Экономика • 29 Маусым, 2024

Индустриялық парктің игілігі

243 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Елордадағы №1 индустриялық парк өндіріс тізбегін құрып, мегаполис экономикасының мүмкіндіктерін ұлғайтуда үлкен мәнге ие болып тұр. Қазір мұнда орналасқан кәсіпорындар жеңілдетілген шарттармен қолдау алып, өндірістік қуатын арттыруға кіріскен. Таяуда Инвестиция комитетінің төрағасы Ғабидолла Оспанқұлов және қалалық Инвестиция және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының бастығы Халел Әкімжановпен бірге кәсіпкерлік нысандарға барып қайтудың сәті түсті.

Индустриялық парктің игілігі

Суреттерді түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Бас-аяғы бар инвестициялық цикл

Әуелі «Бірыңғай шоғырландыру орталығы» ЖШС-ға ат басын тіреген ведомство басшылары зауытты толық аралап көрді. «Универсал» ЖШС компаниялар тобына кіретін аталған серіктестік негізінен полипропилен қаптарын шығарады. Сонымен қатар резеңке және пластмасса бұйымдарын өндіреді. Кәсіпорын жыл сайын 72 млн бақылау-индикатор пломбалары мен өздігінен жабысатын лейблдер және мал шаруашылығында қолданылатын 24 млн дана сырға шығарады. Өзге де өңірлерде крахмал және крахмалдың қантқа айналып үлгермеген түрін өндіретін ірі өндіріс орнын басқарады. Қазіргі уақыт­та Түркістан облысының Шардара қала­сында жүгері дәнін терең өңдеу жобасын жүзеге асырып жатыр. Зауыттың қуаты жылына 150 мың тонна өнімді құрайды.

ш

«Президент тапсырмасына орай жаңа инвестициялық циклді бастадық. Бұл бойынша 2029 жылға дейін 150 млрд доллар инвестиция тартуымыз керек. Оны жылдарға шақсақ 25-27 млн доллардан келеді. Жаңа циклді сапа­лы жүзеге асыру үшін әлемдегі дамы­ған елдердің тәжірибесін зерттеп, соның негізінде нақты пакеттік ұсыным жасадық. Осы­ған сүйенген 68 елшілік әлемдегі озық елдердегі технологиясы өте дамыған компаниялардан инвестиция тартумен шұғылданып жатыр», деді Ғ.Оспанқұлов.

Оның айтуынша, елшіліктерге елдегі қайсы өңірге не қажет екені туралық анық ақпарат қажет. Сондықтан 20 өңірдің бәрінде жергілікті қажеттілікке арнап бағдарлама жасалған. Инвестициялық штабтың тапсырмасына орай Астана қанатқақты қала болып белгіленген.

гг

«Бүгін елордада осы инвестициялық бағдарлама қалай жүзеге асырылып жатқанын көріп отырмыз. Мұндағы негізгі мақсат – қаланың қандай ұтымды тұстары бар екенін, алдағы 5 жылда экономика қай бағытта дамитынын барлау. Оған қажетті инвесторды табуға нақты адрестік тұрғыда елшілікке тапсырыс беріледі. Елшіліктер әлемдегі ең озық технологиясы бар компанияларды та­уып, осы Астанадағы нақты адреске алып келеді», деді комитет төрағасы.

Айтылған жаңа цикл сонда ғана толық орындалып, аяқталған болып саналады. Болашақта осы циклмен ірі инвесторлар елордаға келіп, жаңа типтегі кәсіпорындар ашу арқылы ел экономикасын дамытуға, халықтың әл-ауқатын жақсартуға қызмет етпек.

«Астанада машина жасау мен химия өндірісі және агроөнеркәсіп саласы өзге салалардан ілгері тұр. Қаланың даму қарқыны көңіл қуантады. Халқының да саны 1,4 млн адамға жетті. Елдегі азық-түлік қауіпсіздігі негізінен Астанада іске асырылады», деді комитет басшысы.

 

Тауары сапалы әрі тартымды зауыт

«Бірыңғай шоғырландыру орталығы» компаниясының басқарушы директоры Зәмира Кузиеваның айтуынша, түп тамырын 1996 жылдардан алатын кәсіпорын полипропилен қаптарын шығарумен сол кезден бастап, яғни 30 жылға жуық уақыттан бері айналысады. «Біз қап туралы бәрін білеміз. Сапасын жақсартуды жақсы меңгергенбіз. Қазір қаптың 70-тен астам түрін шығарып жатырмыз», деді ол.

Дегенмен өндірілген өнімді сатуда бірқатар қиындыққа ұрынған көрінеді.

г

«Тауарды қайда, қалай сатамыз деген үлкен сұрақ тұрды. Тауарды сапалы әрі тартымды етіп жасау оңай жұмыс емес. Қаптың сапасы жоғары екенін тұтынушыға дәлелдеуге тұтас ­8 ай уақыт кетті. Әсіресе отандық цемент зауыттарын иландыру тым қиын болды. Шүкір, іске қосылғалы бір жарым жылдай уақыт өтті. Қазір қаптарды тоқтаусыз шығарып жатырмыз. Өйткені жақсы сапаға қолжеткіздік. Нәтижесінде, осы қаптарды Ресей мен Украина толассыз сатып алып жатыр. Бірнеше үлгісін Германияға жібердік. Себебі біз Германияға пломба экспорттаймыз. Шикізатты Атырау облысынан аламыз», деп сөзін жалғады атқарушы директор.

Зауытта мал құлағына тағатын сырға­ның екі түрі шығады екен. Бірі – құлаққа тағылатыны, екіншісі – элек­трондық үлгісі. Әуелгісінің нөмірі, штрихкоды, QR-коды бар. Оған жануар туралы ақпараттар салынған. Ал электронды сырғаның чипі және белгісі бар. Белгі малдан 2 метр әріде тұрып, чипті оқуға мүмкіндік береді. Чипте жануар туралы туғаннан бастап бүгінгі күнге дейінгі мәліметтер түгел жинақталған. Сырға малдың ден­сау­лығына ешқандай зиян келтірмейді, қолайсыздық та тудырмайды. Өйткені ол өте күрделі және сапалы әрі арнайы сертификаты бар материалдан жасалады екен.

«Бір жылда 30-40 млн дана қап шығарамыз. Биыл зауыттың жаңа желісін іске қосамыз. Онда жылына 50-60 млн дана қап жасауға мүмкіндік туындайды. Ал мал құлағына тағатын сырғаларды ай сайын 300-400, пломба құрылғысын 200-300 мың данадан шығарамыз. Зауыт­та 150 адам жұмыс істейді. Негізгі маман­дар мен жұмысшыларды өзіміз оқы­тып, үйретеміз. Аулада жатақхана бар. Сон­дық­тан жұмысшыларды елдің бар­лық өңірінен шақырамыз. Жатақ­ханада жұмыс­шы­лардың жақсы демалуы үшін бар­лық жағ­дай жасалған», дейді кәсіпорын басшысы.

 

Елордалық тауарлар 80-нен астам елге тарайды

Елдегі өндірілген тауарларды экс­портқа шығару бағдарламасы жақсы жұ­мыс істеп тұр. Бұл туралы Х.Әкімжанов әңгі­­ме­леп берді.

«Астанада өндіріліп, өңделген өнімдер 80-нен астам елге таралады. Олардың басында Қытай, Ресей, Өзбекстан, Әзер­байжан, сондай-ақ Еуропа елдері мен АҚШ тұр. Елордада негізінен азық-тү­лік өнімдері шығарылады. Бәрінің са­пасы өте жоғары. Бағасы бәсекеге тиім­ді. Сондықтан Еуропаның көптеген елі біз­дің тауарды алады», деді басқарма бас­шы­сы.

г

Оның сөзіне қарағанда, қазір қалада қойма жетіспейді. Оларды орташа 95 пайыздан есептегенмен, толуы одан әлдеқайда көп көрінеді. Ло­гис­тикалық қойма тапшылығын жою үшін 20-дан астам жоба қолға алынған.

 

№2 индустриялық парк құрылады

Қазір елордада екінші индустриялық парктің жобасы жасалып, құжаттары әзірленіп жатыр екен. Ол туралы комитет төрағасы Ғ.Оспанқұлов айтты.

«№1 индустриялық парктің аумағы 100 пайыз кәсіпорынға толды. Енді Аста­на қаласының бас жоспары бойын­ша №2 ин­дустриялық парк ашылады. Оның тер­риториясы осы паркке жалғасып, ин­фрақұрылымы мейлінше жетілдірі­ле­ді. Арнайы экономикалық аймақ бол­ғандықтан инвесторларға бар­лық артық­шы­лық беріледі. Қазір екінші парктің жо­балық сметасы жасалды. Енді ол тиісті меке­мелердегі тексеруден өтіп, алдағы жыл­дары құрылысы басталады», деді комитет төрағасы.