Әдебиет • 24 Маусым, 2024

«Махаббатқа керек емес кіріспе»

40 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Оның жүрегіне жалғыздық шоғы түсіп кеткен бе дерсің. Әйтеуір аз ғана өлеңдерінен осындай сарын, жалғыздың мұңы мен шер-зары байқалып тұрады. 19 жыл өмір сүрген ақынның өлеңдеріндегі ой-өріс пен таным-түсінік мүлде басқаша. Уақытынан бұрын есейген жанның толғамы сені де толғандырмай қоймайтын секілді.

«Махаббатқа керек емес кіріспе»

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Салтанат Абашованың қамшының са­бындай қысқа ғұмырында қанша өлең жазғанын кім білсін? Әйтеуір қол сөмкесі мен чемоданның қуысынан 7-8 өлеңі табылыпты. Бір белгілісі – 2007 жылы облыс әкімдігінің қолдауымен шыққан «Тұсаукесер» жастар антологиясына сол 7-8 өлеңі енген. Бар болғаны осы ғана.

«Махаббатқа керек емес кіріспе,

Сені ойласам жатады ылғи мұң іште.

Арман әнін ашық, анық айта алмас,

Қыздың жанын кім түсінер жіңішке», деген жалқы шумақтың өзі оның жан дүниесіндегі аласапыран күйден сыр шертіп тұрғандай көрінеді. Ал «Ма­хаббатқа керек емес кіріспе» деген тармақтың өзінен енді ғана бойжеткен қыздың емес, толысқан ақынның ой-толғауын аңғарғандай күй кешесің. Расында да, оның жанын ешкім түсінбеді ме деп қауіптенесің. Ішке түскен өрт шығар сол, жан әлемін күл-талқан еткен...

«Ақынның жаны шыдай алмады,

Ұсақ әрекеттерге кектенді.

Қоғамға мынау ұнай алмады,

Ұнай алмаған соң мерт болды».

Блокнотымды ақтарып отырып, осындай шумақтардың бірін тауып алдым. Астына «Д. Рябов» деп жазып қойыппын. Шамасы қазіргі орыс ақын­дарының шумақтарының бірін тәр­жімелесем керек. Осы бір төрт тар­мақ­ты іштей оқығанда Салтанаттың да әлденеге шыдай алмағанын сезгендей күй кештім. Бірақ оның көңілін бұзған, жүрегіне шимай сызған не екенін со күйі ұға алмадым. Ақынның жаны жұмбақ болатынын сонда түсінгендей болдым.

«Көкірегім көк тұман, бұл іс анық

Түнге айналып күніміз жылыса ағып.

Үсік ұрып үркектеп, үрей ұшып,

Үмітімнің барады гүлі солып»,

дейді Салтанат тағы бір өлеңінде өкініш­тің сиясына қаламын малып.

«Шырмағалы кеудемді күдік табы,

Қашан жаным үмітті ұмытқалы!

Аспан ашық, күн жарық, бірақ, бірақ,

Суық бәрі, сүйкімсіз суық бәрі»,

деген ақын шумағынан көңілді көктем еткен үміт гүлінің шіліңгір шілдеде қурай бастағанын аңғару әсте қиын емес. Қыз жүрегіндегі жараның жазылмас дертке айналғанын да айқын сезінесің. Аһ ұрасың. Амал нешік...

Салтанат кейде өз өлімін өзі жазып кеткен ақын секілді көрінеді. Ол өмір шамындағы білтесінің түгесіле бастағанын іштей сезгендей көрінеді. Тағдырының тақтасындағы жазудың мәнін ерте ұғынып қоюдан асқан қасірет бар ма десеңізші...

Ол да мезгілінен бұрын бәрін білді. Дөңгеленген дүниенің бұрышынан қызық іздегісі келмеді, өйткені ол жеңіл-желпі ойлай алмайтын еді. Сол түпсіз терең ой оның жанын тұңғиыққа тарта берген секілді. Ол тұңғиық әлгі ең терең жерде жатқан Мариана шұңғымасынан да әріде орналасқан ба дерсің... Оны төмендегі шумақтан да айқын аңғаруға болатын секілді.

«Қиын екен жетуі бақытқа адам,

Бермеді ме мұрша әлде уақыт маған.

Қаңқам кеуіп, сұлбасы сағымданған,

Бұл дүниеге сыймастан кетіп барам»,

деген шу­маққа бүкіл ренішін сыйғызып кеткендей көрінеді. Әрине, ол осы бір төрт тармақта аһ ұрып тұрған жоқ. Тіп­ті тәлейіне нәлет айтып тұрғанын да бай­қатқысы кел­мей­тіндей кө­рінеді. Бірақ па­расат-пайымы мен ой-та­нымы биік жас талант тағдырдың тосын сынына сал­мақтылықпен жауап бере оты­­рып, өзегіндегі өкініштің отына шыдай ал­­мағанын байқатып тұрғанын аңғару қиы­н емес.

«Тіршілікте көрмеген сайран құрып,

Ақын өлді, ағашқа байланды үміт.

Ақын өлді, жүрегін еріп кеткен,

Тас емес, қорғасынға айналдырып»,

деппіз тағы бір ақынның өлеңін тәржі­мелеп отырып.

Дәм-тұздың таусылғаны ма, кім білсін? «Махаббатқа керек емес кіріспе» деп жырлаған Салтанат Абашова небәрі 19 жасында бақилық болды. Өзі өмірінің кіріспесін көріп үлгерді ме екен дейміз іште бір шоқ тұтанып. Кім білсін...

 

Жамбыл облысы