Сұхбат • 28 Маусым, 2024

Ерлан Ақбаров: Барлау жұмыстарына басымдық беріледі

113 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Кенже қалып тұрған керек саланың бірі – геологияда шешімін күтіп тұрған түйткіл көп: жаңа кен орындарын табу, сапалы барлау жүргізу, білікті маман тарту. Мемлекет басшысы да барлауды күшейту туралы бірнеше рет айтты. 2022 жылдың аяғында Үкімет геология саласын дамытудың 2023–2027 жылдарға арналған Тұжырымдамасын қабылдады. Ол жер қойнауын геологиялық зерттеудің тиімділігін арттыруға және минералды-шикізат базасын толықтыруға бағытталған бірнеше негізгі бағытты қамтиды. Осы орайда Өнеркәсіп және құрылыс министр­лігі Геология комитетінің төрағасы Ерлан Ақбаровқа көкейдегі сұрақ­тарымызды қоюдың реті келді.

Ерлан Ақбаров: Барлау жұмыстарына басымдық беріледі

– Ерлан Есенәліұлы, геология­лық барлауды тиімді жүргізу бойынша қандай маңызды жұмыстар ат­қарылып жатыр?

– Бірінші кезекте перспективаларды анықтау және геологиялық барлау жұмыстарын жолға қою үшін барлық геологиялық ақпаратқа кешенді талдау жүргізу, заңнамалық базаны және жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеуге қойылатын нұсқаулық талаптарды қайта қарау, сондай-ақ аумақты картаға түсірудің жаңа әдістеріне көшу жоспарланып отыр. Былтыр Геология комитеті стратиграфиялық және петрографиялық кодекстер әзірлеген. Бұл – геологиялық карталарды біріктіру және олардың сапасын жақсарту қадамдарының бірі. Ал кодекстер бүкіл елдің геологиясы туралы біртұтас түсінік береді. Екіншіден, ақпараттық технологияларды енгізіп, саланы цифрландырсақ дейміз. Қазір 56 мыңнан астам геологиялық есептер сақталатын «Kaznedra» платформасы жұмыс істейді.

Үшінші міндет – геология сала­сындағы ғылыми және кадрлық ресурс­тарды одан әрі дамыту. Ғылыми меке­мелерді геологиялық барлауға тарт­пай, жер қойнауын зерттеу бойынша жұмыстың тиімділігін арттыру мүмкін емес. Бізге креативті және жас гео­лог­тер қажет. Төртінші міндет – гео­ло­­гия­лық саланың инфрақұрылымын да­мыту. Бүгінгі жер қойнауын зерттеу бұ­рын алынған мәліметтерге негізделген. Тарихи ақпаратты талдаусыз бізге жаңа кен орындарын табу қиынға соғады. Осы орайда Астанада жер қойнауы туралы заманауи деректер қоймасын салу жос­парланды.

– Минералдық-шикізат базасы қазір қандай деңгейде?

– Мемлекеттік баланста 9 мыңнан астам кен орны бар, оның ішінде 348 көмірсутегі кен орны, 958 қатты пайдалы қазбалар кен орны, 3 331 кең таралған пайдалы қазба кен орны және 4 540-қа жуық жерасты су кен орны бар. Алтын 2,3 мың тоннадан асады, мұнай – 4 402 млн тоннаға жуық, бос газ – 1675,5 млрд текше метрге жуық, еріген газ – 2135,3 млрд текше метрден асады, көмір – 28,9 млрд тоннадан астам, хром – 315,9 млн тонна, қорғасын – 14,4 млн тонна, уран – 988,4 мың тонна, мыс – 36,5 млн тонна, марганец – 651,4 млн тонна, алюминий (боксит) – 279,9 млн тонна, темір – 19,8 млрд тонна, мырыш – 28,7 млн тонна.

– Геологиялық ақпаратқа ашық қолжетімділік дегеніміз барлық геологиялық материал тегін деген сөз бе?

– Құпия ақпаратты қоспағанда, геологиялық материалдар Ұлттық геологиялық қызметтің геологиялық қорларында қолжетімді, бірақ олар тегін берілмейді. Геологиялық қорларды күтіп ұстау және оларға қызмет көрсету әдетте мемлекет немесе жер қойнауын пайдаланушылар есебінен жүзеге асырылатын қаржыландыруды талап етеді. Бүгінде геологиялық ақпарат беруге қызмет көрсету жұмыстары үшін әдетте жер қойнауын пайдаланушылар
төлейді.

– Ұлттық геологиялық қызмет туралы толығырақ айтып берсеңізші. Оны құрудың мақсаты қандай?

– Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру мақсатында 2022 жылғы 15 маусымда РГАО «Қазгеоақпарат» ЖШС базасында «Ұлттық геологиялық қызмет» АҚ құрылды. Жұмысымыздың мақсатының бірі – геологиялық ақпаратты сақтап қана қоймай, жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеудің ғылыми негіздемесі үшін бейінді жоғары оқу орындарымен ынтымақтасатын құзыреттілік орталығына айналдыру. Ұлттық геологиялық қызмет ғылыми ұйымдармен және геология комитетімен бірлесіп жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеу бағдарламалары мен стратегияларын әзірлейді деп жоспарланып отыр. Оның кәсібилігі мен дағдыларын арттыру үшін АҚШ, Аустралия, Канада, Ұлыбритания, Францияның геологиялық қызметтері­мен ынтымақтастық жұмыстары жүргізі­ліп жатыр. Осы елдердің тәжірибесін қолдану еліміздің мықты геологиялық қызметін құруға мүмкіндік береді.

– Қызылорда облысының 2019–2022 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуы­ның кешенді жоспарын іске асыру шеңберін­де Аралда сейсмикалық зерттеулер жүр­гізу туралы толығырақ айтсаңыз?

– Арал бассейні шегінде Қызылорда облысының 2019–2022 жылдарға арнал­ған әлеуметтік-экономикалық дамуы­ның кешенді жоспарын іске асыру шең­бе­рінде геофизикалық және геология­лық ізденістерді (2Д сейсмикалық барлау) пайдалана отырып, жер қойна­уын геологиялық зерттеу бойынша жұмыс­тар жүргізіліп жатыр. Зерттеу алаңдары­ның бірі «Западный» 2500 шаршы шақырым аумақты қамтиды.

Сейсмикалық зерттеулер нәтижесінде зерттеу профильдері бойындағы жер қыртысының кесінділерін бейнелей­тін графикалық кескіндер жасалып, геологиялық құрылымдар анықталады және мұнай мен газды қоса алғанда, пайдалы қазбалардың кен орындарын одан әрі барлау және игеру үшін перспективалы учаскелер айқындалады. Бұл нәтижелер геологиялық барлау және тау-кен саласындағы қосымша зерттеулер мен шешімдер қабылдау үшін негіз болып саналады.

– Сіз жер қойнауын геологиялық зерттеуде 1:50 000 масштабқа көшу туралы айттыңыз. 200 000-нан 50 000 масштабқа өтудің қандай әсері болады?

– Картаның масштабы карта­ның әр шаршы сантиметріне қолжетім­ді мәліметтер санына байланысты. Мы­са­лы, 200 000 масштабты картаны жасау үшін деректер шамамен 2 000 метр са­йын, ал 50 000 масштаб үшін 500 метр са­йын таңдалады. Бұл деге­ні­міз 50 000 масштабтағы карталар ауданның геологиялық және құры­лым­дық сипаттамаларын егжей-тегжей көрсетеді және учаскенің әлеуетін дәлірек бағалауға мүмкіндік береді. Соны­мен қатар Қазақстан аумағының 96%-ы геологиялық зерттеуден кейін жа­сал­ған 200 000 масштабты карталар­мен алдын ала қамтылғанын ескеру керек.

– Еліміздің геология саласына инвестиция салуға дайын ірі шетелдік компаниялар бар ма?

– Бүгінгі таңда жер қойнауын пай­далануға жеке инвестициялар өсіп келе жатыр. Бұл бизнестің перспективалы жер қойнауы учаскелерін іздеуге инвестиция салуға үлкен қызығушылығы бар екенін көрсетеді. Мысалы, өткен жылдың тамыз және желтоқсан айларында өткізілген электрондық аукциондарға алғаш рет «Riotinto», «Fortescue», «Kratos Resources», «Cove Capital» сияқты ірі шетелдік компаниялар қатысты. Аталған компаниялар отандық «Қазақмыс», «ERG Exploration», «Қазгеология» сияқты компаниялармен учаскелерді барлау құқығы үшін бәсекелесті.

Елімізде «RioTinto», «Fortescue», «Arras Minerals» (Tech-тің 10% үлесі), «East Star Resources», «Pallas Resources» сияқты шетелдік компаниялар жұмыс істейтінін айта кету керек. Аталған компаниялар барлауға кемінде 41 млрд теңге салуды жоспарлап отыр.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

 Абай Аймағамбет,

«Egemen Qazaqstan»