Өнер • 25 Маусым, 2024

Өнерпаздар ордасы

34 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Астанадағы Оқушылар сарайында балаларды өлеңге баулитын «Жас қаламгер» үйірмесінің «Сөз патшалығы» атты есеп беру кеші өтті. Әдеби іс-шарада әлем классиктерінің әйгілі әңгімелерінен ­бастап, қазіргі қазақ поэзиясы өкілдері­нің өрелі өлеңдері оқылды. Мәнерлі монолог, көрнекті көрініс сахна салта­на­­ты­на сән қосты. Хош, «Сөз патшалы­­ғына» жасаған саяхатымызды байыппен ­баяндап берейік.

Өнерпаздар ордасы

Оқушылар сарайының өз ыж­дағатымен ашыл­ған үйірме он жылдан бері жұмыс істеп ке­леді. Осы уақыт аралығында та­лант­­ты оқушылар бірнеше об­лыс­тық және респуб­ликалық сайыс­ жүлделерін қанжығалады. Оқы­ту үдерісі екі бағытта жүреді: бірі поэзия, бірі айтыс. Мәселен, 10-сыныпқа аяқ басқан Әмина Байкемелқызы республикалық Абай оқуларының жеңімпазы болса, бітіруші түлек Науат Жақа­тае­ва, Әсет Берік, Назар Мысалбек сын­ды өнерпаздар – оқушылар ара­сын­да­ғы айтыстардың бас бәйге иелері.

Рухани кеш жас әнші Кәусар Саматқызының халық әні «Арман-айынан» басталды.

Бұл кісінің есімі Мереке Сағын­ғанова. «Жас қаламгер» үйір­месі­нің поэзия бағы­тында ­тәлім алып жүрген Кәусар Толыбайдың ана­сы ­екен. Сөзге тартып көрдім.

– Көзіңізге жас үйіріліп тұр...

– Иә, мұндай сәтте көңілдің толқымауы мүмкін емес. Перзен­тіңнің қалай есейіп кет­кеніне әрі таңғалып, әрі сүйсініп отырасың...

– Қызыңыз үйірмеге қатыс­қан­нан кейін ­бойынан не байқа-
дыңыз?

– Өз-өзіне сенімділік. Өмір­де де, сахнада да бойын еркін ұстай­тын болды.

– Қандай жетістікке жетті?

– Жақында «Binom аруын» жеңіп алды.

– Тамаша! Қуаныштымын!

Талантты шәкірттің мерейлі ана­сымен диалогіміз осылай қысқа өрбіді. Әсерлі әңгі­месін әрмен қа­рай тыңдағымыз келіп еді, Айзере Аманбайдың өнері назарымыз­ды еріксіз өзіне аударды. Ол атақ­ты Антон Чехов­тің «Залым бала» әңгімесін жатқа оқыды. Оқы­ғанда да кәсіби актерлердің монолог оқы­ғандағы мақамына сай мәнерлеп жеткізді. Әпке­сінің бір жігітпен сөз байласып жүргенін анасына айтып қоямын деп ауызбастырық алып жүрген тентек баланың әреке­ті еріксіз езуімізге күлкі үйірді.

Кезек әрі қарай жас айтыскерлерге келді. Ақындар домбыра­сын қағып-қағып жіберіп, бір-бірі­мен қайымдаса жөнелді. Есіл-дерті ҰБТ болып жүрген түлектерді қа­ғы­тып өтіп, достық нышанында тілектестігін білдірді. Жарасымды әзіл, жасына сай шумақтар.

Поэзия бағытындағы білім алушылар да өлеңдегі өрісін көрсете білді. Бала жүректің балауса сезімдері, көңіл көрініс­те­рі көпшілік көрерменді қол соқтырды. Ал қазір оқушылардың жетекшісі Нәрия Ақбабақызы сөйлеп жатыр. Алғаш айтыс ақыны ретінде сахнаға шыққан ол, қазір педагогика саласында ұшан-теңіз еңбек етіп келе жатыр. «Заңғар жазушы Мұхтар Әуезов «Әдебиет – ел өмірінің айнасы» деп бекер айтпаған. Ал елді жасайтын – осы балалар. Олар ұлтжанды аза­мат болып жетілуі үшін, ең алдымен, төл әде­биетімізбен сусындауы қажет. Мұндағы бала­лардың барлығы ақын-жазушы яки журналист болып кетпейтін шығар. Бірақ олардың жүре­гінде адамзатты сүюге жетелейтін өлеңге деген ықыласын ояту – қолымыздан келеді», деді ол.

Кештің қорытынды бөлімін­де үйірме үздіктерін марапаттау­ға шыққан ақын, филология ғы­лымдарының кандидаты Серік­зат Дүйсенғазы былай деп ой тол­ғады: «Бірінші­ден, бұл үйірме болашақтағы мықты студент­тер­ді дайындап жатыр. Олардың қа­тары күн­­нен-күнге артып келеді. Өздеріңіз де бай­қап жүрсіздер, осында тәрбиеленіп жүрген шә­кірттер жұма сайын жүлде әке­ліп жатыр. Сол себепті өнер үйір­месінің осы жетістігіне қарап, «Жас қаламгер» – өнерпаздар ордасы деп сеніммен айта аламыз».

Сонымен «Сөз патшалығы­на» саяхаты­мыз осы­лай аяқталды. Өлеңқұмар өрендердің хакім ­Абай ба­сында тұрған патшалықтың ­ірге­­сін ке­ңітіп, айбынын асқатата түседі деп кәміл сеніміз.