­ма­ларды ұсынады. Бұл ұзақ мер­зімге тиімді. Макро масштабта алтын әрқашан, тіпті жаһандық экономикалық дағдарыс кезінде де ба­ға­­­ланады. Әйтсе де ол қысқамерзімді инвес­тицияға жарамайды. Бір жылдық уақытқа инвестициялау кезінде қымбат металдар табыс әкелу былай тұрсын, шығынға айналуы мүмкін.

Қымбат металдардан түсетін кірісті болжау өте қиын. Бағаға әлемдік сұраныс жағдайы әсер етеді және барлық факторды ескеру мүмкін емес. Бағалы металдың құны күн сайын өзгереді.

Инвестициялаудың өте сенімді тәсілінің бірі жылжымайтын мүлік. Оны инвестициялау бірқатар артық­шылықтарға мүмкіндік береді. Әсіресе жалдау ақысының тұрақты кіріс ағы­ны. Сондай-ақ уақыт өте келе оның құнының артуы және инфляциядан қорғау арқылы капиталдың әлеуеті өсіп тұрады.

Десе де, жылжымайтын мүлікті инвес­тициялаудың да теріс жағы бар. Ол жалдау төлемінің жоғалуы, күт­пеген техникалық қызмет көрсету мен жөндеу шығындары және нарықтық конъюнктурадағы теріс өзгеріске байланысты жылжымайтын мүлік құнының жоғалуы сияқты тәуекелдерді қамтиды.