Құқық • 27 Маусым, 2024

Кәсіпкердің қамсыз жұмысы үшін

85 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бас прокуратураның басшылық құрамымен кездескенде: «Алдағы реформалар кезінде прокуратура органдарының орны ерекше болады. Негізгі процессуалдық шешімдердің барлығы прокурорлық сүзгіден өтуге тиіс. Бұл – өте маңызды мәселе. Бір де бір заң бұзу дерегі прокурор назарынан тыс қалмауы қажет», деп прокуратураға сенім артып әрі зор міндет жүктеген еді. Өңірдегі прокуратура органдары осынау маңызды міндеттерді қалай атқарып жүр?

Кәсіпкердің қамсыз жұмысы үшін

Азаматтардың құқын қор­ғау мен биз­нес­ті заңнама­лық тұр­ғыдан қорғаудағы облыс про­­ку­ратурасының белсенді­лігі қан­дай деген сұрақтарға облыс про­­­курорының аға көмекшісі Ға­лым­жан Қазыбеков жауап берген еді. Өз өкілеттігі деңге­­йінде жауап берген ол облыстағы ­биз­­нес қауымдастығының істеріне ара түсу жұмыстары жөнінде айтып берді. «Кәсіпкерлердің құқын қорғау бойынша тұрақты түрде облыс прокуроры, оның бірінші орынбасары немесе басқарма басшысының төрағалығымен әрбір онкүндік, ай және тоқсан сайын кеңестер өткізіліп тұрады. Жыл басынан бері прокуратура басшылығы кәсіпкерлік өкілдерімен 7 кездесу өткізіп, ­45 мә­селені қарады», деді ол.

Кездесулер нәтижесінде Мам­лют ауданы кәсіпкерлері­нің 84 субьектісінен сумен қамтылғандығы үшін артық ақы алынып келгендігі анық­тал­ған. Мұндайға жол берген органдарға тарифтерді қайта қарау, тұтынушылардың артық шығындарын қайтару бойынша прокурорлық қадағалау актісі жасалған. Осындай заң бұзу­шылықтар қазір басқа аудан­дарда да бар екені анық­талып отыр. Сондай-ақ прокура­тура­ның қолдауымен 14 кәсіп­кер мектептердің асханаларын жаң­­ғырту мен пайдалану үшін сенімді басқаруға алудың келі­сімшартын ұзарта алмай отырған мәселесі шешілген.

Биылғы тасқын судан көп­теген кәсіпкер де зардап ше­гіп, бизнестеріне материал­­дық нұқсан келтірілді. Олардың саны 200-ден асып отыр. Міне, осылардың өткір мәселелерін шешіп, техникалық зерттеудің қорытындысы уақтылы шыға­рылып, өтемақысын анықтау мен төлеуге прокуратура органдары белсене араласып, мәселеле­рін шешуге атсалысып келеді. Сонымен қатар кәсіпкерлерден түскен арыз-шағымдарды жедел шешу бойынша мобильдік топтар құрылған. Олар жыл басынан бері 66 дабылды тексеріп, оның 23-і негізді, ал 1-і негізсіз екенін анықтап, 42-сі туралы түсінік­теме берген.

Прокуратураның жоспарлы тексерулері барысында 33 қа­да­ғалау актілері жасалып, 20 адам жауапкершілікке тартылған. 29 салықтық тексерістер тоқта­тылған. Бизнеске қатысты алты әкімшілік-құқықтық тәртіп бұ­зу­шылық шарасы жойылған. Сондай-ақ 254 кәсіпкерлік бо­йын­ша 1,1 млрд теңге артық алын­­ған салықтық және айыппұл шы­ғындары қайтарылған.

Кейбір мемлекеттік орган­дар, соның ішінде әсіресе салық органдары жоспардан тыс тақы­рыптық тексерулер жасайды. 2023 жылдың қыркүйек айында ғана салық орындары 9 шағын кәсіпкерлік субъектісін тексерген. Соның 4-інен ешқандай тәр­тіп бұзушылық табылма­ған, 4-уін қалалық қадағалау ор­ганы тоқтатқан. Мұндай тексерулер кәсіпкерліктің жұ­мыстарына кедергі жасап, артық кідірістер тудырады. Мысалы, дүкендерді бірнеше сағатқа жауып қоюға тура келіп, бұл уақыттағы түсімдер азаяды. Осын­дай заңсыз тексерулерді про­куратура Есіл ауданында – 2, Қызылжарда – 5, М.Жұмабаев­та – 5, Шал ақын ауданында – 3 және Мамлют ауданында 5 рет анықтаған. Осылардың бәріне қадағалау актілері салынып, лауазымды адамдар заңмен тиісті жазасын алған, ал барлық 29 тексеріс заңсыз деп табылып, нәтижелері жойылған. Заңға сәйкес жауапкершілікке тартылғандардың арасында облыстық салық департаментінің екі басқарма басшысы да бар. Бұл мәселеге тіпті еліміздің Бас прокуратурасы да назар аударып, осындай бұзушылықтар еліміздің басқа өңірлерінде де болуы мүмкін екендігіне көңіл бөлуді тапсырған.

Биыл жекеменшік 14 бала­бақ­шаның жұмысын тексеру бо­йынша Петропавл қаласының білім бөлімі шешім қабылдап, оған балабақша иелері қарсы шығып, прокуратураға шағым жасаған. Қадағалаушы орган бұл істің де бұзушылық екенін анықтап, айыптылар тәртіптік жауапкершілікке тартты.

Сондай-ақ әкімшілік өнді­ріс саласына бизнестің 5 субъек­тісі тартылғаны туралы түскен дабыл бойынша тексеріс жүр­гізген прокуратура оларды әкім­шілік-құқық бұзушылық бо­йын­ша салынған 2,8 млн теңге айыппұлдардан босатты. Ал жарнама жасағаны үшін айыппұл есептелген 10 кәсіпкерді негіз­сіз айыптан құтқарды. Өйткені ­олар жарнамалық құралдарды көп уақыт пайдаланбаған, кей­бірі тіпті бөлшектеп тастаған. Ал жергілікті атқару органы оларға ақы төлемедің деп айыппұл есептей берген.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қазір прокуратура органдары инвести­ция­лық жобаларды іске асыруда заңнамалық талаптардың орындалуын қатты қадағалауы қажет. «Қазір біздің облыста 6,1 мың жұмыс орнын ашу­ға тиіс 619,5 млрд теңгенің 36 ин­вестициялық жобалары іске асырылып келеді. Олар ҚХР, Түркия, Германия, Италия, Ресей елдерінің инвесторлары. Қазір олардың бизнесіне қарсы түрлі мемлекеттік органдардың рұқсат етпеу, шектеу сипатындағы 221 тексерулерінің заңдылығы зерттеліп, қадағалауға алынды», деді Ғалымжан Қазыбеков.

Прокуратуралық қадағалау­лар барысында 8 факті бойын­­ша заңсыз тексеріске жол беріл­ген­дігі анықталған. Мысалы, Тайын­ша ауданының мал дәрігерлік бақылау және қадағалау инс­пекциясы мәселенің мәнісіне ­бармай ірі кәсіпкерліктің субъек­тісін өздеріне айтпай мал сатты деп әкімшілік жауапкерші­лік­ке тартқан. Сондай-ақ өнер­кә­сіп қауіпсіздігі департаменті­­нің «Промгаз» ЖШС-на айып­­пұл са­луға жинаған материал­да­рын­да серіктестің кінәсін нақ­тылаған ешқандай құжат болмай шыққан. Осы департамент «Asyl Farms» ЖШС заңсыз тексеруге жол беретін тәуекелі жоғарылардың санатына негіз­сіз енгізген. Осылайша, облыс ­прокуратурасы ел экономикасына 243,1 млрд теңге инвестиция құй­ған жалпы саны 14 инвестор­ға заңға сәйкес құқықтық қолдау білдірген.

 

Солтүстік Қазақстан облысы