Қоғам • 03 Шілде, 2024

Мүгедектік кәсіпкерлікке кедергі емес

74 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Елімізде 871 ұйым мүгедектігі бар адамдарға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетеді. Келесі жылдан бастап арнаулы әлеуметтік қызметтерді жан басына қаржыландыру енгізілмек, бұл осы салаға жеке бизнесті тартуға ықпал етеді. Қанатқақты жоба жүзеге асса, арнаулы қызмет көрсететін ұйымдардың желісін кеңейтуге, оларды шалғайдағы елді мекендерге жеткізуге мүмкіндік туады.

Мүгедектік кәсіпкерлікке кедергі емес

Бұл қызметтердің қолжетімділігін арт­ты­руға мүмкіндік беретін арнау­лы әлеу­меттік қызмет көрсету жүйе­сін­дегі алдағы өзгерістер туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау ми­нистрі Светлана Жақыпова Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте тарқатып айтты.

Министр еліміздегі мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсар­ту мәселесіне кеңірек тоқталды. Қазір министрлік сараптама жүргізіп, елдегі мүгедектігі бар азаматтардың тұрғылықты мекені туралы ақпаратты жинап, цифр­лық карта жасамақ. Сондай-ақ оңалту орталықтары жоқ өңірлердегі олқылықтың орнын толтыруды ойластырып отыр.

«Жан басына шаққандағы төлемдерге алдағы жылы 1 қаңтардан бастап көшеміз. Сондықтан әр азаматқа сол қызметті үйдің қасынан көрсетуге тырыса­мыз. Ол үшін әлеуметтік қызмет­кер­­лер­дің арасында оқыту және біліктілігін кө­теру жұ­мыстарын жүргізіп келеміз. Бейне­­с­а­­­­бақ­тар мен дәрістер даярлап, «Skills.enbek»-ке 1 тамыздан бастап енгізуді көздеп отыр­мыз. Қызмет ұсынуға ықыласты азамат­тар­дың арасында белсенділер болса, оқы­ту жұмысына тартып, тәжірибе алмасудың мүмкіндігі туады», деді министр.

Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамту шараларын қолға алу жос­парда бар. Министрдің айтуынша, жылына өңірлік квотаның арқасында 7-8 мың азамат қана екі қолға бір күрек тауып отыр. Ал квотаны алып тастау арқылы мүгедектігі бар азаматтарды зиянды жұмыс орындарынан басқа барлық мекемеге жұмысқа орналастыруға мүмкіндік туады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мүгедектігі бар 725 мыңнан астам адамға қолдау көрсетіп келеді. Олардың арасында жұмысқа қабілеті бар 420 мың азамат болса, мүгедектігі бар балалар саны 109 мыңнан асады. Ерекше қажеттіліктері бар жандар үшін оларды оқшаулау, кемсітушілік, инфрақұрылымның жеткіліксіздігі, еңбек нарығындағы тең емес мүмкіндіктер, әлеуметтік қызметтер сапасының төмендігі және басқа да мәселелер қоғамда әлі де өзекті. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова ОКҚ алаңында түйткілдің түйінін оңтайлы шешу үшін ведомство жүйелі түрде дәйекті шешімдер қабылдағанын жеткізді.

Елімізде 2025 жылға дейін мүгедектігі бар адамдар құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі ұлттық жоспар іске асырылып келеді.

«2023 жылы «Мүгедектердің құқықтары туралы» конвенцияға факультативтік хаттама ратификацияланды. Әлеуметтік кодекс шеңберінде мүгедектігі бар адамдар әлеуметтік қорғаудың көпдеңгейлі жүйесі енгізілді. Оның ішінде мемлекеттік көмек және жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдер түріндегі қолдау, әлеуметтік оңалту шеңберінде ағзаның жоғалған функцияларын өтеу, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету, жұмысқа орналастыру, сондай-ақ республикада мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қамтамасыз етудің 3 деңгейлі жүйесі қалыптасты», деді спикер.

1 деңгей – базалық. Мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы. Оның мөлшері мүгедектігінің тобына және себебіне, тиісті қаржы жылына арналған «Республикалық бюджет туралы» заңда белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейіне байланысты болады. Күнкөріс деңгейінің өсуіне қарай жәрдемақы да жыл сайын инфляцияның құбылуына сай көтеріледі.

2024 жылғы 1 қаңтардан бастап жәрдем­ақы мөлшері 7%-ға өсті. Мысалы, жалпы аурудан мүгедектігі бар адамдар үшін жәрдемақы мөлшері өткен жылмен салыс­тырғанда бірінші топ үшін – 89,2 мың теңгеден 95,5 мың теңгеге дейін; екінші топ үшін – 71,4 мың теңгеден 76,4 мың теңгеге дейін; үшінші топ үшін – 48,7 мың теңгеден 52 мың теңгеге дейін өсті. 2024 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша жәрдемақы алушылардың саны 541,8 мың адам, ал олардың алатын орташа жәрдемақы мөлшері – 74 мың теңге. Кейінгі 6 жылда мүгедектігі бойынша жәрдемақының орташа мөлшері 2,3 есеге артқан.

«Екінші деңгей бойынша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдер төленеді. Олардың мөлшері қызметкердің табысына, жалпы еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесіне және міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйе­сіне қатысу өтіліне тікелей байланысты. Үкі­мет­тің шешімдеріне сәйкес МӘСҚ-тан төле­нетін әлеуметтік төлемдер мөлшері жыл са­йын инфляция деңгейіне байланыс­ты өсіп, 2024 жылы 7%-ға артты. Осы жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша 93,7 мың адам еңбекке қабілеттілігінен айырылу бойын­ша әлеуметтік төлемдерді алды, орташа мөлшері 57 мың теңгеден асады», деді министр.

Үшінші деңгей – егер еңбек ету қабілетінен айырылу жұмыс барысындағы мертігуімен немесе сырқатқа шалдығуымен байланыс­ты болса және зардап шеккен қызметкердің пайдасына жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шарты жасалса, сақтандыру ұйымынан сақтандыру төлемдері аударылады.

Қазақстанда мүгедектігі бар адамдар үшін 35 оңалту орталығы жұмыс істейді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2025 жылға дейін ересектер мен балаларға арналған тағы 12 оңалту орталығын салу жұмыстары қолға алынды. Орталықтар Семей және Тараз қалаларында ашылған. Биыл Кентау және Ақтөбе қалаларында орталықтардың құрылысы аяқталып, пайдалануға берілмек. Сонымен қатар алты өңірінде аутизм спектрі бұзылған және басқа да менталдық бұзушылығы бар балаларға (Шығыс Қазақстан, Павлодар, Жетісу, Жамбыл, Қостанай облыс­тары, Шымкент қаласы) арналған күндізгі қабылдау орталықтары жұмыс істейді. Бірінші топтағы мүгедектігі бар 29 мыңнан астам адамға жеке көмекшілердің, 8 мыңнан астам мүгедектігі бар адамға ымдау тілі маманының қызметтері ұсынылады. 147 инва такси қызметі жұмыс істейді, олардың қызметтерін 25 мыңға жуық адам пайдаланады.

Мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамту үш бағытта жүзеге асырылып отыр. Біріншісі – ауыр жұмыстардағы, еңбек жағдайлары зиянды, қауіпті жұмыстардағы жұмыс орындарын есепке алмағанда, жұмыс орындары санының 2-ден 4%-ға дейінгі мөлшердегі жұмыс орындарына квота бөлу. 2023 жылы 8 мыңға жуық мүгедектігі бар адам жұмысқа орналастырылды. 2024 жылдың бірінші тоқсанындағы қорытынды бойынша 4 мың адам жұмысқа қабылданған. Екіншісі – жұмыс берушілерге арнайы жұмыс орындарын жабдықтау бойынша жабдықтарды сатып алу, монтаждау және орнату шығындарын өтеу үшін субсидия беру. Осы жоба шеңберінде жұмысқа орналастырылған мүгедектігі бар адамдардың жалақысы үш жыл бойы субсидияланады. 2018 жылдан бастап субсидиялау аясында 600-ден астам жұмыс орны ұйымдастырылды.

Үшіншісі – мүгедектігі бар адамдарды кәсіптік оқытуды, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытуды, бос жұмыс орындарына және субсидияланатын жұмыс орындарына жұмысқа орналастыруды көздейтін жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тарту. Жыл басынан бері аталған шаралармен 11,6 мың мүгедектігі бар адам қамтылды, оның ішінде 8,3 мың адам жұмысқа орналастырылды, 1,8 мың адам тұрақты жұмыспен қамтылды.

Бұдан басқа 2023 жылдан бастап халық­тың әлеуметтік осал топтарына бизнесті дамытуға 400 АЕК-ке дейінгі мөлшерде гранттар беріледі. Қазіргі уақытта 702 мүгедектігі бар адам осындай қолдауға ие болғанын жеткізді спикер.

2023 жылғы 1 шілдеде Әлеуметтік кодекстің қабылдануына орай елімізде мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету және әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы заңнаманың сақталуын бақылауды жүзеге асыру құзыретіне кіретін мемлекеттік әлеуметтік қорғау инспекторлары институты енгізілді. Өткен жылы әлеуметтік инспекторлар барлығы 1 127 тексеру жүргізсе, биыл 1 396 тексеруді жүзеге асырған. Сала басшысы өңірлердегі әлеуметтік инспекторлар мүгедектігі бар адамдардың заңды құқықтарын қамтамасыз ету үшін әлеуметтік инфрақұрылым объектілерінде бейімдеу іс-шараларын жүргізудің нәтижелі болғанын жеткізді.