Қоғам • 27 Маусым, 2024

Әкімдіктер статистиканы жақсарту үшін деректерді құбылтуы мүмкін - М.Әшімбаев

131 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Статистика объективті және сенімді болуы керек. Бұл – барлық көрсеткішке қатысты мәселе, оның ішінде адамдардың өмір сүру деңгейіне қатысты мәліметтер үшін аса маңызды. Бұл туралы Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев бүгінгі Палата отырысында айтты, деп хабарлайды Egemen.kz Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Әкімдіктер статистиканы жақсарту үшін деректерді құбылтуы мүмкін - М.Әшімбаев

Фото: Сенат

«Тиімді қадамдар жасап, қажетті заңдар қабылдау үшін бізге облыстарда, өңірлерде не болып жатқаны жөнінде объективті әрі нақты деректер қажет. Негізгі статистикалық мәліметтер жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен және үйлестіруімен қалыптасатыны белгілі. Олар үшін бұл, бір жағынан, жоғары тұрған құрылымдарға қандай да бір есеп беру екені түсінікті. Осы ретте кейбір жағдайда манипуляцияға жол берілетінін теріске шығаруға болмайды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылатын жұмыстар барынша нәтижелі болуы үшін инфляция, халықтың табысы, экономикалық өсу, белгілі бір салалар мен өңірлердегі жағдай бойынша объективті статистика қажет. Сол себепті аталған мәселе өте маңызды және заңға баламалы ақпарат көздері бойынша нормалардың енгізілуі дұрыс тәсіл», деді Сенат Төрағасы.

Осыған орай Мәулен Әшімбаев жергілікті жерлерде статистикалық мәліметтер қалай қалыптасатынын және баламалы ақпарат көздері қаншалықты қолданылатынын қадағалау үшін Статистика бюросымен бірлесіп, өңірлерде Сенаттың салалық комитетінің көшпелі отырысын өткізуді ұсынды. Сондай-ақ қазіргі таңдағы Big Data және басқа да дерек көздерін қолдана отырып, статистикалық массивті тиімді талдау тәсілдерін зерделеудің маңызды екені сөз болды.

Айта кетсек, бүгін Палата отырысында сенаторлар «ҚР-ның кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік бақылау мен статистика, халықты қорғау жүйесін жетілдіру, деректерді басқару, заңды тұлғаларды тіркеу және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды қарады.