Пікір • 29 Маусым, 2024

Ақпараттың өзектілігін уақыт айқындайды

97 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақпараттық кеңістіктегі үрдістер туралы сөз қозғағанда, алдымен жасанды интеллект мүмкіндігіне ерекше тоқталамыз. Өйткені технологияның сағат тілімен қарыштап дамуы, журналистердің де кәсіби жүгін арттырды. Мәселен, қазіргі таңда Батыс елдерінде журналистика біртіндеп аналитикалық бағытқа бой алып бара жатыр.

Ақпараттың өзектілігін уақыт айқындайды

Аналитикалық бағыт дегеніміз – әр ақпаратты тыңғылықты зерттеу. Еуропа мемлекеттері, АҚШ сынды дамыған елдерде журналистердің ақпаратты хабар сипатында, жай контексте жеткізу үрдісі жойылды десек болады. Себебі блогерлер, әлеуметтік желі пайдаланушылары оқырманға мұндай типтегі жаңалықты әп сәтте жеткізіп отыр. Негізі журналис­тикада арнайы зерттеу, тергеу бағыты бар. Демек журналистерге жасанды интеллектінің мүмкіндігін сенімді түрде пайдаланып, сараптамалық материалдарды көбірек шығаруға жұмыстану қажет.

Айталық, елімізде заңнамалық база­лардың жинағы бар. Сол деректерден кейінгі жарты жылда не бір жылда қан­дай заңдар немесе нормативтік құжаттар өнді­ріске жіберілгендігін және олардың Пар­ламент тарапынан қабылданып, Пре­зидент қайсысына қол қойғанын, күшіне енгенін сараптап, аналитика жасау­да жасанды интеллектінің мүмкіндігін қол­дануға болады. Қазір редакцияға, одан қал­ды журналистердің жеке поштасына күніне біршама баспасөз релиздері түсіп жатыр. Қауырт жұмыс пен уақыттың ты­ғыз­дығынан маңызды жаңалықтарды жібе­ріп алу ықтималдылығы жоғары. Осы орай­да тақырыптардың ішінен зерттеуге тұра­тын­да­рын таңдап алып, Chat GPT сынды озық сандық бағдарламаларды пайдалану керек.

Бір ескеретін жайт, келген баспасөз релизін бірден сол күйі салу талғамды оқырманға ұнамайды. Одан қалды басқа басылымдар байқаған тұсты сіз елемей қалуыңыз ықтимал. Сондықтан жасанды интеллект көмегін пайдаланып, оқырманға қажетті деген деректерді алып-қосып, тарқатып жазу қажет. Яғни Chat GPT кілт сөздерді көрсетуде, инсайттар алуда, сөз жасамын, сөйлем құрамын өзгертуге сеп болады. Оны әлеуметтік желіге жүктесе де, жақсы қаралым жинайтынына сенім бар.

Әрине, жасанды интеллект мықты әрі сауатты журналистерді алмастырмайды. Десек те ол өте жақсы көмекші бола алады. Сондықтан күйбең тірлікте, қайталана беретін жағдайларда адамды жалықтырмас үшін жұмыстың кей бөлігін жасанды интеллектіге тапсыру қажет. Бұл – заман сұранысы.

 

Тимур БЕКТҰР,

ІТ-сарапшы