Отбасы • 26 Маусым, 2024

Кіші сержанттың өнерлі отбасы

40 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жақында Ұлттық ұланның 6698 әскери бөлімінде «Өнерлі отбасы» атты сайыс өтті. Жарысқа өнерді жандарына отбасымен серік еткен әскери қызметшілер қатысты.

Кіші сержанттың өнерлі отбасы

Балабақшадағы баласынан бас­тап еңкейген қарттарына дейін сах­на­ға шыққан бес әскери қызмет­ші­нің ­отбасы арасындағы жеңімпаз­ды анықтау қазылар алқасына қиын­дық туғызды. Алайда шаңырағына өнерімен, өрлігімен үлгі бола білген кіші сержант Нұрбол Манаповтың әкесі Тұрғынбек ата бастаған әулет жүлделі 1-орынды иеленді.

Әскери бөлімнің материалдық және техникалық қамтамасыз ету ротасында қызмет атқарып жүрген кіші сержант Нұрбол Манаповтың өзі де өнерден кенде емес. Әкесі Тұрғынбек Манапов та ұзақ жыл ауыл мектебін­де ұстаздықтың ұлы жолын өтеген. Қоғамдық өмірге белсене араласып жүрген Түркістан облысының құрметті азаматы, ақын, төл өнерімізді төрге сүйреп жүрген домбырашы. Анасы Бейсенкүл Омарқұлқызы да білім ошағында ұстаздық еткен ұлағатты жан. Қазір екеуі де зейнетке шыққанымен, жастарға тәлімді тәрбиесімен бөлісіп отыр. Анасы ауыл­дың әнші әжелер тобының мүшесі. Осындай мәдениет пен өнерді, тарих пен тағылымды жастайынан ­бойына сіңіріп өскен әскери қызметкердің де өнерден кенде болуға қақы жоқ секілді.

Қара сөз бен қара өлеңнің қана­тында қалықтаған кіші сержант Нұрбол бүгінде ұжымда қызметімен де, құр­метімен де ерекшеленіп жүрген жа­уынгер. Түркістан облысының Төле­би ауданындағы Абай ауылында дү­ние­ге келген ол мектепті аяқтаған соң ата-анасының жолын қуды. Жоға­ры оқу орнын тәмамдаған соң, ауыл мектебінде тарих пәнінен сабақ береді. Отаншылдықты, ел қорғауды жаста­йынан үлкендерден үлгі еткен Нұр­бол уақыты келгенде азаматтық боры­шын өтеуге әскерге аттанды. Алғаш­қы әскери қызметін Ленгір қаласын­дағы 6698 әскери бөлімінің 4-жеке ат­қыш­тар ротасында бастаған Нұрбол бү­гінде Ұлттық ұлан қатарында жауын­гер­лік қызметін абыроймен атқарып
ке­леді.

«Нұрбол ұжымда өте абыройлы. Әзілқой, көпті өзіне қара­та алатын шешендігі де бар. Сержант ретінде бәріміздің көмекшіміз. Сар­баздарды жылы сөзбен баурап, саналы бұйрықпен басқаратын тәжі­рибелі әскери қызметші. Бөлімде болатын барлық коғамдық істерді өзі ұйымдастырып жүреді. Бәрімізге үздік қызметімен, өнегелі отбасы­мен үлгі. Әскери бөлімде өткен «Өнер­лі отбасы» сайысында ата-анасы­мен жақыннан танысып, «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» де­гендей, адал ұл, сенімді сержант тәр­биелегені үшін алғысымызды біл­дірдік», дейді командирі, лейтенант Әділжан Мелдебек.

Өнерлі жауынгер Ләйләмен 2008 жылы отбасын құрды. Бүгінде ауыл мектебінде мейірбике болып кызмет атқаратын Ләйлә екеуі ата-анасы­ның қара шаңырағында екі ұл, екі қыз тәр­биелеп отыр. «Ата өнері – балаға мұра» деп халқымыз бекер айтпаса керек. Қыздары – Қарақат пен Айзере сайыс кезінде ұлттық биді нақышын келтіре орындап, таланттарына таң­дай қақтырды. Атасы сөзін жазған «Туған өлке табиғатын қорғайық», «Ұландар жыры» әндерін әуелетіп айтып жүр­ген Нұрқабыл мен Айсұлтан да өнер­лі өрендер екен. Нұрбол­дың әп­кесі Салтанат та өнерден кенде ­емес, ­ме­к­­­тепте музыка пәнінен мұға­лім. Ара­­сын­да балаларға ән жазатын ­с­аз­­герлік қабілеті де бар.

Сайыс соңы өнердің өнегелі жолымен жүріп келе жатқан жауынгердің ­отбасы орындаған әдемі әнмен аяқ­талды. Көрерменнің ықыласына бөленген әулеттің әуелеткен әні сар­баздардың да отаншылдық рухын оятуға себеп болды.