Құқық • 27 Маусым, 2024

Тұтынушылар құқы қалай қорғалады?

108 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Сауда орындары тарапынан келеңсіз жайттарға кезігіп, жа­рам­сыз тауарды қайта өткізе алмай, тиісті органдарға жү­гі­ніп жататын тұтынушы көп. Сарапшылар болса, қол­да­­ныс­­тағы «Тұтынушылар құқығын қорғау туралы» заңда ол­қы­­­лық­тар бар екенін, оған өзгерістер енгізу қажеттігін ес­кер­теді.

Тұтынушылар құқы қалай қорғалады?

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Өткен жылы Тұтынушы­лар құқығын қорғау комитеті мен аумақтық департаменттер 50 мыңнан астам өтінішті қараған. Былтыр 23 мыңға таяу өтінішке байланысты құқықтық көмек көрсетілген. 19 мыңының ­талабы қанағаттандырылып, 9 мыңға жуығы мемлекеттік органдарға жолданған. 600-і кері қайтарылған. Шағымдардың біразы бөлшек саудаға (36,5 па­йыз), электронды саудаға (15,2 пайыз), тұрмыстық қызметтерге (12,7 пайыз),тұрғын үй-ком­муналдық шаруашылығына (9,1­ пайыз) және байланыс қызметтеріне (4,1 пайыз) қа­тысты болған. Қабылданған шаралардың арқасында шағым түсірген тұтынушылардың құқығы қорғалып, жалпы сомасы 1 млрд теңгеден астам қаражат қайтарылған.

Биылғы жұмыс топта­ры­ның отырыстарында тұ­ты­ну­шылардың құқығын қорғауды күшейту, ақпараттық жүйе мен электронды саудаға қа­тысты заң жобаларының ережелерін кеңейту, жеке хабар­ландырулардың интернет-алаңында қоғамдық қаты­настарды реттеудің норма­тивтік-құқықтық актілерін енгізуге бірқатар депутаттық бастама қабылданды. Тұты­ну­шылар құқығын қорғау комитетінің төрағасы Асқар Тынысбекұлының айтуынша, заң жобасындағы жаңашылдықтар аясында тұтынушыға өз құқығын қорғау жолдарын таңдау ұсы­нылады. Қолданыстағы тұты­ну­шы құқығын қорғау туралы заңға сәйкес, тұтынушы сот­та құқығын қорғау үшін дә­йекті міндетті кезеңдерден өтуі керек. Нәтижесінде, тұты­ну­шы күрделі, көп деңгейлі бюро­кратияға тап болады. Осыған байланысты заң жобасында тұтынушыға өз құқығын қорғау тәсілінде сотқа тікелей талап қою немесе мемлекеттік органға жүгіну мүмкіндігі ұсынылмақ. Сондай-ақ осы салада омбудсмен енгізу мәселесі қарастырылған.

Қолданыстағы заң аясында офлайн сатушыға қойылатын талаптар онлайн режімде де қолданылады. Былтыр осы сегменттегі тұтынушылар шағы­мы­ның саны алдыңғы жылмен салыстырғанда 3 есе, яғни 2,6 мыңнан 7,7 мыңға дейін өскен. Жалпы, тұтынушылар құқығын қорғаудың жүйесі өткен жылы тұтынушының құқы­ғын қамтамасыз ету алго­ритміне негізделіп қайта құ­рылды. Тұтастай алғанда, заң жо­ба­сы тұтынушының құқы­ғын жан-жақты және тиімді қор­ғау­ды қамтамасыз етуге, қо­ғамда ха­лық­тың өмір сүру сапасын арттырып, үкіметтік емес инс­титуттар рөлін күшейтуге бағытталып отыр.

Тұтынушылар шағымын талдау нәтижелері жыл сайын Үкімет жанынан құ­рыл­ған Тұтынушылардың құқық­тарын қорғау жөніндегі ведомст­воаралық кеңестің қарауына шығарылады. Онда мемлекеттік органдар жұмысының қоры­тындыларын талқылау, орын алған олқылықтарды анықтау және тиісті шешімдер қабылдау жоспарланған.