Президент • 03 Шілде, 2024

Мемлекет басшысы БҰҰ Бас хатшысымен келіссөз жүргізді

135 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кездесуде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ саммитіне қатысуға шақыруын қабыл алғаны үшін БҰҰ Бас хатшысына алғыс айтты, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы БҰҰ Бас хатшысымен келіссөз жүргізді

Фото: Ақорда

 

1

Қасым-Жомарт Тоқаев Антониу Гутерриштің сапары Қазақстан мен БҰҰ арасындағы жан-жақты ынтымақтастықты нығайтуға зор мүмкіндік беретінін атап өтті.

«Сіздің Астанаға сапарыңыз және ШЫҰ саммитіне қатысуыңыз Қазақстан мен БҰҰ арасындағы тығыз қарым-қатынастың жарқын белгісі саналады. Бұл біздің БҰҰ қызметіне атсалысып жатқанымызды көрсетеді. Қазіргі күрделі жағдайда Қазақстан және мен де Мемлекет басшысы ретінде БҰҰ-ның жұмысын жан-жақты қолдаймыз», деді Президент.

Антониу Гутерриш өзінің сапарын БҰҰ-ның Қазақстанға және оның ШЫҰ төрағалығына көрсеткен қолдауы мен тілеулестігінің көрінісі ретінде қарастыратынын мәлімдеді.

«Қазақстан бейбітшілік жолындағы күрестің жарқын үлгісін көрсетіп келеді. Сіздің еліңіз бірігу ісінде дәнекер, соның ішінде өте күрделі жағдайларда әрқашан алтын көпір, бейбітшіліктің елшісі болды. Астана көптеген бітімгерлік бастамалардың, соның ішінде Сирия бойынша Астана процесінің орталығына айналды. Астана әрдайым бейбітшілік алаңы болды. Қазақстанның беделі зор. Сіздер ядролық қарусыздану саласында көшбасшы елсіздер және басқа да көптеген салада бейбітшілікке бейілді екендеріңізді танытып келесіздер», деді Антониу Гутерриш.

БҰҰ Бас хатшысы Астананың Шанхай ынтымақтастық ұйымына төрағалығын жоғары бағалады. Антониу Гутерриш Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан ауқымды саяси және экономикалық реформаларды қолдайтынын, еліміздің жаһандық қауіпсіздік пен бейбітшілікті қамтамасыз ету ісінде маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

Сонымен қатар кездесуде Орталық Азия мемлекеттері арасындағы аймақтағы кооперацияны нығайту мәселелеріне ерекше назар аударылды. БҰҰ Бас хатшысы өңірдегі экономикалық интеграция үдерісіне жоғары баға беріп, оның жаһандық мәселелерді шешудегі әлеуеті зор екеніне тоқталды.

Бұдан бөлек, Қазақстан мен БҰҰ арасындағы көпжақты ынтымақтастықтың басым бағыттары, сондай-ақ халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер талқыланды.